Қыздар құқығы қорғалды

Халықаралық қыздар күніне орай республикалық онкүндік аясында аудан мектептерінде көптеген шаралар ұйымдастырылды.

Онда қыздардың білім алу, медициналық қызметті алу, кемсітушіліктен, зорлық-зомбылықтан, ерте және мәжбүрлі некеден қорғау құқықтарын жүзеге асыру көзделді. Шаралар қыздар мен әйелдердің құқықтарын бұзу үшін жағдайлар жасайтын стререотиптерді жеңу, ерте, мәжбүрлі некелерлі теріс құбылыс ретінде айыптайтын қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатында өтті.

Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінде әрбір қыз баланы ибалылық сақтауға баулу, құқықтық, адамгершілік, имандылық, эстетикалық тәрбие беру мақсатында «Арыңды жасыңнан сақта!» тақырыбында 8-11 сынып қыз балаларымен ашық түрде әңгімелесу өтті. Медбике А.Қайыржанова әңгімелесу барысында гигиеналық жағынан қыздарға жыныстық жетілу кезеңінде өздерінде болып жатқан физиологиялық өзгерістерді түсіндірді. Психолог Н.Тауова қыздарға қамқорлық, ниет білдіру, жан жылулығын сезіндіру үшін қызға тән белгілі бір ұнату сезімін бастан кешіру кезінде түсініспеушіліктер жайлы баяндады. Директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Д.Сапаров тек қана рухани тұрғыдан ғана емес, қыздар таза, әсем, жарасымды киініп, өздерін күтуге, шаш өруге кеңес берді. Ал мектептің педагог-психологі М.Асанова 8 «а», 8 «б» сыныптарының қыздарымен психологиялық көңіл-күйлерін көтеру, өздеріне құрметпен қарауға баулу, сыныпта сыйластық қарым-қатынас орнату мақсатында «Жылы жүрек, жақсы тілек» тренингін өткізді. Әр оқушыға алған әсерлерін смайликтер арқылы мимикамен бейнелетті. Қыздар өздерін қызықтырған сауалдарын психологқа қойып, оған жауап алды. Тарих пәні мұғалімі Г.Ауданова «Арулар аз болды ма атқа қонған?» тарихи шарасында ел басшыларына, батырлар мен билерге, сұлтандар мен сардарларға асыл жар, сенімді кеңесші, зерделі қабырға болған ханымдар мен арулардың, әйел тұлғалардың қайраткерлерін насихаттады. Қиын-қыстау кезеңдерде қол бастап, тұтас елге басшы бола білген әйел-аналар талай толағайларды дүниеге әкеліп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруды ұмытқан жоқ. Шара барысында қазақ әйелдерінің жасаған ерліктері туралы баяндамалар жасалып, өлеңдер оқылды.

Өтпелі кезең ерекшеліктері Ақтоғай орта мектебінде қыздар кеңесінің жетекшісі С.Құмашева «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде қыздарға болашақ ана екендерін, саулықты күту гигиеналық тазалықтан басталатынын, қыз бойындағы имандылық отбасынан бастау алатынын айтып, қыздардың ашық пікір алмасуына ұластырды. Мұғалімдер Д.Қожырақова, Л.Әділшиева «Мен кіммін?» атты шарада қыздарға түрлі тапсырмалар орындату арқылы өздерін бағалауға, өз мүмкіншіліктерін ашуға бейімдеп, байқампаздыққа, инабаттылық пен ибалыққа тәрбиелейтінін айтты. «Мен кіммін?» деп бейтаныс адамдарға хат жазу арқылы өмірде неге қызығатындарын, неге құштар екенін жазып, кім екенін, қандай адам екенін ұғындыруға тырысты. Психолог А.Қасыбаева «Өтпелі кезең ерекшеліктері» атты психологиялық сағатта жоғары сынып қыздарымен өтпелі кезең ерекшеліктеріне тоқталды.

Ойландырған он күн

Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінде де «Қыз тәрбиесі-ұлт болашағы» атты онкүндік өтті. «Ақжүніс» қыздар ұйымының мүшелерімен жоспарды таныстырып, жиналыс өткізді. «Жылдың үздік қыздары» анықталып, оларға алғыс жарияланды. 4-сыныпта «Шешеге қарап, қыз өсер» атты тәрбие сағатында қыз тәрбиелеп отырған аналармен кездесу ұйымдастырылып, қыз тәрбиесі туралы әңгімелер айтылды. Отбасында үш-төрт қыз өсіріп, үлкен өмірге қанат қақтырған аяулы аналар тәрбие туралы тәжірибелерімен бөлісті. Қыздар арасында өткен «Қыздарға әсемдік жарасады» атты шарада психолог Л.Кенжеғалиева «Жасөспірімдер арасында репродуктивтік мінез-құлық дағдыларының қалыптасуын анықтау» сауалнамаларын жүргізді. Мектеп медбикесі тазалық туралы қыздарға түсінік берді. Қыздар өзара топқа бөлініп, жағдаяттар шешті. Қыздар туралы өлеңдер оқып, ертегі бойынша ойтолғаулар жасалды. Қыз тәрбиесінде кездесетін мінез-құлық туралы пікірлер тыңдалып, ойларын ортаға салды. Жұмыстар алға қарай да жалғасатын болады.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521