Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұловтың туғанына 100 жыл толуына орай аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен конференция өткізілді.
Оған Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушылары мен ұстаздары, Жастар ресурстық орталығы мамандары мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Алдымен қатысушылар Қайырғали Смағұлов жайында бейнеүзінді тамашалаған соң оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Г.Әлібекқызы жерлес батырдың өмірбаянын жайлы әңгімеледі.
Ол 1919 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Қайыршақты (Томарлы) ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған оны анасы Биғайша өзі өсіріп, тәрбиеледі. Жастайынан оқуға, білім алуға талпынған Қайырғали 1933 жылы Орал балалар үйінде тәрбиеленіп, жетіжылдық білім алады. 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп жүрген кезінде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, майданға аттанып, алғашқы рет фашистермен Дондағы Ростов түбінде бетпе-бет келеді. Қ.Смағұловтың ротасы Азов теңізі жағалауындағы күншығысты жағалай қоныстанған елді мекендерді жаудан азат етуге қатысты. Рота жауынгерлері Владикавказ тау жотасынан Тамань жағалауына дейінгі жау басып алған жерлерді неміс басқыншыларынан босатқан. Осынау жауапты кезеңде өшпес ерлік үлгісін көрсеткен рота сержанты Қайырғали Смағұлов немістің 90 жауынгерін жойып, екі танкіні талқандап, жиырма бес фашисті тұтқындаған.
Оқушылар қазақтың халық жазушысы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романын кезекпен оқып, ауызша әңгімелесе, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалармен жұмыс ісі жөніндегі орынбасары З.Енбаева өзге де конференция қатысушылары бұл шығарма жайлы өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Б.САПАРОВА.