«Қимайтын сәт қайта айналып келмейді»

«Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен озаттар слеті мен түлектерге аттестат тапсыруға арналған мәдени-сазды бағдарлама осылай аталады.

Жалпы аудан бойынша 228 мектеп бітіруші түлек орта білім алғандықтары жөнінде аттестат алса, оның ішінде тоғыз оқушы «Алтын белгіге», екі оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. Оқу жылы ішінде аудан мектептері бойынша қырықтан астам талантты оқушылар түрлі ғылыми жобаларға, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысып, байрақты бәсекелерде топ жарды. Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде биылғы мектеп бітіруші түлектерге салтанатты жағдайда аттестат табыстау, сондай-ақ өз мектебін аудан, облыс, республика көлемінде танытуда өз үлестерін қосып жүрген білімді де дарынды, өнерлі де талантты шәкірттерді қолдау, марапаттау мақсатында ұйымдастырылған «Ел жүрегі-Астана!» атты аудандық озаттар слеті буырқанған рухты оятар асқақ сөздермен басталып, шараның қаншалықты маңызды екендігін еске салғандай бірден жиналған жұртшылықты өзіне баурап алды. -Күллі мұсылман қауымның ұлық мерекесі-ораза айтпен тұспа-тұс келген осынау көңіл толқытар мерейлі сәтте өздеріңмен жүздесіп, бір ауыз жылы лебіз білдіргенді жөн көрдім. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» дегендей, білім бәсекесінде биіктен көріне беріңдер,-деп түлектерге ақ жол тілеген аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерін марапаттады.

Бұдан соң Қазақстан Республикасының халық әртісі, дәулескер күйші, даңқты жерлесіміз марқұм Қаршыға Ахмедияровтың зайыбы Нұрбике апай сахна төріне көтерілді. Ол өткен жылы Таңдай орта мектебіне Қаршыға Ахмедияров есімі берілгендігіне ризашылығын білдіріп, Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектебінің «Алтын белгі» иегері Ғизатолла Айданаға өз атынан жүз мың теңге шәкіртақысын ұсынды. Қ.Ахмедияров атындағы арнаулы шәкіртақы осы мектеп бойынша «Алтын белгі» иелеріне жыл сайын табысталатынын айтты. Қазақы қонақжайлық дәстүрмен аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы Нұрбике апайдың иығына камзол іліп, гүл шоғын ұсынды. «Жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар» танылған озаттардың құрметіне Е.Ағелеуов атындағы орта мектебінің «Шаттық» балалар ансамблі «Мәңгілік Ел» әнін шарықтата шырқады. Келесі кезекте сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Ахметова кәсіби шеберлігімен танылған ұстаздарды, облыстық, республикалық пәндік олимпиаданың және түрлі байқаулардың жеңімпаздарын, марапаттады. Бұдан соң кезекпе-кезек сахна төріне көтерілген Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің директоры Некесов Ғалымжан Исламұлы, Оңай Шонаев атындағы орта мектебінің директоры Сұлтанғалиева Айгүл Бердешқызы, Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Идркенова Талшын Ғабитқызы өз қолдарынан мектеп бітіруші түлектеріне салтанатты жағдайда аттестаттарын табыстады. Мектеп өнерпаздары өздерінің сазды сәлемдерін жолдады.

Келесі кезекте сөз алған ауданымыздың Құрметті азаматы Ұзақбай Төлегенұлы:

-Сіздердің ұшқыр қиялдарың аспанды самғап жүр, бірақ тап осы бүгінгі мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алған қимас сәт қайтып айналып келмейтінін шын сезінбей тұрған боларсыңдар. Бірақ бір күндері балғын, балауса шақтарың өткен ұшқан ұяларыңды сағынасыңдар әлі,-деп тілегін білдірді. Балалық бал дәурен шақты артқа салып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған шәкірттер атынан сөз кезегі «Алтын белгі» иегері, республикалық пәндік олимпиадада жүлделі І орынды иеленген Қосарал орта мектебінің оқушысы Қуанышова Құралайға жолданды. Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясы, Замзам Ещанова атындағы өнер мектебінің вокал класының оқушысы Айтмағамбетова Диананың орындауындағы «Прекрасное далеко» әні жүректің нәзік қылын шертіп, сағым жылдардың сағыныш саздары жүректі шым еткізді.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT