Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, облыстық ішкі саясат басқармасы және «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен білім беру саласында «Парасатты мектеп басшылары» атты облыстық байқауы өтті.
Мектеп басшыларының қоғамда парасаттылықты қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту, сыбайлас жемқорлық мәдениеттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға жеті аудан мектептері мен бір қала мектебінің директорлары қатысып, біліктіліктерін сынады.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, «Мен адалдық жаршысы, ту ұстаған» атты бірінші кезеңде қатысушылар білім саласына сіңірген еңбектері туралы және өздері басқарып отырған мектептің дамуына қосқан оқушыларының жетістіктерін слайд, бейнебаян арқылы таныстырса, «Білікті басшы – заман табалы» атты екінші кезеңде эссе жазудан сынға түсті. Ал, үшінші «Ұшқыр ойлы басшы» кезеңінде мектеп директорлары билет бойынша берілген сауалдарға жауап беріп, білімдерін сарапқа салды.
Махамбет ауданы атынан бақ сынаған Қосарал орта мектебінің директоры Әлібек Олжағалиев "Алғыс хатпен" марапатталды. Ал, Атырау қаласындағы Х.Доспанова атындағы орта мектеп директоры Дулат Елемесұлы III орынға ие болса, II орынды Құрманғазы ауданынының Ю.А.Гагарин орта мектебі директоры Жамал Әдебиетқызы қанжығасына байлады. Ал біліктілігі мен білімділігі қатар көрінген Исатай ауданының Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп директоры Табила Игибайқызы I орынды иемденді.
Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Айбек СИРАШ,
"Атырау - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің
Махамбет ауданындағы өкілі