Атыраудағы 93 мектептің бейнекамерасы Жедел басқару орталығына қосылған

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Күн тәртібінде білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі қаралды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова баяндама жасады. Ол ҚР Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы №117 бұйрығына сәйкес облыстағы террористік тұрғыдан осал объектілер инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандырылу үшін үш топқа бөлінгенін айтты.

- Бүгінде І топтың объектілері 100% бейнебақылау камерасымен және хабардар ету жүйесімен қамтылды. ІІ және ІІІ объектілерге жататын 146 мектеп бейнекамералармен, турникеттермен 100% қамтылған. 93 мектептің бейнекамералары  Жедел басқару орталығына қосылған. Ал қалған мектепті қосу тамыздың соңына дейін жүзеге асады. Ал осы топтағы 138 мектеп дабыл түймесімен 89% қамтылды. 64 мектептің дабыл түймесі мамандандырылған күзет жүйесі арқылы қосылды. 8 мектептің дабыл түймесі Жедел басқару орталығына қосу жұмыстары тамыз аяғының соңына дейін жүргізіледі. Бұл жұмыстар үшін облыстық мәслихат сессиясынан қаржы сұратылды,-деді Г.Сәдуақасова.

Облыс әкімі өткен әкімдік отырысында бір ай ішінде барлық мектептің қауіпсіздігін тексеру туралы берілген тапсырмасының орындалу барысын сұрады. Гүлнар Садуақасова бұл жұмыстарға бес мониторингтік топ құрылғанын, олармен бірлесе жан-жақты жұмыс жүргізілгенін айтты. 

Сондай-ақ облыста бейнекамераға қосылмаған 64 мектепті жыл соңына дейін полицияның кезекші бөліміне қосуды, лицензияланған күзетпен қамтылмаған аудандардағы мектеп пен балабақшаға келісімшарт жасасуды тапсырды.

- Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында камера орнату талаптарын бәріне бірдей қойып, барлығын бір бағдарлама жүйесіне енгізу керек.  Бейнекамерасы жоқ  мектептерді толық қамту үшін қаражат қарастырайық. Негіздеменің бәрі жасақталса, қаражат береміз. Алайда, кейін ол мәселеге қайта келмейтіндей болуы керек. Интернет, дабыл түймесі, камерасы да іске қосылып, жұмыс істеуі қажет. Қағаз жүзінде емес,-деді С.Шәпкенов.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521