"Мен өз Отанымның патриотымын!"

О.Шонаев атындағы орта мектепте «Армысың, алтын ұя мектебім!» мерекесі салтанатты жиыны өтіп, жез қоңырау сыңғыр қақты.

Міне, білім ордасының алды балалармен қатар ата-аналарға да лық толы. Ақшаңқан киінген балалардың жүзі бал-бұл жанып тұр. Қайсыбір ата-аналардың балалары енді ғана мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Мектеп директоры Айгүл Бердешқызы оқушыларды алғашқы қоңырау салтанатымен құттықтап, бірінші сынып табалдырығын ең алғаш 76 бүлдіршін аттағалы отырғанын айтып, жеткен жетістіктерін саралады, алдағы уақытта оқушыларға толайым табыстар тіледі. Оқушылардың шырқаған «Мектебім», «Тек қана алға!» әндері жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұнан әрі егеменді елдің болашақ ұрпақтары мектепке енді ғана қадам басқан бірінші сынып оқушылары талмай-жалықпай білім іздейтіндіктерін білдіріп, өлең шумақтарын, арнауларын мәнерлеп оқыды. Ең алғаш рет оқушы формасын киген кішкентай бүлдіршіндер арнау жырларымен жұртшылыққа жақсы әсер қалдырды.

Аудандық мәслихат депутаты, Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абат Қабенов барлық оқушыларды, әсіресе, ең алғаш білім ордасы табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндерге алдағы уақытта жақсы білім мен тәрбие алуға, еліміздің үлгілі азаматтары болып қалыптасуына, білім саласындағы жаңа реформалардың жүзеге асуына сәттілік тіледі. Бұл мектепте спортты серік еткен жүлдегер оқушылар көптігін айтып, әлі де спорт саңлақтарын шығара берсін деген игі тілегін жолдады. Мектеп оқушылары әндер шырқап, алғашқы қоңырау үні сыңғырлай соғылып, барша оқушыларды алғашқы сабаққа шақырды. Алғашқы сабақ «Мен –өз Отанымның патриотымын» тақырыбын қамтып, сынып жетекшілері оны түрлі форматта өткізді.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT