Алғалық ұстаздардың кемел келбеті

Ұстаз - адамдардың өмірге көзқарасын, сенімін қалыптастыратын, айналасына білім мен тәрбие дәнін, нұрын шашатын ойшыл тұлға.

Адамдық ғұмырдың мәні мен мағынасы екі-ақ нәрсеге тірелері шындық. Оның бірі – «Бар мен жоқтың арасын өмір деп атапты»,- деп Шәкәрім бабамыз айтпақшы, саналы адамға саналы өмір сүру. Екінші – сол саналы ғұмырда көрген -түйген, алған – білген, әйтеуір, өмір үйреткен үлгі өнегені өзгеге бере білу. Алғашқысы жалпы адамзат баласына тән десек, екіншісі, кез келген пенденің басына бере бермес айрықша қасиет. Оның қадірлі де қастерлі аты – ұстаз. Шәкірт жүрегіне шапағат нұрын төгіп, ілім-білім баспалдақтарына еркін де нық басып көтеріліп кетуіне бірден-бір тірек бола алатын – ұстаз.

Ұзақ жылдар білім беру саласында абыройлы еңбек етіп, оны нығайтуға үлес қосқан одаққа танымал білім ордасы Алға орта мектебінің зейнеткер ұлағатты ұстаздарын Алға өңірінде білмейтіндер кемде-кем шығар. Сондай жандардың біртуары ел тәуелсіздігіне қызмет көрсетудің ғажайып үлгісін көрсеткен, бірден-бір ұлтжанды азамат күні кеше өмірден өткен, ел есінде «Аңыз адам» болып қалған КСРО Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиұлы. Өйткені, ол Кеңестік кезеңнің өзінде жас ұрпаққа саналы білім беруде өзінің интеллектуалдық парасат-пайымымен дараланып,одақ деңгейінде өзін мойындатқан ұстаздардың ұстазы.

Ұстаздықтың ерекше қасиеттері бойларынан табылатын зейнеткер ұстаздарымыз Ұзақбай Тілеген, Тұраров Қонысбай ағайлар сөйлеу мәнері ерекше, мәдениетті, сөзге шешен, киім киісі, кескін келбеті тартымды ғажап тұлғалар. Алдарына қойған мақсаттары айқын, ісіне сүйіспеншілік, жауапкершілікпен қарайтын осынау ұстаздардың бойынан байқағыштық, төзімділік, шәкіртіне деген ерекше ілтипат пен мықты сенімділік төгіліп тұратын-ды.

Өз әріптестері мен оқушылары арасында абыройлы, беделді, білікті маман, өз істерінің шебері зейнеткер ұстаз апайлар көптеп саналады. Олар: Елеусінова Қаламқас, Төреханова Хайша, Нұрғалиева Малика, Алдабергенқызы Аққойқын, Мырзағалиева Мәдина, Сапарова Сайлаш, Мәжиева Нурия, Есмағамбетова Зүбайда, Айткужина Дария, Есенғазиева Гүлбаршын, Ғабдуллиева Рысты. Бұл ұстаздардың бойында нағыз мұғалімге тән қасиеттер жинақталған деуге болады. Өз пәндерін жетік білетін, ортақ іске жаны ашитын, еңбекқор, мектеп, ауыл, аудан, облыс көлеміндегі қоғамдық шараларға белсенді шәкірттерінің біліміне әрі тәлім-тәрбиесіне зор талап қоятын, жастарға қамқор, қажет кезінде көмегін аямайтын, өз істерінің майталмандары болды десек, артық айтқандық болмас. Бұл ұстаздардың мол әдістемелік шеберлігінің арқасында олардың жолын қуған көптеген шәкірттерін мақтанышпен айтуға әбден болады. Өйткені, шығармашылық ізденістің жемісі – шәкірт жетістігінің нәтижесі.

«Адам бойында бір жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды»,- деген екен ғұлама ойшыл Жүсіп Баласағұн. Бойларындағы адалдық, адалдыққа серік болған байсалдылық, білімпаздық бір сәт толастамаған, еңбегін шәкірттерінен аямаған әріптес ағай-апайларымыз Темірғалиев Жалғас, Сүйін Кенесары, Базарова Кербез, Қаймақов Олжағали, Тілекова Баян, Батқашов Әділжан, Көшетеров Серік, Досанғалиева Мария, Әбдіғалиева Нұрлығыз, Жұмағалиева Ақдәрі, Бегайдарова Роза, Жұмашева Нұртойғанның шынайы жарқын болмыстары қысқа ғұмырда ұмытылмастай көз алдымызда қалды. Өмірден ерте кеткен әріптестеріміздің ашық-жарқын мінездері, тектілік тұнған тұлғалары әрдайым әріптестерінің, шәкірттерінің жүрегінде мәңгілік сақталады. Аяулы ұстаздардың жаны жаннатта, нұры пейіште шалқысын!

Ұстаздардың әр адам жүрегінен алатын орны айрықша. Қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен, сағынышпен еске алмайтындар кемде-кем шығар, сірә?! Сіздер адалдық пен адамгершілікті ту етіп, білімдеріңіз бен біліктіліктеріңізді теңдей ұстап, туған елінің жоғын жоқтап, еңбектерімен үлес қосатын, болашақтын тұтқасы болар шәкірт тәрбиеледіңіздер. Сіздер оқытып, тәрбиелеген талай ұрпақ бүгінде еліміздің әр қиырында туған жерінің адал азаматтары атанып жүр. Бұл – сіздердің талмас, сарқылмас еңбектеріңіздің жемісі.

Барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, шаңырақтарыңызға құт-береке, бейбіт күннің арайлы шуағы түссін, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін.

М.Ильясова,

Алға орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521