Жуырда Есбол орта мектебінде «Әжелер – асыл жандар» тақырыбында әжелер байқауы болып өтті.
Жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеу, әже өнегесін, тәрбиесін үлгі ету, күнделікті өмірде үлгенге - құрмет, кішіге - ізет көрсетуге тәрбиелеу мақсатында өткен байқауға Алмаш әже немересі Динамен, Қарагөз әже немересі Сабинамен, Ырысты әже немересі Санжармен қатысты.
Байқау бес кезеңнен тұрды. «Тегін білу - тектілік» деп аталатын алғашқы кезеңде өздерін таныстырса, «Шебер әже» кезеңінде Алмаш әже теріні қалай тазалау, илеу керектігін айтып, қасқыр терісін оқушыларға көрсетті. Қарагөз әже құрақ туралы мәлімет бере отырып, бір құрақ көрпені мектебімізге сыйға тартты және ұршық иіріп, жіптен шұлық, қолғап тоқуға болатындығы жөнінде айтып өтті. Ал Ырысты әжеміз ою түрлеріне тоқталып, оны қалай, қайда қолданылатындығы жөнінде мол мағлұматпен бөлісті.
Келесі кезең «Білгенге маржан» салт – дәстүр, әдет – ғұрыпқа қатысты сұрақтарға әже мен немересі жауап берді. Төртінші бөлімде әжелеріміз ұмытылып бара жатқан «Үлпершек», «Кісе нан», «Сарысу» сияқты тағам түрлерін ұсына отырып, оның жасалуына тоқталды. «Әжем айтқан ...» бөлімінде немерелері әжесінің айтқан ертегісін, не өленін айту керек болатын.
Санжар Абай атамыздың өлең жолдарын мәнерлеп оқыса, Дина әжесімен «Жан анам» әнін, Сабина «Қос бәйтерегім» әнін тамылжыта орындап шықты.
Сайыс қорытындысы бойынша ақ жаулықты әжелер «Шебер әже», «Парасатты әже», «Өнерлі әже» номинацияларымен марапатталды. Ұлттың ұлылығын ойлайтын, рухани құндылықтарымызды, дәстүр-салтымыздың өміршеңдігіне қызмет ететін әжелеріміздің ізгі ісін кейінгі ұрпақ асқақтата берсін.
Анар Мусаева,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі