Мектептегі білім мен тәрбиенің іргетасы бастауыш сыныпта қаланады. Бастауыш сынып мұғалімі – пән оқытушысы ғана емес, ол – бағбан, баланың болашағына бағыт беруші, бала бойындағы қабілетінің көзін ашушы, қорғанышы деуге болады. Талдыкөл орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Зәуреш Кабипова, 32 жылдан бері табан аудармастан бір орында бала жанының бағбаны қызметін атқарып келеді.
Зәуреш Мусиқызы – Сарайшық ауылының тумасы. Ата-анасынан ерте айырылған жас қыз алғашында оқуға түсе алмай туған ауылындағы «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші қызыметін атқарады. Бала күнінен мұғалім болуды армандаған қайсар қыз, еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында 1984 жылы Гурьев педагогикалық училищесіне оқуға түсіп,1987 жылы аталған оқу орнын «Үздік белгімен» аяқтайды. Сол жылы алғашқы еңбек жолын Бесікті орталау мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастап,1991 жылға дейін сол мектепте қызмет атқарады.1991 жылдан бүгінгі күнге дейін Талдыкөл орта мектебінде еңбек етіп келеді. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 42 жыл.
– Өзім бастауышта оқып жүргенде, өзімнің алғашқы ұстазым Ағибаш Бисалиеваны қатты жақсы көрдім. Жоғары сыныпта бізге математикадан сабақ берген Алмажай Мастекова апайыма қатты еліктейтінмін. Барлық жағынан сол кісіге ұқсауға тырысатынмын. Осы ұстаздарым менің мұғалім мамандығын таңдауыма ықпал етті. Бастауыш сынып мұғалімінің алдына жан дүниесі кірленбеген, періштедей пәк бүлдіршіндер келеді. Ұстаз олардың барлығын бірдей жақсы көріп, мейірімін төге білуі керек. Бала ұстазының өзіне деген шексіз мейірімін сезінгенде ғана оқуға деген құштарлығы артады. Бастауыш мектеп – баланы оқуға үйрету мен тәрбиелеу, оның тұлға ретінде өзін-өзі ашуға, жалпы дамуының қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Бастауышта баланың алғашқы дүниетанымы, білімі, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан бастауыш мұғаліміне қойылар талап пен жауапкершілік те салмақты. Ол үшін мұғалім өз бетімен білімін жетілдіре алатын, шығармашылық, сыни ойлауы қалыптасқан, қалыптан тыс кәсіби міндеттерін шешуде жаңаша жол табуға дағдыланған маман болуы қажет. Мен өзімді балаларға бар жылуын арнаған ұстазбын деп айта аламын. Мамандығымды қатты жақсы көретінім соншалық, үш ай жазғы демалыста алғашқы қоңырауды асыға күтемін,- дейді Зәуреш апай.
Мамандығын мақтанышына айналдырған ұстаздың еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің, аудан әкімінің, Атырау облыстық Әдістемелік кабинеттің, Білім беру басқармасының, «Аманат» партиясының Алғыс хаттарына ие болған. Соныман қатар әдебиеттік оқу пәні ашық сабақ материалы, «Сырсандық» үйірмесі бағдарламасы Республикалық «Қазақстанның білім және ғылым әлемі» басылымына, В.Сухомлинскийдің «Ақ шаш» тақырыбындағы сабағы Республикалық ғылыми-әдістемелік «Жарқын болашақ»журналына жарияланғаны үшін «Құрмет грамотасын» алған.
– Мұғалім мәртебесінің құлдырауының басты себебі ұстаз бен оқушының арасындағы қарым-қатынастың белгілі деңгейде болмауы, мұғалімдерге қоғамдық жұмыстардың көбірек жүктелуі, қағазбастылықтың кесірінен балаға жеткілікті көңіл бөле алмауы болды. «Ұлт болашағы оқушыға білім беретін ұстаздың қолында» десек те, ол үшін ата-ана мен қоғамда үлесін қосуы керек еді. Қазір қабылданған «Педагог мәртебесі» туралы заңның аясында осы айтылған кемшіліктер жойылып келеді. Жалақы да жылдан жылға көтеріліп, ұстаздарға жұмыс жасауға стимул болуда, дейді тәжірибелі ұстаз.
Зәуреш Кабипова отбасында жолдасы Мырзабек Жолдасовпен бірге бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген, немере-жиеннің қызығына бөленіп отырған үлгілі ана.
Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ