«Оқушылардың шығармашылық қабілетін, өздік танымдық біліктілігін дамыта отырып, білім сапасын арттыруды ұйымдастыру мұғалімнің негізгі мақсаты болуы керек». Бұл – математика пәнін теориялық және практикалық жағынан терең меңгерген ұстаз, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлайхан Қабдымұратованың өмірлік ұстанымы.
Гүлайхан Қуанышқызы 1962 жылы 10 наурызда Махамбет ауданы Есбол ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Заурал кеңшарындағы Фурманов орта мектебін тәмамдап, 1980 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетіне түседі. Жоғары оқу орнын 1984 жылы аяқтаған соң Есбол орта мектебінде 1984-1993 жылдары аралығында математика пәні мұғалімі болып қызмет етсе, 1995 жылдан бері Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде оқушыларға дәріс беріп келеді.
Интерактивті тақтамен жұмыс әдістемесін жетік меңгерген ұстаз ондағы кітапхана қорын тиімді пайдаланып, әр сабағын алдын ала дайындап отырады. Ғаламтордағы материалдарды да оқушы дүниетанымын кеңейтуде саралап қолдана біледі. Оқыту әдісін терең меңгеруі, оқытуды ұйымдастырудағы шеберлігі оны үнемі табыс биігінен көрсетіп келеді. Сабақ беретін сыныптарында қабілетті және үлгерімі төмен оқушылармен арнаулы іс-жоспары бойынша жеке жұмыс жүргізіп, саралап, даралап оқытуда. Нәтижесінде оқушылары аталмыш пәннен жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
– Аудандық пәндік олимпиадаларда математика пәнінен әр жылдары сабақ берген Диана Сырымова, Сәуле Базарбай, Бекжан Нұрмұханов сынды оқушыларым жүлделі орындарға ие болды. Гүлнар Нұриахмет аудандық ғылыми жоба сайысында үшінші, «Кенгуру – Математика барлығы үшін» халықаралық зияткерлік конкурсында жеңімпаз атанды. 2022-2023 оқу жылында лингвистикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде Айару Ибатуллина бас жүлде алып, облыстық кезеңінде екінші орын иеленді,-дейді Г.Қабдымұратова.
Өз іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп отыратын ұстаз – аудандық пән мұғалімдерінің педагогикалық олимпиадасы, аудандық математика пәні мұғалімдерінің «Математикалық регата» турнирі жүлдегері. 2019 жылы «Qazaq bilimi» республикалық ғылыми- әдістемелік, педагогикалық журналында «Бір айнымалысы бар сызықтық теңсіздік. Бір айнымалысы бар сызықтық теңсіздіктерді шешу» тақырыбында ашық сабағын жариялап, тәжірибелі ұстаз екенін танытты. 2019 жылы аудындық «Туған жер. Туған ел. Туған глобал: ұлттық білім беру жүйесінің бағдарлары» педагогикалық оқу ІІ орын иегері атанды. 2020 жылы Атырау облыстық білім беру басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталса, былтыр Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күнінде құттықтау хат табысталды.
– Әрбір ұстаздың мақсаты – нәтижелі, абыройлы еңбек ету. Ол үшін математика пәні мұғалімдері жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-дан жоғары балл алу үшін логикалық, күрделі есептерді шығаруды меңгертеді. Өткен оқу жылында математика пәнін таңдап, сүйіп оқыған оқушыларым – Назгүл Нұрбек, «Үздік аттестат» иегелері – Жұлдызым Қабдолғазиз мен Айару Ибатуллина грант иегерлері атанып, мектеп абыройын асқақтатты. Бүгінгі таңда Анар Некесова, Нұрбек Жұмабаев Мөлдір Табылдиева, Диана Сырымова сынды шәкірттерім – бір-бір мамандық иелері, өз ісінің шеберлері,-дейді математика пәні мұғалімі Г.Қабдымұратова.
37 жыл еңбек өтілі бар ұстаз Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде математика пәні бойынша «Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы курсын тәмамдады. Қазіргі таңда жаңа әдіс тәсілдердің білім сапасын арттырудағы рөлі туралы пікірін әртүрлі семинарларда талқылауға ұсынып жүр. Гүлайхан Қуанышқызы – өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін, айналасындағы жандардан көмегін аямайтын, еңбекқор жан. Әріптестері, ата- аналар және оқушылары арасында үлкен беделге ие, сыйлы ұстаз.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ