Өнегелі өмір – Ғұмыр дария

Ана- ұстаз-ғалым...Осы үш киелі ұғымды бір басына тоғыстырған, білім саласында айрықша із қалдырған, шәкірт жүрегінен орын тапқан, өнегелі ісімен көпке үлгі болған парасатты жандардың бірі де бірегейі туралы сыр шертсек, бірден ойымызға Зияш апаның қайталанбас тұлғасы орала кетеді.

Бақтығалиева Зияш 1936 жылы 5 ақпанда Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат селолық советінде туған. 1943-1944 оқу жылында Кулагино селосындағы Жамбыл орта мектебіне қабылданып, 1952-53 оқу жылында 10-сыныпты бітірген. 1953 жылы Оралдағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне түседі. «Нағыз ұстаз- айтқанын екі еткізбейтін, ақыл-парасаты мен ерік-жігеріне ешкім тең келе алмайтын ерекше тұлға. Сондықтан да білімді, жаны ізгі, парасатты ұстазға әр отбасы мен қоғам ең қымбаттысын, бауыр еті баласын, өз елінің болашақ азаматтарының тағдырын табыс етеді. Ұстаздық қызмет әр оқушының, жеткіншек ұрпақтың, қоғам мен мемлекеттің тағдыры үшін жауап беретіндігімен сипатталады» деп ұлы ғалым бабамыз Әбу-Насыр әл Фараби айтқан ұстаз критерийіне сай абыройлы қызмет алғашқы еңбек жолын бұрынғы Новобогат ауданының М.Горький атындағы орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі боп бастаған.Мектептегі оқытушы, комсомол ұйымының жетекшісі болып, 1961 жылы партия қатарына қабылданған. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды қатар меңгерген, өзіндік көзқарасы бар Зияш Бақтығалиқызының мектепте жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан еңбегі еленіп, 1961 жылы Тұщықұдық селолық советінің депутаты, ал 1963 жылдан 1979 жылдың сәуір айына дейін үзіліссіз Махамбет аудандық советіне депутат болып сайланды. Пенделікті жаны сүймейтін Зияш апай үнемі ел арасындағы түрлі игі бастамалардың ұйытқысы, шындыққа тура қарай білді, ел ынтымағын сақтауда жастарға үлгі болды, өзінің өнегелі тура мінезімен көптің алғысына бөленді. 1962-1969 жылдардағы Махамбет аудандағы Сарытоғай орта мектебінің директоры қызметін атқарған мезгілінде де білікті басшының биік адами болмысына талайлар тәнті болды. 1969 жылдың 1979 жылдың сәуір айына дейін Махамбет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Еңбек жолында Зияш Бақтығалиқызы Новобогат, Махамбет аудандарын экономикалық-әлеуметтік, мәдени ағарту саласында үлкен жауапкершілікпен қызмет еткен. "Жүрегім, елім" деп соққан абзал Ана, білікті басшы, тәжірибелі ұстаздың ел алдындағы еңбегі еленіп, СССР-дың «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. 1979 жылы жанұя жағдайына байланысты Балықшы ауданы, Амангелді мектебіне ауысып, 2009 жылға дейін мұғалімдік қызмет атқарды. Білім мен ғылымдағы, қоғамдағы қолтаңбасы, халық ағарту саласындағы үздік еңбегі ескерусіз қалған жоқ, Қазақ ССР-і оқу министрлігінің «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, облыстық оқу бөлімінің «Мақтау грамотасымен» бірнеше мәрте марапатталған, жоғарғы санатты әдіскер мұғалім лауазымына ие болған жанның бейнесі мәңгілік есімізде сақталмақ. Қай салада, қандай жерде жұмыс істесе де Зияш Бақтығалиқызы зор жауапкершілігімен, талапшылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшелене білді. Ол әр адамның, әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, өмірінде өз ізін қалдырды.

Ағарту саласына жарты ғұмырын арнаған ұстаз, ел өміріне елеулі үлес қосқан қайраткер, отбасында немере-жиендері мен ағайын - туманың алтын қазығына айналған аяулы да дана тұлғамыздың өмірден өтсе де өшпес бейнесі әр ұрпақтың көңіл төрінен мәңгіге орын алары сөзсіз.

Аудан әкімі аппараты,

аудандық мәслихат,

аудандық білім бөлімі,

аудандық ардагерлер кеңесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521