Махамбет аудандық білім бөлімі «Өзің оқы да, өзгеге ұсын!» деген ұранмен кітапты алмасып оқу шарасын барлық білім беру ұйымдарында ұйымдастырды.
Мектеп кітапханашылары бұл шараның мақсаты туралы түсінік беріп, оқушыларды кітап оқуға шақырды. Шара мектеп дәлізінде «Адалдақ алаңы» жанында ұйымдастырылып, оған оқушылар мен ұстаздар белсене қатысты. Сондай-ақ бұл шараға директордың тәрбие жөніндегі орынбасары, тәлімгерлер де өз үлестерін қосты.
Аудан мектептерінде өткізілген шараға 3326 оқырман қатысты. Оның ішінде 3000 оқушы оқырман болса, мұғалім – 326. Оқырмандар өз үйлерінің кітапхана қорынан кітаптар әкеліп, бір-бірімен алмасты. Буккроссингтің ережесі бойынша кез келген адам өзі оқып бітірген бір кітабын кітапханаға қойып кете алады, ал кейін бұл кітапты тауып алған басқа адам алып оқиды. Оқып болған соң ол да сол кітапты орнына тастап кетеді, дәл осылай кітапты енді басқа оқырман оқи алады. Бұл қоғамдық қозғалысқа қатысушыларды «буккроссерлер» деп атайды.
Мәселен, О.Шонаев атындағы орта мектебінде өткен шараға 130 оқырман қатысып, 60 дана кітап алмастырылды. Аталмыш шара дәлізде, мектеп кітапханасында өткізілді. Буккроссинг шарасы арқылы әрбір оқырман өздеріне қажетті рухани байлықты алды деп ойлаймын.
Шара кезінде ең көп оқылған кітаптар 1- 4 сыныптар аралығында жазушы М.Әуезовтың «Көксерек» әңгімесі, «Өнегелі ертегілер», «Қазақ ертегілері», «Әжемнің ертегілері», 5- 7 сыныптар арасында жазушы Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Ш.Мұртазаның «Соғыстың соңғы жесірі» әңгімесі, Б.Майлинның «Күлпаш» әңгімесі, Абайдың «Қара сөздері» болды. Сондай-ақ 8-11 сыныптар арасында Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», М.Мақатаев «Аманат», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармалары көп оқылғанын айта кеткен жөн. А.Байтұрсынұлы, Д.Төленов м-г, Ақтоғай, Қ.Қалыбеков, Қосарал, Қ.Ахмедияров, Қызылүй, Алға, Береке, Қ.Қарашаұлы, Алмалы, Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектептерінде ұстаздар мен оқушылар өздері оқыған қызықты әдебиеттерімен бөлісті.
Сыныптарда оқушыларымен буккроссингке байланысты тәрбиелік шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылды.
Н.Ермекбаева,
білім бөлімінің әдіскері