Балалар өмірінде кезекті оқу жылы да басталып кетті. Әсіресе, бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін аса маңызды. Айрықша мәні бар «Білім күні» аудан орталығындағы Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебінде «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбында салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиын 11-сыныптың белсенді оқушылары Нұрәділ Бекмұханов, Айару Ибатуллина және Дильназ Бисешованың мемлекеттік ту мен мектеп аманатын ортаға әкеліп, еліміздің әнұранының шырқалуымен басталды. Сағынышпен күткен мерекенің алғашқы сөз мектеп директоры Гүлзада Неталиевға берілді.
– Құрметті оқушылар, ұстаздар, ата-аналар және мектеп қонақтары! Мектептің педагогикалық ұжымы атынан сіздерді жаңа оқу жылының басталуы – «Білім күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Биылғы 2022-2023 жаңа оқу жылын 1245 оқушымен, 56 сынып жиынтығымен бастағалы отырмыз. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 110 оқушы қабылданды. Мектеп ұжымында 110 мұғалім бар. Өткен оқу жылында мектепті аяқтаған 48 оқушының 14-і мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Жазғы демалыста 60 оқушы Железноводск қаласында, Көкшетаудағы «Балдәурен» сауықтыру лагерлерінде демалып қайтты. Кішкентай бүлдіршіндеріміздің талабы оң, қадамы құтты болсын! Ел ертеңі – сендерсіңдер. Қиялдарың ұшқыр болып, қанаттарың талмасын! Қадірменді ұстаздар, сіздерге тәуелсіз еліміздің болашақ иесі – жас ұрпақтың бойында тұлғалық қасиеттерді ұштап, кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдап, білім сапасын арттырудағы игі бастамаларға жаңа серпін, шығармашылық табыс тілейміз,-деді Г.Қорғанбайқызы.
Шуақты қыркүйек айының алғашқы күні оқушы қауым алтын ұяларына қайта оралып, сыңғырлаған қоңырау үнімен табысып отыр. Сондай-ақ, жиынға қатысқан аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрғали Аруев та жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Адам баласы барлық арман-мақсаттарына өміріндегі сарқылмас қазына – білімі арқылы ғана жете алады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларына жаңа жетістіктер мен ашылуларға ұдайы ізденіс, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін. Аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында биылғы жылы Талдыкөл, Қосарал, Ақтоғай орта мектептерінде асхана мен кітапхананы жаңарту жұмыстары жүргізілді. Толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізу, құрал-жабдықпен қамтуға 47 млн теңге қаражат бөлінді. Жеке тұлғалардың өтініші негізінде 671 отбасының 528 баласына 38 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Махамбет ауылында құрылысы жүріп жатқан 300 орындық интернатымен 600 орындық мектеп 2023 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде,- деді Н.Латифұлы.
Міне, мектеп табалдырығын жаңа аттаушы бүлдіршіндердің мәңгі есінде қалар жаңа оқу жылының басталуын айғақтайтын алғашқы қоңырау да соғылды. Бұл құрметке Нұрхан Самат, Жұлдыз Әміржан, Жарасхан Нұрланұлы және Гүлім Гайсина ие болды. Осынау шуақты мерекеде қадамдарын алғаш аттаған бүлдіршіндер сазды сәлемдемесін жолдады. Кейін бірінші сынып оқушылары өз сыныптастарымен бірге партаға отырып, ұстаздарымен, алғашқы оқулықтарымен танысты.
Айта кету керек, ауданда 15 мектеп пен 17 балабақша, 3 мектептен тыс мекеме жұмыс жасайды. Жаңа оқу жылында мектептерде 5794 оқушы 311 сыныпта білім алады деп жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында аудан бойынша 590 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаса, білім мекемелерінде 1048 ұстаз білім мен тағылымды тәрбие берреді. Олардың табанды еңбектері мен тынымсыз ізденістерінің нәтижесінде оқушылар облыстық, республикалық сайыстарда үздік нәтиже көрсетіп, аудан мәртебесін өсіруде.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ
Суреттер автордікі