БІЛІМ САЛАСЫ БАҚЫЛАУДА
2016-2017 оқу жылында елімізде білім беру саласы бойынша өзекті 12 мәселе кеңінен қаралған болатын.
Атап айтар болсақ, орта білімнің жаңартылған мазмұнға көшуі, мектептегі алты күндік оқу аптасының бес күндік оқу аптасына ауысуы, 12 жылдық білім беру жүйесін ендіру арқылы оқу жүктемесін азайту, орыс тілінде білім беретін мектептерде қазақ тілін жаңаша оқыту әдістемесін енгізу, 2019 жылдан бастап жоғарғы сыныптарда пәндерді ағылшын тілінде оқыту, оқу бейнематералдары, шағын жинақты мектептермен жұмыс, ҰБТ-егі өзгерістер, мұғалімдер жүктемесі және мектептердегі қағазбастылықты азайтып, сапаға бет бұру, мұғалімдермен тікелей байланыстарды жолға қою. ХХІ ғасырда бәсекеге қабілетті, еңбек нарығындағы сұранысқа ие болу үшін жоғарыдағы айтылған мәселелерді сапалы орындау заман талабы болып отыр.
Жас ұрпаққа сапалы білім беру сол елдің келешегінің кепілі екені ақиқат. Өйткені, экономиканы дамытатын білікті маманы болмаса, ол елдің болашағы да бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Сондықтан білім саласын көтеру қашанда да бірінші орындағы мәселе болуы керек. Осындай ұстанымды ұстанатын аудан басшысы Сырым Мұратұлы басшылық жұмысына кіріскен алғашқы күнінен бастап білім саласын бақылауда ұстап келеді. Бұған дейін екі рет мектеп басшылары мен әдіскерлерді аудандық әкімдіктің мәжіліс залына жинап, қиындықтарын тыңдап, тапсырмаларын берген аудан басшысы бұл жолы ауданға қарасты мектептерді арнайы аралап, ұстаздармен кездесті.
БАСТАУЫШ— БІЛІМНІҢ ІРГЕТАСЫ
Білім ұяларындағы кездесуде аудан басшысы егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдағы – бастауыш сыныптан басталатынына баса мән берді.
- Бастауыш саты – білім, дағды, іскерліктің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Келешекте жалпы білім алу мен кез келген арнаулы мамандықтарға талпынудың іргетасы осы бастауышта қаланбақ. Бастауыш баланың рухани күш-қуаты мен ерік-жігерінің, шығармашылық қабілетінің,жалпы мүмкіндіктерінің ашылатын кезеңі. Сондықтан бастауышқа сабақ беретін мұғалімнің жоғары санатты, білімді де білікті, жан-жақты маман болуы міндетті. Бір-бір үйдің еркесін бағындырып, әр баладан жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз етіп, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру тек мықты ұстаздың ғана қолынан келеді. Өз мамандығын жаны сүйетін, жұмысына жан тәнімен берілген ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алады. Бастауыш сыныптың ұстаздары алаңсыз еңбек етуі үшін оларға барлық жағдай жасалуы керек.
МАТЕМАТИКА — БАР ҒЫЛЫМНЫҢ АТАСЫ
- Ал, жоғарғы сынып оқушыларына сабақ беретін мұғалімдерінің алдында жан-жақты дамыған, терең білім негіздерін қалыптастырған ақпараттық қоғамда өмір сүруге бейім жеке тұлғаларды тәрбиелеп шығару талабы тұр. Жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын пәндер ішінен оқушының танымдық, шығармашылық, ойлау қабілеттерін дамытуда математика пәні жетекші орын алады. Сондықтан математика пәнінен білім негіздерін беретін педагог мамандар білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл Елбасы Жолдауындағы маңызды басымдықтың бірі. Өйткені, математика – бар ғылымның атасы десек, жаратылыстану ғылымдары жаңалық атаулының жаршысы екені анық. Демек, Елбасының тапсырмасын сапалы орындауда аталған пән мұғалімдеріне артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Математикадан сабақ беретін мұғалімдер міндетті түрде жоғары санатты болуы тиіс. Мектеп басшылығы осыған жете мән бергені жөн. Әрі бұл пәннен сабақ беретін мұғалімдердің жүктемелері көп болмағаны дұрыс. Мұғалімнің оқушыға көңіл бөлетін уақыты мол болуы керек. Бұл жерде өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай алып шығатын шеберлік керек.
Америка сияқты алпауыт елдерде жастар математика пәнін оқымайды. Өйткені, қызығушылық жоқ. Математиканы оқыту жүйесі жалықтырып жіберген. Олардағы маман тапшылығын ТМД-елдерінен барған математиктер толықтыруда. Сондықтан математиканы қызықты қылып өткізіп, балалардың осы пәнге деген сүйіспеншілігін оята білу мұғалімнің біліктілігіне байланысты. Жоғары сынып оқушыларын осы пәнге баулып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдауына ықпал жасау керек. Мұндай ауданымызда тапшы мамандықты таңдаған түлектерді бюджет жанынан оқытуға дайынбыз.
ТҮЛЕКТЕРДІҢ СЫНАЛАР ШАҒЫ ТАЯДЫ
Бүгін мектеп партасында отырған оқушы – ертеңгі ел азаматы. Түлектердің білімін саралап, келешекке жолдама беретін тетік – Ұлттық Бірыңғай Тесті. Биылғы мектеп бітірушілердің де осы сынақта сыналар уақыты таяп қалды.
- Мектептегі ҰБТ-ге даярлық – науқандық жұмыс емес екенін өздеріңізде білесіздер. ҰБТ-ге оқу жылы басталған сәттен басталатын жоспарлы жұмыстардың жалғасы деп қарау керек. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін мектеп пен ата-аналар, пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері тығыз ынтымақтаса күш біріктіре отырып еңбектену қажет.
Биыл аудан бойынша 9 Алтын белгі, 2 үздік аттестатқа үміткер бар. Осы оқушылар өздерінің деңгейін ұстап қалу үшін бар күшімізді салуға тиіспіз. Қазіргі сынама тестілердің көрсетіп отырған қорытындысы, нағыз сынаққа барған кезде басқаша болмауы керек. Бұл орайда мектеп психологтарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Психологтер бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық кезеңінде оқушылардың мінез-құлқының қалыптасуына, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі бақылау дағдысын, өзіне сенімділігін арттыру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл жұмыстар оқушылардың тестілеуге барар алдындағы психологиялық ахуалын қалыптастырады. Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» деп Елбасы айтқандай, бүгінгі бітіруші – талапкерлерге қойылатын талап та жоғары. Білімнің биік шыңына жету үшін қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындық қажет екенін оқушы да, ұстаз да, ата-ана да түсінуі қажет.
ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДЫҢ ПАЙДАСЫ ЗОР
Қазіргідей ғылым мен техниканың күн өткен сайын жедел дамып келе жатқан заманында ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, оқушының талантын дамытуды жүзеге асыратын мекеме — мектеп. Олай болса, мектеп директорынан бастап, оның орынбасарлары, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері бәрі де бір орында тұрып қалмай, үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Жаңартылған білім беру мазмұны да мұғалімдерден үздіксіз шығармашылық ізденісті талап етіп отыр. Директорлардың өздері белгілі бір мерзім сайын біліктіліктерін арттыру курстарынан өтіп тұруы қажет. Оқу ісі жөніндегі орынбасарлар мектептегі барлық процеске жауапты тұлғалар. Сондықтан олардың өздері міндетті түрде жоғары санатты болуы тиіс. Мұғалімдерді деңгейлік оқуларға, өзге қалалардағы, көршілес аудандардағы мектептерге тәжірибе алмасу үшін жіберіп тұрудың маңызы зор. Ресей, Болгария, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді білім жүйесі қалыптасқан елдерге семинарларға барғысы келетін мұғалімдерге қашанда қолдау көрсетеміз.
Миллят БЕКИМОВА, аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі:
-Егемен еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты білім саласына да түбегейлі өзгерістер енгізе отырып, жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінгі таңдағы білім берудің жаңа жүйесі бәсекелестікке қабілетті, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеп шығаруды көздейді. Бұл ұстаздар қауымы, әрқашан білімін жетілдіріп, шығармашылық ізденісте болуы керектігін көрсетеді. Жаңартылған білім мазмұнының ерекшелігі бұрын бала баға үшін оқитын болса, қазір оқушыға баға қойылмайды. Әрине, басында жаңа жүйеге мұғалімдер де, ұстаздар да, ата-аналар да үйрене алмай, тосырқады. Бірақ уақыт өте келе жаңа жүйенің тиімділігі көрінді. Себебі бала ендігі жерде баға үшін емес, білім алу үшін оқуы қажеттігін ұғынды.
Бибігүл СӘРЕСҚЫЗЫ, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері:
-Бүгінгі мұғалім мектеп оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, оларды халықтық педагогиканың нәрлі қайнарымен сусындатуға, әрбір оқушы бойында ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс. Алдыңғы қатарлы тәжірибені жетілдіре отырып, оқу үрдісіне жаңа әдіс-тәсілдерді, оқытудың жаңа технологияларын енгізіп, оқушылардың жалпы дамуын қамтамасыз етуі керек. Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысады. Осы орайда өзін-өзі тану пәнінің маңызы зор. Әр мектептің тәрбиесі, сырттан келген адамға балаларының амандасуынан басталады. Өкінішке орай, бүгінде бетіңе тіке қарап, өте шығатын ұрпақ өсіп келе жатыр. Менің ойымша өзін-өзі тану пәнін оқыту курстарына барлық пәннің мұғалімдері оқып келуі керек. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі баланың жан дүниесіне жол таба отырып, сабағын түсіндірсе, бұл бала үшін де, мұғалім үшін де жеңіл болары сөзсіз.
Роза ТАҢАТАРОВА, О.Шонаев орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
-О.Шонаев атындағы орта мектеп талай түлектерді ұядан ұшырған қарашаңырақ. Бұл мектепте бұрын орыс және қазақ сыныптары аралас болды. Қазір орыс сыныбында тек төменгі сыныптарды ғана оқытамыз. Өйткені, бір жылдары аудан бойынша тек бір мектеп ғана аралас болады деген тәртіп шықты да, жоғары сынып оқушылары Е.Ағелеуов орта мектебіне барып оқитын болды. Бұған кезінде ұстаздар да, ата-аналар да, оқушылар да қарсылық танытты. Бірақ біздің қарсылығымыз қабылданбады. Қарсы болған себебіміз біріншіден, балалар үшін қатынас жолы алыс. Екіншіден, бала үйреніп қалған мектебінен басқа жерге ауысқан соң мінез-құлқында өзгеріс пайда болады. Үшіншіден, біздің орыс бастауыш сынып мұғалімдері өте білікті мамандар және үнемі жоғары сапа беріп отырады. Өзіміз баптап, үйретіп, білім нәрімен сусындатып, алтын белгіге дайындап жүрген балаларымыздың өзге мектепке кететіні әділетсіз деп ойлаймыз. Балаларымызды өзімізде қалдыратын мүмкіндік болса, жақсы болар еді.
Меңсұлу ЖҰМАБАЕВА, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің мұғалімі:
-Мемлекетіміздегі білім беруді әлемдік деңгейге жеткізу барысында білім беру саласында Кембридж тәсілдері енгізіліп, педагог қызметкерлер осы бағытта өз білімдерін көтеру курстарынан өтуде. Осы орайда мен де екінші деңгейлік курсынан өттім. Осы курстан өту барысында өзімнің көп нәрсені әлі күнге білмейтінімді байқадым. Жаңа бір тынысым ашылғандай әсер алдым. Біраз нәрсені үйрендім. Бұл бағдарламаның басым бөлігінде, түрлі әдіс-тәсілдерді қарастырғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздері қамтылған. Бұл оқытудың басты бағыты – оқушының ойлауын дамыту. Оқушы өзіндегі бар білімді түрлі дерек көздері арқылы мұғалімнен, достарынан, оқулықтан алған білімдермен толықтырып, біріктіріп, оны іске асырады. Сындарлы оқытудың мақсаты – оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыта отырып, алған білімдерін кез келген жағдайда сыныптан тыс жерде тиімді пайдалана білуін қамтамасыз етеді. Сыни тұрғыдан ойланған оқушы өз ойын дұрыс түсіндіре алады және жауап беруге үйренеді. Осының нәтижесінде оқушы пәнді терең түсінетін болады. Оқушылар жұппен, топпен біріге отырып, жұмыс жасауға дағдыланып, пәнге деген қызығушылықтары артады. Сөйтіп, оқушы бойында ынтымақтастық, мейірімділік, шыдамдылық, ұжымдық жауапкершілік қасиеттері дамиды. Осы бағдарламада жеті түрлі модуль іске асырылады. Бұдан ұтарымыз көп. Әр мұғалім – өз сабағының көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүремін десе де өз қолында. Ал көшті дұрыс бағыттай білу – мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Осындай екінші, бірінші деңгейлі курстарға мектебімізден мұғалімдер көптеп жіберілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, оқушыға жаңа форматта білім беруі үшін мұндай деңгейлік курстардың мұғалімге берері өте көп.
ТҮЙІН
Ұстаздармен кездесу барысында аудан әкімі Сырым Мұратұлы осындай келелі ойларымен бөлісіп, аудан мектептерінің көрсеткіштері бойынша арнайы рейтинг жасап, әр бағытта талдау жүргізді. Еркін форматтағы пікір алмасу барысында әдіскерлер мен ұстаздар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Бүгінгі ұстаздар алдындағы басты міндет - ғылым мен техниканы дамытуға қабілетті, білімі терең, іскер және озық ойлы, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет ету үшін мектеп директорлары өзі басқаратын мектепте, өзіндік бағдарлама даярлап, жұмысты ұйымдастыра білуі керек. Директор мен ұжым ынтымақты болса, алынбайтын қамал жоқ. Ұстаздар үздіксіз ізденісте болып, кәсіби біліктілігін арттырып отыруы тиіс. Бұған қоса ата-аналар да мектеппен тығыз байланыс жасап, балаларының болашағы үшін бірлесе еңбектенуі керек. Жиыннан түйілген оймақтай ой осындай.
Баян СҮЙЕУОВА.