Соғылды соңғы қоңырау

Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияда да «Құлақтан үнің кетпестей, сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты салтанатты жиыны өткен болатын.

Оған аудан әкімі Ж.Ахметов, аудан әкімінің орынбасары С.Ертілеуқызы, білім бөлімі басшысының орынбасары А.Орынбасарқызы, «Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры С.Қойшығұлов арнайы қатысты. Биылғы жылы білім ордасын бітіргелі отырған 23 түлек сынып жетекшілері Ұ.Сапиева, Ғ.Ожаева, алғашқы ұстаздары М.Сертаева, Н.Аманғалиевамен бірге қошеметпен ортаға шақырылды.

Салтанатты жиынға арнайы шақырылған меймандар таныстырылып,алғашқы сөзді мектеп директоры Т.Ғабитқызы алды. Ол білім ордасының жеткен жетістіктерін саралап, мектеп-гимназия өмірінде елеулі із қалдырған оқушылар мен ұстаздарды марапаттады. Аудан басшысы Ж.Бахуұлы соңғы қоңырау салтанатымен құттықтап, түлектерге сәтті қадам, ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, қалаған мамандығының иесі атануға тілектестік білдірді.

Алғашқы ұстаз М.Жалғасбайқызы өзінің 11 «а» сыныбының ең алғашқы әріп танытқан тұңғыш мұғалімі болғанын еске алып, бұл сыныпта «Сардар» кешенді олимпиада, ғылыми жоба, Мұқағали оқулары» жүлдегерлері, «Алтын белгі» үміткерлері барын, қашанда шәкірттерімен мақтанатынын жеткізіп, болашақ өмірлеріне ақ жол тіледі.

«Өнерпаз» мәдениет үйінің директоры С.Мақсотұлы да ақжарма тілегін жолдап, гимназиядан түлеп ұшқалы отырған «Әсем-Ай» тобының 8 бишісін «Алғыс хатпен» марапаттады. Республикалық «Сардар» кешенді олимпиаданың 3 орын жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер Ә.Қаниев та лебізін білдіріп, өз сыныптас достарын, тұстастарын бүгінгі қуанышты сәтпен құттықтап, алдағы мемлекеттік сынақты ойдағыдай тапсыруға тілектестік білдірді.

Осыдан 20 жыл бұрынғы шәкірттер атынан сөз алған А.Бисенбаев 1999 жылы Д.Төленов мектеп-гимназиясын бітіргендерін, ол кездері өздеріне ардагер-ұстаздар Ә. Молдашев, Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері М.Есенғалиев, А. Бекбаева, Л.Қайырғали сабақ бергенін айтып, оларға алқызыл гүл шоқтарын ұсынды.Сондай-ақ жас түлектерге сәттілік, ақ жол тіледі. Соңғы қоңырау соғу құрметіне 11 сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер Ә.Қаниев пен 1 сынып оқу озаты Г.Мұрат, түлек А.Қайыржанова мен 1 сынып оқушысы Е.Шамған ие болды.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521