Үздіктер ұлықталған күн

Алғашқы қоңырау-балалық арманыңды жетелеп, білім алып, мақсатыңды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үні-кәмелетке толып, оң-солын танып, қанаттанған бозбала мен бұраң бел бойжеткендерді ұядан қияға ұшырып, үлкен өмір мектебіне шығарып салады.

Соңғы қоңырау осындай қимас қоштасу әуенімен көңілге ыстық, мәңгі есте қалар сәт. Жалғансай орта мектебінде өткен соңғы қоңырау салтанатында мектеп директоры Ж.Есенғалиевтың оқу жылының қорытындысы туралы есепті баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, 2018-2019 оқу жылы 16 сынып комплектісімен 253 оқушыға 35 мұғалім дәріс берген. Аталған оқу жылында 50 оқу озаты, 69 оқу екпіндісі болып, сапа 54,3 пайызды құраған. Мектеп бітіруші түлектердің барлығы да мектептен қорытынды аттестаттаудан өтсе, 3 оқушы ҰБТ-ге өтініш беріп отыр. Олар: Дүсіпқызы Арайлым мен Киікбаева Асылзада «Алтын белгіге», Телжанова Арай «Үздік аттестатқа» үміткер.

Бұдан әрі мектеп басшысы «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, түрлі пән бірлестіктері бойынша облыстық, республикалық олимпиадаға қатысып, мектеп намысын қорғаған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. Олардың өзін санауға саусақ жетпейді, ұзын ырғасы алпысқа жуық. Осыншама оқушы арнайы дипломдар мен мақтау қағаздарына ие болды. Мұның өзі мектеп оқушыларының білім бәсекесіндегі айрықша ізденістерін, білімге құштарлығын көрсетсе керек. Сондай-ақ, иықтарына «Үздік оқушы» лентасын ілген оқушылардың да қарасы қалың. Оларға да оқу жылын табысты аяқтағандары үшін мақтау қағаздары табысталды.

Келесі кезекте сөз алған Жалғансай ауылдық округ әкімі К.Садиков құттықтауын жолдаса, аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Н.Ерғалиев өзінің жүрекжарды сөзін түлектерге арнап, олардың буырқанған өмір айдынында адаспай жол тауып, қалаған мамандықтарының иегері болуларына тілектестігін білдірді. Ата-аналар мен сынып жетекшілері де қимастық сезіммен толқи сөйледі. Соңында әдеттегідей жүректі шымырлатар «Мектеп вальсі». Иә оларды алдарынан жаңа өмір соқпақтары күтіп тұр. Ал, жаңа ғана жыр шумақтарын жолдап, түлектерге ақ жол тілеген бастауыш сынып оқушылары таудай болып, алдарында тұрған аға-апаларына біртүрлі қызығып қарайтындай.

Қош, алтын ұя мектеп, сыңғырла, қоңырау, сыңғырла!

Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT