Профессор Есенбай Ағелеуов – өсімдіктер әлеміне терең бойлаған ғалым

Сурет: Ағелеуовтер жанұясының жеке мұрағаты

Ғылымның мініп ақбозатын...

«Қай мектепте оқисың?» деп сұрадым оқушыдан. «Есенбай Ағелеуов атындағы мектепте» деп жауап берді. «Ал ол адамның кім екенін білесің бе?» деген сұрағыма мүдіріп қалды. Тіпті жауап таппады. Иә, мектебі кімнің есімін иеленгенін білсе де, есімі ұлықталған жанның ел үшін қандай еңбек сіңіргенін айтып бере алмайтындар жетерлік. Ендеше «Ау­ылдан шыққан ғалымдар» айдарында биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ағарту ісіне еңбек сіңірген қызметкері, жоғары мектеп ғылым академиясының корреспондент мүшесі Есенбай Ағелеуов жөнінде сөз қозғаймыз.

ӨСІМДІКТЕР ӘЛЕМІНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛАДЫ

Өткенге ой жүгіртер болсақ, 1936 жылы дүниеге келген Есенбайдың әкесі Ағелеу 1946 жылы қайтыс болған. 38 жастағы анасы төрт баламен жесір қалды. Анасы үлкен ұлы, 17 жасар Сүйеуді білім алу үшін Орал қаласына аттандырып, жанына 11 жастағы Есен­байды қалдырған. Міне, сол кезден ба­стап баланың бойында өзі және өзге үшін жауапкершілік, қайсарлық және қажырлылық қасиеттері қалыптасты. Есенбай мектепті үздік бағамен 1954 жылы бітіріп, сол жылы Орал педагогикалық институтының жара­тылыстану-география факультетіне оқуға түседі. Осы студенттік кезінде ғұлама ғалым Всеволод Ивановтан дәріс алды. Оның кең ғылыми ботаникалық көзқарасы мен энциклопедиялық білімнің зеректігі бала кезіндегі ұшқыр арман-қиялына қозғау салды. Нәтижесінде курстық, дипломдық студенттік ғылыми жұмыстарын В.Ивановтың басшылығымен іске асырып, институтты 1959 жылы үздік аяқтап шықты.

Ол кездегі институт факультеттерінде орыс тілінде ғана оқыту жүйесі қалыптасқан. Ауылдық қазақ мектебіне бітіріп келгендер үшін біршама тілдік кедергілерге ұшырағаны белгілі. Есен­бай Ағелеуов күндіз-түні оқумен болды. Ерен еңбек үлгісін көрсетті. Нәтижесінде ауылдың қазақша оқудан көрсеткен үздік деңгейін мына институттың ғылыми теория мен терминологияға толы орыс оқулықтарынан да үздік бағалар деңгейінен көрініп отырды. Мұны ерлік іске теңеуге болады. Бұл – шынайы мықтылық, қайтпас-қайсар ерлік қасиет.

Институтты қызыл дипломмен бітірген Есенбай Ағелеуовті 1959-1962 жылдары облыстық комсомол комитеті саяси әкімшілік жұмыстарға алды. Бірақ ол аумалы-төкпелі, өзгерістері мол саяси-әкімшілік жүйесінде шындық пен жалғанның шекаралық араластығы болыңқырап тұратын салада жұмысын жалғастырғысы келмеді. Ол табиғат шындығын терең зерттеген ғылым В.Ивановтың ізін қуғысы келді. Ол 1962 жылы аспирантураның тиісті жазбаша, ауызша талаптарын ойдағыдай орын­дады. Сүйікті ұстазының басшылығымен 1965 жылы кандидаттық диссерта­циясын үлкен жетістікпен қорғады. Профессор В.Иванов:

«Есенбайдың диссертациялық жұмыстары – ғылымдағы ірі табыстар және оны біздің өлкеміздің бағалы табысы ғана емес, сонымен бірге республика көлеміндегі ботаникалық, географиялық ірі ғылыми табыс» - деп бағалады.

Ғылымға әркім өз жолымен келіп, үлес қосып жатады. Бірақ Есенбай ағамыздың таңдаған жолы қазақ үшін тың сүрлеу және өте қажет, маңызды жол еді. Ол табиғаттың құрамдас бөлігі – өсімдіктер әлемін зерттеді. Өсімдік болмаса, тіршілік те болмақ емес. Есенбай Ағелеуұлы кандидаттық диссертациясын табысты аяқтағаннан кейін 1965-1974 жылдары аралығында Жайық өзені жайылма шалғындықтарын зерттеуді жалғастыра берді. Олардың негізгі шоғырланып таралу кеңістіктерін көрсетіп, негізгі белгілерін анықтады. Жайылмалық флораның экологиялық топтарына тоқталып, сипаттама берді. Зерттеу кеңістігі өзеннің жоғары ағысында орналасқан Ириклин су қоймасынан Каспий теңізіне дейін (өзен арнасы­мен санасақ 2400 шақырымнан астам) қамтыды. Осы он жыл ішінде көп ма­териал жинады, дәлірек айтсақ, бағалы да табиғи бірегей зерттеу матери­алдары жиналды. Ол 900-ден астам жоғарғы сатыдағы өсімдікті сипаттап, анықтаса, 2000 геоботаникалық сурет­теме, «Жайылмалық шалғындықтың түсімін арттыру жөнінде» бірқатар ұсыныс жазды.

ЖАЙЫҚТЫҢ ЕУРОПАЛЫҚ ӨЗЕН ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕДІ

Оның өсімдіктану кафедрасындағы оқытушылық қызметі одан әрі жара­сымды жалғасын тапты. Әрі оқытушы болып, әрі ғылыми зерттеулерін жалғастыра отырып, Есенбай Ағелеуов 1971 жылы М.Ломоносов атындағы ММУ-дың геоботаника кафедрасының докторанты болды. Сөйтіп, докторлық диссертациясын қорғауға жол ашылды. Жалпы, бүкіл ғылыми ғұмырында ол 120-дан астам еңбек жазып, 4 моно­графия басып шығарды. Жоғары оқу орындарына оқулық дайындады. Оның басшылығымен 6 ғалым кандидаттық диссертациясын дайындап, сәтті қорғап шықты. Айта берсе, соңында қалған са­ралы істер мол. Елге сіңірген еңбегі зая кеткен жоқ, атақ, дәрежесі біршама. Өзі оқыған институттың 1979-1985 жыл­дары ректоры болды. «Құрмет Белгісі» орденінің иегері атанды, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақты да иеленді.

«Жақсының аты, ғалымының хаты өлмейді» дегендей, ағамыздың ар­тында рухани, ғылыми мұралар қалды. Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытар естеліктер де ескірмек емес. Соның ішінде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қалыптасуы мен дамуы жолында еңбек сіңірген ұстаз, профессор, биология ғылымдарының докторы Талшын Дәрібаеваның естелігі аса шынайылығымен құнды.

– Ол мейлінше еңбекқор адам еді. Сонау жылдары ол ғылыми еңбегінің өзегі болған Жайық өзені аңғарындағы шалғындарды зерттеу үшін солтүстіктегі башқұрт жерінен бастап, Атырауға дейін 2534 километр бойы жаяу жүріпті. Сөйтіп, сол аумақтан бұрын ғылымға белгісіз 900-дей өсімдік түрлерін та­уып, зерттеп, ғылыми айналысқа енгізді. Дон, Днепр, Еділ мен Жайықты са­лыстыра зерттеп, Жайықтың нағыз еуропалық өзен екенін дәлелдеп шықты. Нәтижесінде Еуропа мен Азияның арасындағы шекараны Жем өзенінен белгілеуді ұсынды. Онымен талай жыл жұмыстас болғандағы басты түйгенім мынау, Е.Ағелеуовтен кейін ешкім Жайық өзенінің өсімдік әлемі туралы, кең көлемде зерттеу жүргізіп, биология ғылымын толықтырған емес,- деп жа­зады Т.Дәрібаева.

ОТБАСЫНДА БАҚЫТТЫ БОЛҒАН ЖАН

Өмірден өткеннен кейін ғалымның 60-70 жылдығы аталып өтіліп, сол жылдары ғылыми-практикалық кон­ференциялар, кездесулер өтті. Өзі оқыған Махамбет ауылындағы мек­тепке оның аты берілді, білім ошағының ауласына бюсті тұрғызылды, арнайы бұрыш ашылды. Ғылымға құштар үздік оқушыларды ынталандыру мақсатында туыстарының демеушілігімен сти­пендия тағайындалды. Өзі білім алған, шәкірт тәрбиелеген институт қабырғасына ескерткіш тақта орна­тылды.

Ағамыз төрт ағайынды болды, ағасы Сүйеу және Хасан, Хұсайын есімді қос інісі. Сол төртеуінен бүгінде Хұсайын ағамыздың көзі тірі, Астана қаласында тұрады. Көп жыл Орал қаласында білім беру саласында қызмет етті. Ал Есен­бай Ағелеуовтің жары Алма анамыз екеуінен тараған ұл-қыздары Сұлушаш пен Ғалым өмірден өз орындарын тапты. Орал педагогикалық институтының та­рих факультетін тәмамдаған Сұлушаш Есенбайқызы мемлекеттік орталық му­зейде бөлім бастығы қызметінде жүріп, зейнетке шықты. Ұлы Ғалым да Оралдың пединститутының тарих факультетін аяқтаған. Бүгінде «Либерти» құқық қорғау қорының президенті, «Ба­рыс Медиа» порталының авторы әрі жүргізуші болып қызмет етуде.

Есенбай Ағелеуұлының жан- жары, Орал телеарнасының негізін қалаушылардың бірі Алма Құбашқызы 1937 жылы Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауы­лына қарасты Жалпақтал ауылында дүниеге келген. А.С.Пушкин атындағы Орал пединституның филология факультетін аяқтағаннан кейін Орал телеарнасына қызметке орналасып, дикторлықтан режиссерлікке дейін көтеріледі. Ленин медалінің иегері, бірнеше құрмет грамоталарының иесі Алма Ағелеуова бүгінде Ал­маты қаласында тұрады. Ал Есенбай ағамыздың өзі 1985 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін Абай атындағы Алматы мемелекеттік университеті ботаникалық кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1996 жылы қарашада 61 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүние салды.

Оның адами болмысы кез келген адамның бойынан табыла бермейтін, еш жалғандығы жоқ шынайы бол­мыс еді. Жаны жайсаң, ақкөңіл, жақсы адам болуымен қатар, ар­тында өшпес із қалдырған ұлағатты ғалым. Институтқа келгенде бір ауыз орысша сөйлей алмаған ауыл баласының биология ғылымының докторы, профессоры дәрежесіне ерен еңбегімен жетуі нағыз ерлікпен пара-пар. Қазақстанның Батыс өңірінің өсімдіктерін зерттеуден ғылыми өшпес еңбек қалдырып, еліне үлкен мұра қалдырған Есенбай Ағелеуұлының ғылыми өсу жолы жас ұрпақ үшін жа­лынды патриоттық үлгі болмақ.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Суреттер: Ағелеуовтер жанұясының жеке мұрағатынан алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT