Светлана Төлегенқызы: «Ерінбей еңбек ету менің өмірлік ұстанымым»

Оқушыға білім мен тәрбие беруде ұстаздың шәкіртіне сіңіретін еңбегі орасан. Ал, миы зақымданған, ауытқушылығы бар балаларды оқытып, тілін дамытып, дұрыс сөйлей алуына атсалысып, толыққанды дені сау балалардың қатарына қосу жолында еңбектеніп жүрген мұғалімнің жұмысы бас иіп, құрмет көрсетуге тұрарлықтай.

Осындай ұстаздың бірі – ауданымызда орналасқан облыстық көмекші-мектеп интернатының логопеді Светлана Төлегенқызы. Махамбет ауылында туып-өскен жас Светаның қызығынан қиындығы мол ұстаздық жолды таңдауына өзінің анасы себепкер болыпты. Саналы ғұмырының 40 жылын бала тәрбиесіне арнаған анасына ұқсауға тырысып, Атырау педагогикалық институтына түседі. Одан әрі білімін Ресейдің Орынбор қаласында жалғастырып, қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. 1993 жылы көмекші мектеп-интернатқа мұғалім болып орналасады. Кейін Атырау мемлекеттік университетінен дефектолог мамандығын оқып алады да логопедтік қызметке ауысады. 21 жылдан бері балалардың тілін түзеу жұмыстарымен айналысып келеді.

sveta51020-2

-Ерінбей еңбек ету менің өмірлік ұстанымым. Сондықтан да болар логопед саласы маған мүлде таныс емес болса да үнемі ізденістің нәтижесінде меңгеріп алып кеттім. Ол кезде қазіргідей ғаламтор дамымаған. Түрлі әдістемелік журналдарды жаздырып алатынмын. Қазір Аллаға шүкір бұл салаға қатысты неше түрлі сайттар бар. Ресейлік сайттардан да өзіме керегімді алып отырамын. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі логопед мамандармен хабарласып, тәжірибелерімізді бөлісеміз. Менің алдыма үлгерімі ең төмен, оқуда, жазуда кемістігі бар балалар келеді.Балалармен жұмыс барысында олардың сөйлеу қабілетін көтеру, шабыттандыру үшін онлаин олимпиадаларға қатыстырамын. Логопедия математика, музыка, сурет ғылымдарымен тікелей байланысты. Кез келген тақырыпты өткенде бала сол тақырып бойынша сурет салады. Көркемсөз оқиды. Осындай жұмыстарын түрлі конкурстарға жіберемін. Алғыс хат алған кезде балаларым қуанып, мәз болады. Логопед мұғалімнің міндеті ауызша және жазбаша сөйлеу қабілетіндегі кемшіліктерді түзету. Осы орайда тәрбиешілер, педагогтар, ата-аналармен үнемі байланыста боламын. Өйткені, жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Ата-аналарға үй жағдайында тапсырманы қалай орындау керектігі жөнінде кеңестер жіберемін. Логопедиялық тәжірибемде дәстүрлі емес тәсілдерді қолданамын. Атап айтқанда, арттерапия, музыкотерапия, нейропсихология,– дейді Светлана Ермұханова.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз ешқашан өзін-өзі дамытудан жалыққан емес. Облыста өтетін түрлі семинарларға, курстарға, шеберлік сағаттарына қатысып, білімін кеңейтіп отырады. Өзі де жас мұғалімдерге шеберлік сағатын өткізеді. Өткен жылы жоғары санатты педагог зерттеуші санатын алған. Білім беру ісінің үздік педагог, энциклопедиясына енген. Енді осы атаққа лайық болу үшін талмай еңбек ету үстінде.

Мектептің тәрбиеленушісі Азима Аддиеваның анасы Сандуғаш Галашқызы қызының логопед мұғалім ретінде ұстазына риза екенін айтады.

-Қызым бала күнінен ДЦП-мен ауырады. Осы көмекші мектептің мұғалімдері, тәрбиешілерінің тынымсыз еңбегінің арқасында жақсы болып келеді. Әсіресе, Света апайына алғысымыз шексіз. Үнемі ақыл-кеңесін беріп, массаж, жаттығуларының уақтылы жасалуын қадағалап отырады. Бүгінгі таңда көмекші-мектеп интернатында 23 бала тәрбиеленуде. Әр баланың жағдайы әртүрлі. Олардың барлығымен жеке жұмыс жасайтын Светлана Ермұханова қиындығына қарамастан өз мамандығын сүйіп атқарып, жаны жаралы балдырғандарға аналық мейірім төгуден ешқашан шаршаған емес.

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT