Ұстаз деген жарық күні ғаламның

Ауданда мұғалімдер күні ерекше аталып өтілді. «Өнерпаз» мәдениет үйінде ұстаздар күніне арналған «Ұстаздар-ұлы тұлғалар» мерекелік кеші өткен-ді.

Алдымен ЛЭД экраннан ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің ұстаздар күнімен құттықтауы берілді. Аудан әкімі Ж.Ахметов ұстаздарды мерейлі мерекемен құттықтап, толайым табыстар тіледі.

-Қоңыр күздің тамаша мерекесі –ұстаздар күні құтты болсын! Шығыста «бір күніңді ойласаң, күріш ек, он күніңді ойласаң, тал отырғыз, бүкіл ғұмырыңды ойласаң, шәкірт тәрбиеле» деген қанатты сөз бар. Шәкіртті ұстаз тәрбиелейді. Адам баласы ізгі істерге бейімдеп, өмірге деген дұрыс көзқараста тәрбиелеу-ұлағатты іс. Сондықтан ұстаз-киелі мамандық. Ұстаз ұғымы мағынасы кең, мәні терең, тарихи ұғым. Әлемдік ой алыптары, кемеңгер ғұламалар, шешендер мен дүлдүлдер ұстаз алдынан өткен. Олар өздерінің ұстаздарына мәңгі борыштар екенін өзінен кейінгі ұрпаққа өсиет етіп қалдырған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Мұғалімдер-қоғамның ең білімді, ең отаншыл бөлігі болып табылады» деген болатын. Сіздердің өскелең ұрпаққа берген ұлағаттарыңыз әр оқушының жан-дүниесіне жарық сәуле болып құйылып, жүрегіне ізгілік нұрын ұялатады. «Ұлағаттың ұстасы» деген теңеулер тек ұстаздарға арналған. Мектеп пен ұстаз-білімнің қайнар көзі, тәрбие-тәлімнің орталығы. Білім-тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың, Елбасы межелеген алғашқы 30 мемлекеттің қатарына қосылудың басты алғы шарты.

ХХІ ғасыр-ақпараттық-технологиялық мәдениеттің дәуірі. Егеменді еліміздің болашағы-білімді ұрпақтың қолында десек, өркениет көшіне ілесу-оқушының бойына ұлттық құндылықтың нәрін сеуіп, тәуелсіздігі мен бірлігі мызғымайтын еліміздің айтулы азаматын қалыптастырып өсіру – ұстаздардың мәртебелі міндеті. Сондықтан да сіздер, ұстаздар қауымы елге елеулі, халқына қалаулы, қадірлісіздер. Қазіргі таңда ауданымыздағы мектептерде 835 ұстаз шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, тәлімді тәрбие бесігінде тербеуде. Міне, осы ұлағатты ұстаздарымыздың арқасында оқушыларымыз облыстық, республикалық білім додаларында биік тұғырлардан көрініп, ауданымыздың мерейін асқақтатуда. Сіздерді төл мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға бақытқа толы ғұмыр, еңбектеріңізге сәттілік, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!-деді аудан әкімі Ж.Бахуұлы.

Одан әрі аудан әкімі бір топ ұстаздарды «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатпен», бағалы сыйлықтармен марапаттады. Атап айтсақ, Атырау облысы Білім беру басқармасының «Құрмет грамотасымен» Жалғансай орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Ж.Саханова, Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Алтай, Береке орта мектебінің математика пәні мұғалімі Р.Жумаева марапатталды.

Бір ерекше айта кетерлігі, аудан әкімі Ж.Бахуұлы екі жас маманға жаңа тұрғын үйдің кілтін сыйлап, оны аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Неталиеваға тапсырды. Аудан әкімінің «Алғыс хатына» Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ж.Бердимуратова, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің МАД тәрбиешісі С.Рамазанова, «Балдырған» бөбекжайы тәрбиеші М.Өтешқалиева, Чкалов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі А.Есениязова, «Райхан гүлі» бөбекжайының тәрбиешісі З.Қарасаева, «Көктем гүлі» бөбекжайының тәрбиешісі К.Мукашева, «Нұршуақ» бөбекжайы тәрбиешісі А.Тастемирова, Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің химия пәні мұғалімі С.Орынгалиева, Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Н.Амангалиева, Алмалы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі А.Тажиева ие болды. Сонымен қатар «Өрлеу» «Алғыс хатымен» Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Г.Ерғалиева, «Алтын-Ай» бөбекжайының тәрбиешісі М.Қабдығалиева марапатталды. Марапатталған барлық ұстаздарға аудан әкімі соңғы заманауи үлгідегі ноутбук сыйлады.

Сондай-ақ сегіз ардагер-ұстазға түрлі түсті теледидар сыйлағаны қарттарға, ардагерлерге деген қамқорлығы деуге болады. Оның ішінде ардагер-ұстаздар С.Жайлашев, М.Бекимова, Б.Бимағамбетова, Қ.Нұрғалиева, С.Оспанова, Қ.Сабыровтар бар. Шәкірттер санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздар қауымына деген жылы лебіз, ақ тілегін білім саласының ардагері С.Жайлашев та арнады. Ол білім саласында қырық жылдай еңбек еткенін, 12 жылдық білім беру, жаңартылған білім жүйесіне көшу, үш тұғырлы тіл, латын қарпін игеру сынды соны жаңалықтарды меңгеріп, тек алдыңғы орыннан көрінуге тілектестік білдірді. Аудан өнерпаздары саздық сәлемдерін жолдады.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521