«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» - деп қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, білім жолында шәкірттерді оқыту мен тәрбиелеуде өзіндік қолтаңбасы бар Жалғансай орта мектебінде тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектерін білім нәрімен сусындатып, бүгінгі күні әріптестерінің ыстық ықыласы мен құрметіне, шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленген ұстаздарымыздың бірі тарих пәнінің мұғалімі – Ақмарал Досқалиева.
«ҮЗДІК ПЕДАГОГ – 2022»
Ақмарал Мендібайқызы 1974 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1981-1991 жылдары Жалғансай орта мектебін күміс медальмен бітіріп, 1991-1996 жылдары Атырау мемлекеттік университетінің тарих факультетінде тарих және құқық пәндерінің мұғалімі бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын 1995 жылдың 1 қыркүйегінде Жалғансай орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып бастап, бүгінгі күнге дейін осы мектепте 28 жыл көлемінде қызмет атқаруда.
Ақмарал Мендібайқызы – шығармашылықпен жұмыс істейтін, өз пәнін жетік меңгерген шебер ұстаз. Өз жұмысында оқушылардың оқу іс-әрекетін белсенді ұйымдастыра біледі, инновациялық жұмыс түрлерін, сын тұрғысынан ойлау мен жазу технологиясын қолдана отырып, пәнге деген қызығушылығын арттырады. Ұстаздық еңбек жолында Ақмарал Досқалиева әдістемелік шеберлігін арттырып, мектепішілік, аудандық, облыстық деңгейдегі сайыстар мен семинарларда ашық сабақтар, коучингтер өткізіп, өз іс-тәжірибесімен үнемі бөлісіп отырады. 2019 жылы облыстық білім басқармасының, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық тарих пәні мұғалімдерінің семинарында ашық сабақ көрсеткені үшін Алғыс хатқа ие болды.
Сонымен қатар республикалық Е.Б.Бекмаханов және КИО олимпиадаларында жеңімпаз атанды. Республикалық «Qazaq bilimi» журналында «Үздік сабақ жоспары» үшін ІІ орын иеленді. Республикалық НИО олимпиадасында І орынмен марапатталды. 2020 жылы республикалық Е.Б.Бекмаханов олимпиадасында бірінші, аудандық тарих пәні мұғалімдерінің семинарында ашық сабақ көрсеткені үшін Алғыс хатқа ие болды. Сол жылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Алғыс хатымен марапатталды. 2021 жылы «Қазақстан ұстазы» республикалық ғылымиәдістемелік журналында «Саясаттану негіздері тарауын қорытындылау» тақырыбындағы сабақ жоспары жарияланды. Ал 2022 жылы республикалық Е.Б.Бекмаханов олимпиадасында ІІІ орынмен марапатталса, Атырау облыстық әдістемелік орталығының Алғыс хатына ие болды. Педагогтар қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік педагог – 2022» республикалық байқауына қатысып, ұсынған жұмыстары үздік деп танылып, «Үздік педагог» номинациясымен және төсбелгісімен марапатталды. ҚР Білім және Ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік педагог-2022» байқауының аудандық кезеңінде жұмыстары үздік деп танылып, «Үздік педагог» атағын иеленді.
ШӘКІРТТЕРІ ҚАШАН ДА ОЗА ШАПҚАН
Ақмарал Досқалиеваның шәкірттері де республикалық, облыстық, аудандық түрлі байқауларда жүлдемен оралып жүр. Атап айтар болсақ, 10-сынып оқушысы Арай Телжанова 2018 жылы облыстық пәндік олимпиадада Қазақстан тарихы пәніне жүлделі 3-орынды иеленсе, ғылыми жоба сайысында екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Мағжан Есенжан аудандық олимпиадада Қазақстан тарихы пәнінен екі жыл қатарынан бойынша жүлдегер атанса, Әсел Аухадиева республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиадасында 3-орынға ие болды. 2020 жылы аудандық ғылыми жоба сайысында 9-сынып оқушысы Құндыз Киікбаева жеңімпаз атанып, облыстық ғылыми жоба сайысында алғыс хатпен марапатталды. 2022 жылы аудандық ғылым негіздері бойынша пәндік олимпиада Қазақстан тарихы пәні 11-сынып оқушысы Ділдә Салықова 3-орын иеленді. Республикалық «Тарих ата» қашықтық олимпиадасында 9-сынып оқушылары Әсел Аухадиева, Арай Мұратқызы, Гульфия Самыратова, Дина Жеңіс, Аружан Мұратбек, Аслан Елеукен бірінші, Әсел Сисенбі, Даниял Тынымжан, Жандос Уап екінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Өткен жылы аудандық 5-6 сыныптар арасында өткен пәндік олимпиадада Қазақстан тарихы пәні бойынша 5-сынып оқушысы Ұлболсын Самырат ауданнан бірінші, облыста үшінші орынға ие болды. Ұстаз жолын қуған шәкірттерінің бірі Жансая Меңдігереева Жалғансай орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет етсе, Жанар Хамзиева заңгерлікпен айналысуда.
БІЛІКТІ МАМАН, «ПЕДАГОГ-ЗЕРТТЕУШІ»
Ақмарал Досқалиева 2000-2011 жылдар аралығында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Осы аралықта ол өзінің білімділігі мен шеберлігін көрсетті. Мектеп модераторы ретінде «Самғау» қоғамдастығын құрып, сабақты зерттеу тобына жетекшілік ететін көшбасшы мұғалім атанып, 2018 жылы «педагог-зерттеуші» біліктілік санатын алды. Ақмарал Досқалиева білім саласының дамуына зор үлес қосып келеді. Ол осы еңбек еткен жылдары өзін іскер, ұйымдастырушылық қабілеті мол, білікті қызметкер ретінде көрсете білді. Өзінің алдына қойған міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарайды. Қызметкерлер арасында өте беделді. Тәжірибесі мол, білімді де білікті ,өз мамандығын жетік меңгерген ұстаз. Сабақтарын, түрлі шараларын үлкен ізденіспен, қазіргі заманға сай оқытудың жаңаша әдістерін пайдаланып, баланың жүрегіне жол табатындай етіп өткізеді.
Өз ісіне шын берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін Ақмарал Меңдібайқызы – «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қырсыры мол, қиын да жауапты істі жауапкершілікпен атқарып келе жатқан ұстаздардың бірі. Сондықтан біз Ақмарал Досқалиеваны білімі мен тәжірибесін ұштастыра кемелденіп, бүгінгі күннің өскелең ұрпақтарын білімді, өмірден өз жолын тапқан болашақтың асыл айнасына айналуына өз үлесін қосатын ұстаздардың бірі деп сенеміз.
Мәжит ЕРҒАЛИЕВ,
Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі