Қазақ халкының ғұлама ғалымы әл-Фараби: «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді және адамның басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» деген екен.
Ал өзіңді алға қарай жетілдіру және бойында жақсы мінез-құлық қалыптастыру ең алдымен өзін-өзі танудан басталады.
Қай заманда, қай қоғамда болмасын адамзат баласы жас ұрпақтың тәрбиесіне зор мән берген. Себебі, ұлттың бүгіні де, болашағы да өскелең ұрпаққа байланысты. Осы тұста мектептің алдына қоятын басты мәселелерінің бірі- өркениетті, азаматтық- адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық құндылығын жоғалтпаған, бәсекеге түсе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Өмірдің осындай қарапайым ақиқатына жақсы адам болуға тұлғаны жастайынан үйрету – біздің басты міндетіміз. Осы міндеттерді жүзеге асыруда қаңтар айының 14-і күні Оңай Шонаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Балабаева Анаргүл Сәнтайқызы 2-ші орыс сыныбында «Человечность-зеркало души человека» атты ашық сынып сағатын өткізді. Сынып сағатына мектеп мұғалімдері және тәрбие ісі жөнінің орынбасары Қамиева Дәметкен қатысты.
Сабақ барысында оқушылармен бірігіп «Өмірдің адам үшін маңыздылығы қандай?», «Адам бойындағы өздеріне ұнайтын қандай жақсы қасиеттерді білесіңдер?» және «Жақсы тұлға болып қалыптасуымыз үшін не істеуіміз керек?» деген сұрақтар қойылды және сол айтылған дәрежеге қалай қол жеткізуге болатыны жайлы айтылды. Оқушылар бір-бірінің жақсы қасиеттерін айтып шығу үшін ойын ұйымдастырылды. Адамгершілік құндылықтар бойынша түрлі тапсырмаларды орындады. Достық, қайырымдылық туралы әңгіме жүргізді. Сабақ соңында оқушылар сабақтан алған әсерлерін түрлі желімқағаздарға жазып, тақтаға жабыстырды. Шеңбер құрып тұрып, қол ұстасып, бәрі бірге «Өзін-өзі тану арқылы өмірді танимыз» деп қайталады. Сабақты қорытындылай келе, тәрбие-ісі жөнінің орынбасары Қамиева Дәметкен оқушыларға адамгершілік пен ұлттық құндылықты сақтай отырып, жақсы тұлға болып қалыптасып, болашақта «Елі сүйген, елін сүйген» ұрпақ болып өсулеріне тілек білдірді.
З.ЫҚСАН,
О.Шонаев орта мектебінің психологі.