Алға орта мектебінің «Сәлем саған, алтын ұя мектебім!» атты алғашқы қоңырау жиыны Әнұранмен салтанатты жағдайда ашылды.
Оған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары А.Шарғабаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері И.Алмурзина, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы О.Нұртасұлы, ауыл әкімі Ғ.Абдешев, ардагер-ұстаздар қатысты. Мектеп директоры Нұргүл Смағұлқызы оқушылар мен ұстаздарды білім күнімен құттықтап, биылғы жылы мектеп табалдырығын 52 бүлдіршін аттап отырғанын айтып, қашанда табыстар биігінен көрінуге тілектестік білдірді.
Оқушыларды білім күнімен облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ақбөбек Сырғабайқызы да құттықтап, жаңа білім баспалдақтарын игеруге шақырды. Мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салып, биден шашу шашты. Міне, көптен күткен сәт те келіп жетіп, жез қоңырау күмбір қақты. Алғашқы қоңырау соғу құрметіне 1 сынып оқушылары Нар- тай Ғаниұлы мен Айзере Русланова ие болды. Одан әрі оқушылар өз сыныптарына кіріп, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі шеңберінде өткізілетін «Мен өз Отанымның патриотымын» алғашқы білім сабағына қатысты.
А.ТЕКЕБАЙ.