Кітап оқымайтын қоғам

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қалың жұртшылық арасында кеңінен қолдау табуда. Өйткені, сахарада су іздеп, суыт желген құландай адамдарды рухани шөл қыса бастағандай. Әп дегенде нарықтың дүмпуімен дүрмекке ерген қалың бұқара түрлі жолдармен нәпақасын тауып, күнкөріс қамымен барлық ой-санасын материалдық игіліктерге тәуелді етіп қойған еді.

Елбасы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. Рухани жаңғырудың мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс» делінген. Ал, құлағына сым қыстырып, ұялы телефонындағы өзі де түсінбейтін даңғаза әуенді тыңдап, әулекіленіп, алабажақ киініп, сағыз шайнап жүрген жастарды көргенде қарадай қарның ашады. Оларды рухани мешел жандар десем, бәлкім намыстанар. Бірақ шындығы сол. Ал, оларға газет-журнал, кітап оқисың ба? деп сауал қойсаң, «сіз не айтып тұрсыз осы?» деп қарсы сұрақ қоюы кәдік. Біздің де әңгімеміз сол, кітап оқымайтын қоғам жайында болмақ. Аудан әкімі Сырым Мұратұлы елді мекендерді аяқтай жүріп аралап, танысқанда құлазыңқырап тұрған мәдениет үйлері мен кітапханаларға кідіріңкіреді. Неге? Сұрастырып білгеніндей, кітапханалардағы кітап қоры пәленбай мыңнан асады. Жаңа кітаптарды сатып алу үшін де жыл сайын мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінеді. Мән-жайға қаныққан аудан басшысы «ал, оқырмандар саны қанша?» деп сұрақты төтесінен қойғанда кітапханашылар сабақ білмейтін баладай кібіртіктеп, тілдерін тістейді. Сонда ешкім кітапқа қызықпайтын, оқымайтын болса, босқа ақша шығарып, неге кітап сатып аламыз? Үйлеріне кітап жаздырып алып оқитын ауыл интеллигенциясынан кім бар? деп әкім тағы да журналға үңілмей ме. Тағы жауапсыз сұрақтар. Демек, ешкім кітап оқымайды деген сөз. Бұл көрініске түңілген аудан әкімі С.Рысқалиев сол бойда шұғыл шешім алып, бюджеттен қаржы бөліп, кітапханаларға жеткілікті мөлшерде заманауи технология-ноутбук сатып алуға пәрмен берді. Бәлкім тығырықтан шығудың бір жолы осы болар. Айтпақшы, ауыл әкімдерін де кітапханамен тығыз байланыс орнатып, кітап алып оқуға міндеттеді.

Көріп отырғанымыздай, бұл жерде кітапханаларда жүйелі жұмыс жоқ болып отыр. Олай дейтініміз, қазір нарық заманы, өз күніңді өзің көр қағидасымен өмір сүрудеміз. Әркім өзінің өнімін жарнамалап, жұмысына жан бітіреді. Мәселен, журналистер қауымы баспасөзге жазылу науқаны кезінде «рухани жан азығынан құр қалмаңыз, газетке жазылыңыз» деп «жарапазан» айтып, алашапқын болады. Қалталы азаматтарды демеушілік жасауға үгіттеп, алақан жаюдан да арланбайды. Өйткені, қызметіміз үшін алатын жалақымызды адалдауымыз керек. Сол сияқты кітапханашылардың да «ұйқыдан оянатын мезгілі жетті. Базарға барсаң да: «мынаны ал, мынаны ал» деп тауарларын тықпалап тұрғандарды көресің. Біздіңше, кітапханашылардың өткізетін, оқырманға жеткізетін тауары-кітап. Олай болса сөреде сірескен, қоймада тау-тау болған кітаптардың ертеңді-кеш шаңын жұтып отыра бермей, қарекет жасау керек.

Ал, кітапханашылар анда-санда жаңадан түскен кітаптар туралы газет бетінде библиографиялық шолу жасап қойып, пістесін шағып отыра береді. Бұлай болмайды. Бүкіл ақыл-ойын санасында сығып, көз майын тауысып жазған ақын-жазушыларымыздың еңбектерін елеп, ескермегеніміз бе? Сонда кім үшін жазды олар? Әлі де болса рухани тоқыраудың батпағынан шыға алмай жатқандаймыз. Өйткені, жазушы мен кітапхана, оқырман арасында ешқандай байланыс жоқ. Баспадан шыққан кітаптардың тағдыры не болып жатыр, онымен де бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Ал, Елбасының рухани жаңғыруға шақырған бағдарламалық мақаласы қоғамның тамыр бүлкілін дөп басып, жаңаша өмір сүру дағдысына жетелейді. Осы тапсырмаларды орындап, халық арасында кеңінен насихаттауда кітапханашылар да алдыңғы лектен көрінуі тиіс. Бұл орайда, жұмысты ұйымдастырудағы бұрынғы кеңестік кезең тәжірибелерін еске алсақ та жеткілікті.

Шағын елді мекендердің бәрінде кітапхананы айтпағанда бір-бір кітап дүкендері болатын. Жаңадан түскен кітаптарды ауыл адамдары таласа-тармаса пышақ үстінде бөліп алатын. Ертесіне кітап мазмұнын, ой-түйіндерін бір-біріне айтып, арты пікірталасқа ұласып жататын. Жақсы кітап оқысаң, жаның жадырап, күні бойы ерекше бір сезім құшағында жүретінсің. Мұны өз басымыздан кешкесін айтып отырмыз. Бұл кітаптың құдіреті, рухани серпіліс десе болар. Мектепте оқып жүрген кезімізде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазымыз көркем шығарма оқуға құштарлығымызды оятты. Сабақ сайын кім қандай кітап оқығанын сұрап, тапсырма беріп отырады. Оқыған кітаптарымыздың авторын, қысқаша мазмұнын жазып, аннотация жазу үлгісін үйреткені де есімізде.

Ал, кітапханаларда апта сайын белгілі бір шығарма бойынша диспут өтетін. Оған кәдімгідей ойымызды жинақтап, қағазға жазып дайындалатынбыз. Ал, ұйымдастырушы кітаптағы мына бір жағымсыз кейіпкер туралы сенің пікірің қандай, айта қойшы дегенде сайрап ала жөнелетінбіз. Кітапты көп оқығандарды марапаттауды да ұмытпайтын. Міне, сол мектептен алған білім негізі әлі күнге дейін рухани қажетімізге жарап келеді. Кездесулерде айтудан бір жалықпаймын.

Мектебіміздің оқушылар линейкасы өтетін кең дәлізін бойлай «Кітап оқымаған адам, ойлаудан да тиылады. Дидро» деген жазу ілініп тұратын. Дидроның кім екенін танымаймын, бірақ өз басым осы сөздің айна-қатесіз шындығына имандай сенемін. Шалғайдағы малшылар ауылына жиі қатынайтын үгіт бригадасы үйіп-төгіп газет-журнал, жаңа кітаптар апаратын. Онда да: өткендегінің жалғасы бар ма? деп жапатармағай қол созып жатқан оқырмандарды көріп, көз сүйсінетін. Енді өттің дәурен деп өкініш білдіргенмен ол кез қайтып оралмайды. Сонда не істеу керек? Оқырмандар тартудың бірлесе жолын іздестіріп, адамдарды кітаппен достастыруға үйретуіміз керек. Ол үшін мектептерде кешенді бағдарламалар жасақталып, кітапханамен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс атқару керек деп ойлаймын. Кітапханашылар арнайы жоспар жасап, мектептерге барып, кездесу жиындарын өткізіп, оқырмандар тартудың жолдарын қарастырғандары жөн.

Мектеп басшылығы, әдебиет пәні мұғалімдері де бұл бастамаға қолдау көрсетіп, оқушылардың білім көкжиегін кеңейтіп, кітапқа деген қызығушылығын оятуға атсалысқандары абзал. Жалпы қазіргі заманда балалардың бәрін бірдей кітап оқуға міндеттеу қажет те болмас. Бірақ әр сыныпта әдебиетке жақын ақынжанды оқушылар болады. Солардың басын біріктіріп, мектепте әдебиет үйірмесін құрып, бір жолға салып жіберсе, әрі қарай оқушылардың өзі алып кетер еді. Үйірмеге жетекшілік жасайтын ұстаз аға-апайлары талғам таразысына салып, үйірме мүшелерінің оқуға міндетті кітаптарының тізімін беріп, сол бойынша айына екі рет оқыған кітаптары жөнінде пікірталас ұйымдастырып отырса,кеудесінде сәулесі бар балалардың өздері де талпынар еді.

«Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, араларында өлең жазуға машықтанып жүргендер де болуы мүмкін. Олардың да аяқ алысын қалт жібермей қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырса, шығармашылық ізденіспен алға ұмтылар еді. Өйткені қазіргі танымал ақындардың бәрі де мектеп қабырғасында жүріп өлең жазып, қауырсын қанаттарын қатайтқандар. Әдебиет үйірмесі мүшелерінің шығармашылығы негізінде лайықты ат таңдап, мектеп қабырға газетін тұрақты шығарып тұрса, оқушылардың ой-өрісі кеңейіп, қаламы да ұштала түсер еді. Ұлттық тілімізге, өнерімізге өріс ашатын шын жанашыр адам қай мектеп, қай ауылда да бар. Солардың потенциалын пайдаланып, әдебиет үйірмесін жандандырса, нұр үстіне нұр. Әдебиет үйірмесінің жетекшісі болып бекітілген мұғалімді ынталандыру мақсатында қосымша жүктемесі үшін еңбекақысына үстеме қосудың заңдылығын ойластыру керек. Жылт еткен жаңалық оқушылар арасында тез тарайды. Бір-бірінен естіп, біліп, бірте-бірте әдебиет үйірмесіне жазылуға ниет білдіргендер қатары көбеюі мүмкін. Айтқанды қағып алатын, жаңаша ойлайтын, патриоттық сезімдері атойлап тұрған ұлтжанды белсенді оқушылардың басын біріктірген әдебиет үйірмесі жанданып жүре берер еді.

Қазіргі заманда аяқ астынан жаңалық ашып, біреуді қызықтыру қиынның қиыны. Сондықтан ең бастысы, бұлақ көзін ашып, оқушылардың ұлттық құндылықтарымызға деген қызығушылығын оята білу. Ол оңай шаруа емес, бірақ жолдарын іздестіріп табу керек. Балаларды кітап оқуға дағдыландыру балабақша, бастауыш сыныптарда бастау алса, одан әрі қарай арнасын кеңейтер ме еді. Өкінішке орай, тамырына су жетпеген жас өскіндей балдырғандарымызға рухани жан азығы жетпей жатыр. Олардың бар білетіні, «Маша и медведь» Үйге келсе де сол. Жұмыстан шаршап келген анасы құлағының тыныштығын ойлап, қыңқылдаған бүлдіршінге қолындағы қымбат ұялы телефонын ұстата салады. Одан кейін не істеу керек екендігін жүгірмектердің өздері біледі. Ал, ата-анасы балабақшада бүгін қандай ертегі оқып үйрендіңдер? деп бір кезек баласына көңіл бөліп, өздері де ертегі оқып беріп, түсінгендерін пысықтап сұрап отырса, сәби санасы мұндай ақпаратты тез қабылдар еді.

Ал, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтайтын, өн бойы философиялық терең ойға тұнып тұрған қазақтың ертегілері аз ба? Бір ғана «Ертөстік» ертегісінің өзі неге тұрады? Қаншама уақыт өтсе де өзінің мән-мағынасын жоғалтпаған тұғыры биік «Ертөстік» ертегісін әрбір бүлдіршінге оқуға міндеттесе- жақұт-жауһар толы қазыналы көмбенің үстінен түскендей бір серпіліп қалар едік-ау!

Кітапқұмарлықты арттыру қозғалысы жоғарыда айтқанымыздай, балабақша, мектептен басталып, кітапханада жалғасқаны жөн. Ол үшін кітапханашылар да «шөп басын сындырып» жұмысқа жаңаша көзқарас танытулары тиіс. Оқырман тартудың жолдарын ойластырып, түрлі диспут, оқырмандар конференциясын ұйымдастырса, нұр үстіне нұр. Жергілікті ақын-жазушылармен кездесу өткізіп, кітап кеміріп өскен аға буын өкілдерін тыңдаған артық етпейді. Елді мекендерге көшпелі кітапхана ұйымдастырып, жаңа әдебиеттерді насихаттап қана қоймай, сол сапарда ең кемі түрлі жастағы он оқырман тауып қайтса, аз олжа болмас еді. Кітап оқудың адамға қаншалықты пайдалы екендігін айтып-ұғындыру кітапханашының біліктілігіне, ойын жеткізіп, сендіре білуіне байланысты. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан да іннен шығады» демей ме, атам қазақ.

Бұл жерде де кітапханашыларға интеллектуалдық, шығармашылық ізденіс қажет. Жоғарыда аудан әкімі оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында кітапханаларға планшет сатып алып беруге қаржы бөлетінін айттық. Бұл әрине, құптарлық жағдай. Бірақ мұнымен іс бітті деп жылы жауып қоюға болмайды. Неге десеңіз, кітапханалардың материалдық техникалық базалары әбден тозығы жетіп ескірген. Бетке ұстар аудан орталығындағы кітапхананың да оңып тұрғаны шамалы. Ал, шалғай ауылдардағы кітапханалардың жағдайы сын көтермейді десек, артық айтқандық емес. Кейбіреулерінің төбелерінен тамшы ағады.

Бұрынғы шаруашылық әдіспен салынған жатаған үйлер еңсеңді езе түседі. Қара көлеңке бөлмелердегі темір стеллаждардың арасынан сыртқы киіммен жүрген кітапханашының сұлбасы қараяды. Өйткені, жамау-жасқаумен әрең тұрған жылу жүйелері жылытып жарытпайды, қанжылым ғана. Мұндай жағдайда көміліп кітап оқы деудің өзі буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей болуы мүмкін. Сондықтан рухани жаңғыруға батыл бетбұрыс жасап жүрген аудан басшысы Сырым Мұратұлы қаржы көзін қарастырып, «кітапхана реформасын» жасап жіберсе,нұр үстіне нұр. Бірте-бірте қаржылық мүмкіндікке байланысты заманауи кітапханалар салынса, ой санасы жетілген оқырмандар да сол маңнан табылар еді-ау деп топшылаймыз. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT