Әрбір шәкірт еліміздің болашағы, ата-ананың аманаты,үкілеген үміті.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Хәкім Абай айтып кеткендей, міне биыл Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде еңбек жолымның 27-ші соңғы қоңырау салтанатына қатысып отырмын. Әрбір оқу жылы, әрбір жылдың түлегі өзінше ыстық.
Уақыттың ағымына ілесіп, білім саласындағы сан түрлі реформалар мен өзгерістерді, жаңалықтарды жатсынбай қабылдап, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында ұстаздар қауымымен қатар үлесімді қосып келемін. Алдымызға келген әрбір шәкірт еліміздің болашағы, ата-ананың аманаты,үкілеген үміті. Олардың бойында білімге деген құштарлықты оятып қана қоймай, қабілеті мен өнерін байқап, шыңдап жіберу де – мұғалімнің бір міндеті.
Биылғы 2020-2021 оқу жылында Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінен 61 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Осыған дейін олардың әрқайсысы әр түрлі білім бәйгелеріне, спорттық жарыстар мен өнер сайыстарына қатысып, жүлделі орындарымен мектебіміздің мәртебесін көтеріп келді. Әсіресе, өзім сынып жетекшісі әрі пән мұғалімі болған 11 орыс «Б» сыныбының оқушысы, мектебіміздің «Алтын белгі» үміткері Арсений Питерский жуырда ғана орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінен республикалық олимпиаданың республикалық кезеңінде жүлделі 3 орынды иеленуі, облыс, аудан көлеміндегі білім саласына қосқан үлкен жеңіс болды. Атырау қаласында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің дипломын облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова табыс етті. Бұған дейінгі педагогикалық еңбек жолымда Павел Чечин, Кристина Белова, Виктория Скобычкина, Зарина Кульгина сынды өзге ұлт өкілдерінен шыққан талантты оқушыларымыз да аудан, облыс көлемінде пәндік олимпиаданың жүлделерін қанжығаға байлап келді. Олардың әрқайсысының бойындағы ұлтқа, тілге, дәстүрге деген құрметі ерекше еді. Интернационал отбасында тәрбиеленген оқушыларымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі, елжандылық қасиеттері қашанда жоғары болды.
Арсенийдің ата-анасы да ауданға танымал өнерлі жандар. Әкесі Евгений Питерсков музыкалық аспаптарды шебер ойнайтын әнші болса, анасы Камшат Әлиева дәстүрлі ән өнерінің төресі, терме айтудың шебері. Кәсібін де, өнерін де қатар ала жүріп, білімді, әрі жан-жақты бала тәрбиелеп отырған бұл үлгілі отбасыға күні кеше өткен «Қош бол, алтын ұям» атты мектебіміздің соңғы қоңырау салтанатында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың «Алғыс хаты» табысталды.
Аудан әкімі Ринат Бауыржанұлы қатысқан шарада Арсенийдің өзіне мектеп әкімшілігі атынан «Алғыс хатпен» бағалы сыйлық тарту етілді. Оқуда озат оқушымның пәндік олимпиадаға деген қызығушылығы 8-сыныпта байқалды. Алғашқыда көркемсөз оқудан қабілетімен көзге түскен ол, 9, 10 – сыныптарда қазақ тілі пәнінен аудандық олимпиаданың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Арсений Питерский «Жарқын болашақ» олимпиадасы бойынша «Сөз зергері» номинациясының да жеңімпазы. Талабы таудай шәкіртім үнемі ізденіс үстінде жүреді. Таңдау пәні – химия-биологияны да сүйіп оқиды. Болашақта медицина саласына бағыт алған ол білікті кардиолог-дәрігер болсам деп армандайды.
«Үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деп Мұхтар Шаханов айтқан асқақ армандары мен биік мақсаттары жолында аянбай еңбек етіп, білім алудан шаршамайтын Арсений сынды жастар елімізде көп болса екен деймін. Мектеп табалдырығын аттаған 1- сыныптан бастап барлық пәннен тек үздік баға алып, күні бүгінге дейін ҰБТ-ның сынақ тапсырмаларынан жоғарғы нәтиже көрсетіп, білім бәйгесінің республикалық кезеңінен жүлдемен оралған мектебіміздің мақтанышы, «Алтын белгі» үміткері Арсений Питерский биылғы жылдың «Үздік түлегі» деген атқа әбден лайық деп санаймын!
М.ДЖУМАБАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі