А. Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте ата-аналарға арналған «Отбасы тәрбиесі – тұрақты қоғам дамуының факторы» атты аудандық семинар болып өтті. Оған ұстаздар мен ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Семинарды ашқан аудандық білім бөлімінің әдіскері Индира Алмурзина бұл шара ауданға қарасты мектептерде бұған дейін өткізіліп келген ата-аналар апталығының қорытындысы екенін айтты. Алғашқы бөлімде А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің ұстазы М.Тулиева 9 сынып оқушыларымен бірлесіп, Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» романы бойынша оқырмандар конференциясын өткізді.
Жауынгер жазушының бұл романы өзінің балалық бал шағындағы естеліктері желісімен өрбитіні белгілі. Осы шығарманы бастан-аяқ оқып шыққан оқушылар Бауыржанның нағыз ер азамат ретінде қалыптасуына әжесі Қызтумас пен әкесі Момыштың берген тәрбиесінің ықпалы зор болғанын түсінеді. Оқушылар шығармаға терең бойлаған сайын батырдың балалық шағындағы қуанышты сәттерін де, қиналған шақтарын да, эмоцияға берілген кезеңдерін де жан-тәндерімен сезініп, шығармадан үлкен тәлім-тәрбие алғандарын айтады.
Семинардың келесі бөлімдерінде А.Сәрсенғалиев «Патриотизм – ұлттық асқақтықтың белгісі» тақырыбында шеберлк сыныбын өткізсе, С.Қоржықбаева «Табысты болашақ кепілі – ұлттық құндылықтар аясында рухани жаңғыру», А.Сабыр «Өскелең ұрпақты діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан сақтандыру және құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары», М.Кенжешова «Әке деген биік шыңы адамның» тақырыптарында атты дөңгелек үстел басындағы пікір алмасулар ұйымдастырды. З.Изтелеуова рәміздерді құрметтеу мен насихаттауға қатысты баяндама оқыды.
Пікір алмасуға қатысқан ұстаздар мен ата-аналар, бала тәрбиесіне отбасы да мектеп те жауапты екенін, жас шыбықты түзу етіп өсіру үшін ата-анадан үлкен жауапкершілік талап етілетінін, шаңырақта әкенің бала алдындағы қадірін арттыру ананың даналығына байланысты болатынын, сондай-ақ бала алдындағы ұстаздың беделін арттыру да ата-ананың тәрбиесімен тығыз байланысты екенін айтты.
Шараны қорытындылаған Индира Нұрланқызы семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұстаздарды алғыс хатпен марапаттады. Ата-аналар комитетінің төрағалары да ризашылықтарын білдіріп, осындай тәрбиелік мәні зор шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілектерін жеткізді.
Б.СҮЙЕУОВА