Қалдырған ізің мәңгілік...

Ұстаздар күні қарсаңында аудандық мұражайда «Тағылымы мол тұлғалар» кеші ұйымдастырылған-ды.

Кеш аудан-облысқа белгілі мұғалім, ҚазССР ағарту ісінің үздігі, «Ортақшыл ауылының Құрметті азаматы», ұлағатты ұстаз Жабу Дөкесұлы мен Мәуия анаға арналды. Еске алу кешіне ұстаздың ұлы Қуандық Жабуұлы, «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Ержан Иманғалиев, Д.Төленов атындағы мектеп-гимназия ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Алдымен «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Е.Иманғалиев ұлағатты ұстаздар рухына құран бағыштады. Кешті Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Зоя Өмірбекова жүргізді. Жас тілші Д.Наурызова «Ұстаз» өлеңін мәнерлеп оқыды. Айтөре белгілі ұстаз Жабу Дөкесовтің өмір жолдарымен таныстырса, Мәуия ананың ғұмырнамасы да көпке мәлім болды.

Ұлағатты ұстаздың ұрпағы Қуандық Жабуұлы барлық ұстаздарды мұғалімдер күнімен құттықтап, толайым табыстар тіледі. Мереке қарсаңында ұстаздар әулеті деп ата-анасын еске алып жатқан мұражай қызметкерлеріне, Д.Төленов мектеп-гимназиясы ұжымына алғыс айтты. Ата-ана рухына арнап, «Тағлымы мол тұлғалар» атты кітапты 2014 жылы шығарғанын, екеуі де ел-жұрттың балаларын оқытып, еліне елеулі, халқына-қалаулы жандар болғанын, еңбек етумен қатар анасы Мәуия 11 құрсақ көтерген алтын алқа иегері екенін айтты. Әкесі ауылдағы көп шаруаны түйе арбамен, өгізбен атқарғанын, 11 ауылда 10-11 жылдық Фурманов мектебі жанынан 50-60 балаға арналған интернат үйін жылумен қалай қамтығанын еске алды. Ол кезде интернат пеші отпен жағылатындықтан, отын, көмір тапшы болғандықтан облыс-ауданға қайта-қайта барып, бір жылыту қазандығын сұрап, әкеліп қондырғаны, оған Атыраудан Николай деген адамды іздеп тауып, оны ауылға әкеліп, мектеп-интернатқа алғаш рет орталықтандырылған жылу жүйесін жүргізгенін бүге-шүгесіне дейін қалдырмай айтып берді.

-Мұның өзі еліне, халқына жасаған үлкен игі іс еді. Ауыл адамдары оны еске алып, әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Әкемнің 28 шәкірті бірдей «Алтын медальға» ие болды. Ол кісінің шәкірттері Б.Ізмұхамбетов, М.Өтешов, А.Муньянов, Г.Сағындықова т.б. болды. Білімсіз, еңбексіз ештеңе келмейді. Ата-анамыз ақ-адал еңбегінің арқасында белгілі болып, осындай дәрежеге жетті. Ол кезде тамақ тапшы, киім-кешек жоқ еді. Балалар бірінің киімін бірі киіп өсті. Ауыл тұрғындары киік, қоян аулап, күнін көрді.

Ұрпағынан екі қызы Айгүл мен Шолпан мектепті алтын медальмен бітірді. Шолпан Алматыдағы политехникалық институтты бітіріп, Қырғызстанға барып, еңбек етті. Ал Айгүлі Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында ұстаз. Өзім ауыл шаруашылығының маманымын. Шаруашылықтарда көп жылдай бас инженер, мұнай-газ саласында бас инженер, учаске бастығы қызметтерін атқардым. Інім Қуанғали мектепті күміс медальмен бітіріп, Орал педагогика институтын бітірген химбиолог маманы. Біраз жерлерде өрт қауіпсіздігі инженері болды, майор шенімен зейнеткерлікке шықты. Шүкір, әкемізге «Ортақшыл ауылының Құрметті азаматы» атағын берді. Әкеміздің атында сол ауылда бір көше бар,-деді асылдың сынығы Қ.Жабуұлы. Сондай-ақ музей қызметкері Г.Торбаева да ұстаздар әулетінің ұрпақтары жыл сайын бірнеше рет музейге келіп, жәдігерлермен толықтыратынын, Қуандық аға өз қолымен жәдігерлерді 2015 жылы тапсырғанын еске алды. Мұғалім О.Ғарифуллина да ұстаз туралы ой-орамдарымен бөлісті. Кеш меймандарына естелік сыйлықтар табыс етілді. Әсерге толы кеш «Ұстазыма» әнін қатысушылардың шырқауымен мәресіне жетті. Соңынан бәрі естелікке суретке түсті.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT