Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебі базасында «Оқу мен оқытуға жаңа тәсілдер енгізу аясында заманауи мұғалімнің педагогикалық шеберлігін дамыту» атты аудандық семинар өткен-ді. Оған аудан мектептерінің география пәні мұғалімдері қатысты.
Бұл семинар тұлға қалыптастыруда бірлескен қолайлы білім алу ортасын ұйымдастыруды іске асыру және тәжірибе алмасу мақсатын көздеді. Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің мұғалімі А.Жұмағұлова 11 сыныпта «Бразилия» тақырыбында ашық сабағын берді. Бразилия мемлекетінің қалыптасуы мен табиғаты, халқы, мәдениеті, өнеркәсібі, шаруашылығы туралы үш топ слайдтан көрсете отырып, баяндады. Сонымен қатар осы мектептің мұғалімі А.Жаманбалиева «Батыс Сібір жазығы» ашық сабағы да мазмұндылығымен есте қалды. Онда Батыс Сібірдің географиялық орны, жер бедері, геологиялық құрылысы, пайдалы қазбалары, климаты, өзендері мен көлдері, табиғат зоналары, өсімдіктері мен жануарларының ерекшеліктерімен танысты.
Сондай-ақ Алмалы орта мектебінің мұғалімі Ж.Галиеваның «Өз өлкесінің ауа райы жайлы материалдарды өңдеу және талдау» ашық сабағы да атап өтуге тұрарлық. Ал Алмалы орта мектебінің мұғалімі Ж.Галиева «Өз өлкесінің ауа райы жайлы материалдарды өңдеу және талдау» ашық сабағын сарамандық жұмыс деңгейінде өткізді.
Береке орта мектебінің мұғалімі А.Құлбаев «Ұлтаралық және дінаралық келісім» ашық сабағында дүние жүзінің тарихи-мәдени аймақтарын картадан көрсетіп, «Фотосуреттер сөйлейді» бөлімінде жаңа сабақты түсіндірді. Ақтоғай орта мектебінің мұғалімі З.Қожырақованың «ҰБТ-ге дайындық, талап, әдістер мен әдістемелік ұсынымдар» коучингі ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде кездесетін кедергілер мен одан шығу жолдарына арналды.
Түстен кейін Д.Төленов атындағы мектеп-гимназия мұғалімі А.Мұқашева «Қазақстан және рухани жаңғыру» дөңгелек үстелін өткізді. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын сөз етіп, қатысушылар «Атамекен», «Туған жер» топтарына бөлінді. Қатысушылар Елбасының ұлттық сана, ұлттық код, «Туған жер» бағдарламасының орындалысы туралы слайдтан көрсете отырып, тың ой-орамдарымен бөлісті.
Семинар барысында Чкалов атындағы орта мектептің мұғалімі Н.Багитованың «География пәнінен оқушы белсенділігі мен шығармашылығын арттыру» шеберлік сыныбын, О.Шонаев орта мектебінің мұғалімі А.Төретаеваның «Дүниежүзлік шаруашылықтың бір саласына сипаттама беру» атты панорамалық сабағын, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің мұғалімі Д.Сапарованың «Сыйлайық жүрек жылуын» тренингін де ерекше атап өткен дұрыс.
А.ТЕКЕБАЙ.