Білім саласына жаңашылдық керек

Білім саласы – ең маңызды сала. Өйткені, еліміздің болашағы жастар. Ал жастардың келешегі жарқын болуы үшін сапалы біліммен қамтамасыз ету ұстаздардың басты міндеті. 

 

 

Аудан әкімі ретінде алғашқы кездесуін де осы саладан бастап, аудандық білім бөліміне, әдіскерлерге, мектеп директорларына білім сапасын көтеруге тапсырма берген болатын. Осы тапсырмалардың орындалысы қандай деңгейде екенін зерделеу мақсатында аудан басшысының төрағалығымен тағы бір кездесу өткізілді. Онда ҰБТ-ға дайындық, төмен көрсеткіш көрсетіп отырған мектептердің сапасын көтерудің амалдарын қарастыру, т.б маңызды мәселелер талқыға салынды. Алғашқы кездесуде Сырым Мұратұлы әдіскерлердің жұмысын жандандыруға ерекше тоқталған болатын. Әдіскерлер білім саласының шамшырағы екенін айтып, олардың кабинетте қағазға көміліп отырмай, ауыл мектептерін аралап, ұстаздарға әдістемелік көмек көрсетуі қажеттігін тапсырып еді. Осы тапсырманы басшылыққа алған аудандық білім бөлімінің әдіскерлері мектептерге барып, сабақ өткізу тәжірибесін қолға алыпты. Әдістемелік кабинет меңгерушісі

Меллят Бекимова Жалғансай, Қызылүй, Алмалы орта мектептеріне барып, математика пәнінен сабақ бергенін, Индира Алмурзина география пәнінен картамен жұмыс жасау арқылы балаларды қызықтыра алғанын, Сәнім Қошқарбаева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қызықты ақпараттар ұсыну арқылы балалардың қызығушылығын оятқанын айтып өтті. Әдіскерлер мұғалімдерге апталық жоспарларын жасауға көмектесіп, ақыл-кеңестерімен бөліскен. Аудандық білім бөлімінің басшысы Самат Жайлашевтың айтуынша, әдіскерлер барып келген мектептердің білім сапасында айтарлықтай ілгерушілік байқалған көрінеді. Ал жаңартылған білім беру ісінің бастауыш сынып бойынша әдіскері Бибігүл Сәресқызы жаңа білім жүйесінің мұғалімдерге үлкен жауапкершілік жүктеп, тың ізденісті талап ететінін, осындай жауапкершілікті мойындарына алуға көптеген ұстаздардың дайын еместігіне тоқталды. Семинарларға, оқу курстарына барып келген мұғалімдердің сол жерде алған білімін өзге мұғалімдермен бөліспейтінін де тілге тиек етті. Осы орайда өзі барған семинарлардан алғанын барлық мектептердің электронды пошталарына жолдап жүргенін және мектептерді аралап, мұғалімдерге жаңартылған білім беру бойынша көмектескенін мәлімдеді.

Аудан басшысы әдіскерлерге мұндай жұмыстардың тоқтап қалмай, алға қарай да жалғасын таба беруі қажеттігін ескертті. Алғашқы жиында аудан басшысының айрықша көңіл бөлген мәселесі мектеп директорларын біліктіліктерін арттыру курстарында оқыту болатын. Бұл тапсырма да өз деңгейінде орындалып, бірнеше директор оқуға барып келген. Сырым Мұратұлы бала саны ең аз, мұғалімдері бірнеше сыныпқа бірге сабақ өткізетін Еңбекшіл негізгі мектебінің директорына бір жаңашылдық енгізу арқылы білім сапасын көтеру қажеттігін міндеттеді. Жаңа ұсыныстары болса, қолдауға дайын екенін де айтып өтті. Білім саласындағы жетістіктер мен кемшіліктерді талқылауға арналған келелі кездесуде жас мамандарды үймен қамту мәселесі де көтерілді. Бұған орай аудан басшысы болашақта жастарды ауылға қажетті мамандыққа тегін оқыту тәжірибесін қолға алатынын айтты. Бұған қоса ҰБТ-ге дайындықтың жоғары дәрежеде болуы керектігін де ескеріп, демеушілік көмек негізінде, республикалық деңгейдегі жоғары оқу орындарынан білікті ұстаздарды алдыруды да қарастыратынын жеткізді.

 

 

Баян СҮЙЕУОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT