Қазан айында аталып өтетін мерекелер ішіндегі ең ұлық та, ұлағатты мерекенің бірі - «Ұстаздар күні»! Осынау ерекше күнді жақында «Өнерпаз» мәдениет үйінде «Ұстаз-өмірдің шамшырағы» атты аудан мұғалімдерінің мерекелік жиыны ұйымдастырылды.
Салтанатты кештің алғашқы құттықтау сөзін алған аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы:
-Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі һәм бірегейі Мағжан Жұмабаев: «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. Ал мектептің жүрегі – ұстаз екенін бәріңіз де жақсы білесіздер. Мінеки, бір жылды бір айналып мұғалімдер күні де келіп қалды. Ендеше, еліміз бен жеріміздің, өркениетіміз бен мәдениетіміздің дамуына мол үлес қосып жүрген осы бір асыл жандардың мерекесі баршаңызға құтты болсын. Ұлтқа мақтаныш, ұжымға сыйлы болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде талмай талпынып жүре беріңіздер,- деп ауданның байырғы, қазіргі ұстаздар қауымына ізгі тілегін арнады.
Сонымен қатар, кәсіби шеберлігі мен шығармашылық жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» жолданған мұғалімдерді марапаттап, өз ісіне адал қызмет етіп келе жатырған бір топ педагогтар қауымына да өз атынан арнайы «Алғыс хат» табыс етті.
Алдыңғы буын, жол көрсетуші ардагер ұстаздар қауымы да осы әсем кештің қадірлі қонағы атанып, өскелең жас ұрпақтың қолынан гүл шоғын алып, сый-сыяпатын көріп қайтты.
Ән мен жырға, әдемі тілек пен ізгі ниетке толы бұл мерекелік кеш бұрынғыдан өзгерек болды. Себебі, сегіз қырлы бір сырлы ұстаздар қауымы бұл жолы барлық өнерлерін ортаға салса, оқушылар кешті жүргізіп, мектеп өмірінен алынған қызықты эпизодтармен толықтырып отырды.
Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Бекзат Кенжалы, Раушан Адамова, Оралхан Қали мен Айлина Талғатқызы сүйкімді қылықтары мен сахнадағы мәдениеті арқылы көрерменнің көзайымына айналды.
Айнұр САТАЕВА