Отбасымен кітап оқу дәстүрін қайта жаңғырту, балалардың жан-дүниесінде рухани ізгілік пен кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, отбасы мүшелерінің кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында аудандық «Ең үздік оқырман отбасы» байқауы ұйымдастырылды.
Байқауға 4-сыныпты аяқтаған оқушылар әжесі, әкесі, анасы, отбасындағы бауырларымен бірлесе отырып қатысты. Қатысушылар Оразақын Асқардың «Ауыл балалары мен қала балалары» кітабы бойынша 8 бөлімнен тұратын тапсырмаларды орындады. «Маған ұнаған...» бөлімінде авторға, кітапқа, мазмұнға, кейіпкерге қатысты өз сезімін, шынайы лебізін білдірсе, екінші бөлімде берілген әдеби шығармадан алынған өзекті дәйексөздерді айтты. Үшінші бөлімде кітаптың мазмұнын топ басшылары әңгімелеп берген болса, «Жалғасы бар...» бөлімінде қатысушылар кітаптың жалғасын тауып, өз ойымен аяқтады. «Кітап мазмұнында кездескен дауыстар» әр түрлі шу мен дыбыстарды қолдана отырып, мәтінді оқып, кітапты дыбыстау талабын орындады. Байқаудың алтыншы, яғни «Біз оқимыз және сурет саламыз» бөлімінде шығармада айтылған әңгімеге қатысты сурет салды. «Театрлық көрініс» бөліменде берілген кітаптан көрініс көрсетсе, соңғы бөлімінде букфест дайындады.
Жанұя мүшелері байқаудың барлық бөлімінде сауаттылық пен ынтымақтастықтың, бірлік пен татулықтың, жоғары шығармашылық қабілеттерінің арқасында жоғары нәтиже көрсете білді. Қазылар алқасының қорытындысына сай қатысушы командаларға аудандық білім бөлімінің І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдары мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. «Ең үздік оқырман отбасы» байқауының аудандық кезеңінде жүлделі І орынды иеленген Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің атынан қатысушысы Мақсат Мухаметгазиевтың отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ