«IQanat» олимпиадасының өзге білім додалардан ерекшелігі – ауыл мектептерін қолдап, үлкен жетістіктерге жетуге жол ашуы.
Бұл олимпиадада мен де өз білімімді шыңдап, бағымды сынаған едім. Мен үшін бұл білім сайысына қатысу үлкен сынақ және тәжірибе десем болады. Себебі,олимпиадаға қатысу арқылы өзімді жан-жақты қырымнан тани бастадым.
Ең алдымен, «IQanat» олимпиадасының І кезеңіне, дәлірек айтсам, 2019 жылдың қараша айының 15-ші жұлдызында О.Шонаев атындағы орта мектепке барып, «Эссе-эрудит» бөлімі бойынша тест тапсырған едім. Шамамен екі аптадан кейін олимпиада қорытындысы келіп, Алмалы орта мектебінен үш оқушы өткендігіне және оның арасында өзім барына шын қуандым. Одан соң олимпиаданың ІІ кезеңі болады деп жүрген кезде, әлемді жайлаған індет елімізге жетіп, төтенше жағдай жариялануына байланысты кейінге шегерілді. Араға екі ай салып, онлайн түрде олимпиаданың ІІ кезеңі бойынша эссе жаздым. Эссеге жазуға дайындығым жақсы болған соң шығар, аса қатты қиын болмады. Нәтижесінде «Республикалық кезеңге жолдама алдың, сен өттің!» деген хабарлама келді.
Бір үміт, бір күдік. Өйткені, мен олимпиаданың ІІ кезеңіне дейін ауылдың, яғни Алмалы орта мектебінің оқушысы болған едім. Кейін менің білім алып жатқан мектебім Атырау қаласына қосылған еді. Содан маған ІІІ кезеңге қатысуға рұқсат етілмеді. Шыны керек, осы хабарды координаторымнан естігенде төбемнен жай түскендей болды. Араға тура бір ай салып, білім күнінде маған ең керемет жаңалық келіп түсті. Мен «IQanat» олимпиадасының ІІІ кезеңіне қатысуға нақты түрде жолдама алып, жобаға қайта оралдым. Осы орайда Атырау облысының координаторы Сауле Далуовна Кубашеваға және «IQanat» олимпиадасының директоры Айжан Ерханқызы Садықоваға шексіз алғысымды білдіремін.
Республикалық кезеңге жолдама алғаннан кейін Атырау облысы бойынша 7 ауданнан жиналған 21 оқушы Алматыға қаласына бардық. Олимпиада Қапшағайдағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында өтті. Ол жерде әр өңірден жиналған оқушыларға түрлі тренинг, семинарлар өткізіліп, біздерге барлық жағдай жасалды. Сайыстың соңғы кезеңінің ашылу салтанатынан кейін қатысушылар өз аудиторияларына тарқасып, эссе жазуға кірісті. Қорытындысында атыраулықтар барлық пән бойынша ең жоғарғы орташа ұпайды жинап, бас жүлдені қанжығаға байлады. Сол сәтте біздің команданың төбесі көкке бір елі жетпей тұрған еді. Ұпай нәтижесі бойынша әр өңірден жиналған үздік 100 оқушыға мобильді планшет сыйға тартылды. Сол оқушылардың қатарынан біздің атыраулық 5 айқанаттық оқушы табылды. Сондай-ақ, «IQanat» қоры барлық жеңімпаздарға «Мотивациялық кітаптар» мен ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіндік беретін кітапшалар сыйлады.
Жалпы «IQanat» олимпиадасы мен сияқты ауыл балаларына жаңа достар, жаңа орта табуына, өзін жаңа қырына танытуына теңдессіз мүмкіндік сыйлады. Бұл – біздің болашағымыз үшін есігін айқара ашқан алтын қақпа. Олимпиаданың тағы да бір ерекшелігі – ата-анамызға салмақ салмай, барлық шығынды «IQanat» олимпиадасының қоры өздерінің төлеуі. Бұл олимпиада менің жұлдызымның жануына, білімімнің шыңдалуына бірден-бір себепші бола білді.
Т.РАХЫМЖАН,
Алмалы орта мектебінің 10 сынып оқушысы