Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде 4 қаңтар мен 1 ақпан аралығында «Отбасы тәрбиесі- тұрақты қоғам дамуының факторы» тақырыбында ата-аналар апталығы өткен-ді.
Ашылу салтанатында 6 «б» сыныптың ата-аналары «Еркем-айға» салып, тәрбие, бала туралы попурри орындағаны көкейге қонымды болды. Сөз алған ата-аналар қоғамдық комитетінің төрайымы Ж.Дүйсенова барлық ата-аналарды апталыққа белсенді қатысуға шақырды.
Апталыққа орай «Ашық есік» күні жарияланып, З.Жаңабаева мен Г.Қашаубаева «Қазақ отбасындағы ұл бала тәрбиесінің ерекшеліктері» тақырыбында коучинг ұйымдастырды. Бұл шараға ер балалардың әкелері қатысты.
Сонымен қатар мектеп психологі, «Қыз Жібек» қыздар ұйымының жетекшісі М.Қатешованың қыздар мен олардың аналарына арнап өткізген «Бала тәрбиесінде ата-ана тарапынан қандай қасиеттер керек?» атты шарасын да ерекше айта кеткен дұрыс. Мұнда қыздар мен олардың аналары арасындағы тығыз қарым-қатынас, қыз бала тәрбиесі туралы келелі ойлар қозғалды. 9 сыныптың ата-аналар ұйымының төрайымы Б.Атшыбаеваның «Қызым, саған айтамын» тақырыбында жасаған баяндамасы да мазмұнды болып, оған ата-аналар белсене қатысты.
Өзін-өзі тану пәні мұғалімі Г.Ермағанбетова «Сыйлайық, жүрек жылуын!» тақырыбында 5 сынып ата-аналарымен дөңгелек үстел өткізді. Сондай-ақ «Әке деген – биік шыңы адамның» тақырыбында ата-аналар конференциясы өтіп, оған әкелерден гөрі аналар көптеп қатысты. Алдымен мектептің «Қосалқа» үйірмесінің кіші топтары өнер көрсетіп, мектеп директорларының І жартыжылдық есебі тыңдалды.
«Бір ел, бір кітап» акциясы аясында Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасы желісімен 8-10 оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен өткен оқырмандар конференциясы да көпке терең ой салды.
Ұйымдастырылған «Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы» атты коучингке көп ата-аналар белсенді қатысты. Коучингтен соң ата-аналар саздық сәлем жолдап, ерекше көзге түскен белсенді ата-аналар марапаттауларға ілікті.
А.Текебай