Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында семинар және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшілері мен көшбасшыларының «Ұшқын» тәлімгерлер мен ұланбасыларының байқауы өткен еді.
Шараға «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы М.Қанатова, аудан прокурорының орынбасары Ж.Ураков, учаскелік инспекторлар, жасұландықтар, тәлімгерлер, ұланбасылар қатысты.
Семинарды «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының Атырау облыстық атқарушы хатшысы Мартагүл Қанатова ашты. Ол елімізде балалар ұйымының мәні зор екенін, атқарып жатқан жұмыстарын саралап, ұйымның аудандағы жұмысына оң баға беріп, бүгінгі шара «Жас Ұлан» ұйымының жеті бағытының бірі «Жеті жарғы» бағытына сай «Апаттылық картасы» шеңберінде өтетінін қаперлеп, жасұландықтарға алдағы уақытта жұмыстарына табыстар тіледі. Оқушылар шырқаған «Туған ел» әні жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Аудан прокурорының орынбасары Ж.Ураков «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу: қылмыстық құқық бұзушылықтар, кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар, «Апаттылық картасы» тақырыбында баяндама жасады. Ол жалпы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтар көбейгенін, оның ішінде адам өліміне апарып соқтыратын қасақана кісі өлтіру, террористік актілерге қатысу кіретінін, ауданымызда жасөспірімдердің ұрлыққа қатысты қылмыстары әшкереленгенін айтты. Бұрын қылмыстарға тек толық емес отбасының балалары қатысады дап сараланса, енді толыққанды отбасынан шыққан балалар да қылмыс жасауға бейім екені анықталып отыр. Ауданда 2017 жылы бір ауыр қылмыс орын алды. 1999 жылы туған жас жігіт кәмелет жасына толмаған інісі(2004) екеуі зейнеткер ананы қорқытып, 35 мың теңгесін тартып алғаны анықталды. Інісіне «бұндай қылмысқа неге бардың?» дегенде ағасына еріп кеткенін мойындады. Мұндай қылмыс жасаған жасөспірімдерге «Статистикалық карта» қойылады. Кейін оқу бітіріп, жұмысқа кіргенде де бұл үлкен кедергі келтіреді. Әкімшілік жауапкершілікке тарту 16 жастан басталады. Мәселен, қоғамдық орынға шекілдеуік тастағаны үшін ҚР Қылмыстық Кодекстің 434 бап бойынша бес айлық көлемінде айыппұл салынады. Айыппұлды баланың ата-анасына салады, –деді аудан прокурорының орынбасары Ж.Ураков.
Шара одан әрі «Ұшқын» тәлімгерлер мен ұланбасылар байқауына ұласты. «Рухани қазына» жобасына сай ұланбасылар «Руханият» бағыты қызметін ұйымдастыруға арналған шараларын таныстырды. Әр мектеп сол жоспардағы жобаларын сәтті қорғап шықты. Мәселен, Береке орта мектебі «Адамның адалдығы-рухани байлығында» жобасын қорғады. «Кітапханаға кітап сыйла!» жобасында Атыраудағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебі кітапханаға 100 дана кітап сыйлаған екен. «Асыл мұра» облыстық балалар фестиваліне қатысып, жүлделі ІІ орын алған. Қаладағы Ш.Сариев өнер музейіне, Ғ.Сланов кітапханасына барып, республикалық «Мұғалім LTD» баспаханасы менеджері З.Қалауқызымен кездесу сәттерімен слайд арқылы бөлісті.
Екінші бөлімде «Жасұландық жарқын жол» ситуациялық сауалдарға бәрі де дұрыс жауап беріп, оны көрініс арқылы көрсеткені ұтымды шықты. «Жас ұлан» ұйымы ережесіне сай жүргізілетін жұмыстар көрініспен өз қалауын тауып, бір-бірімен үндескендей болды. Дуэттің «Ұстаз-Ана» әні мен «Адай» күйі де күмбірлей шертіліп, жиналғандарға жылылық сыйлағандай болды. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар жасөсірімдер ұйымының төрайымы М.Төлеуқызы «Ұшқын» байқауын қорытын- дылап, жүлдегерлердің есімдерін атап, диплом, алғыс хатпен марапаттады. «Рухани қазына» жобасынан жүлделі 1 орынды Қосарал орта мектебінің жасұландары жеңіп алса, ІІ орын Алмалы орта мектебіне, ІІІ орын Қ.Ахмедияров мектебіне бұйырды. Алға, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің жасұландары ұйымның «Алғыс хатына» ие болды. «Жасұландық жарқын жолдан» жүлделі І орынды Алға орта мектебі иемденді. Жүлделі 2 орынды Алмалы, 3 орынды Чкалов орта мектептері қанжығасына байлады. Алғыс хатпен Жалғансай, Қ.Ахмедияров мектептері марапатталды. Аудандық семинарды білім бөлімінің әдіскері И.Нұрланқызы қорытындылады. Бұл шара ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылованың хатына сай ҚР Парламенті Сенатының конституциялық заңнама, сот реформасы және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі көшпелі отырысының ұсынымдарын орындау үшін аумақтық прокуратура органдарымен бірлесіп, 1,2 тармақтарын орындау қамтамасыз ету тапсырылғанын, білім беру мектептерінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы», «Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы», «Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы күш көрсету әрекеттерін жасаған адамдардың картасы», «Апаттылық картасы» жұмысы бойынша семинарлар өткізу көзделгенін айтты.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.