Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн станциясы ресми түрде іске қосылды, бұл білім беру мекемесіне электр энергиясын 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жаңа күн станциясы оқушыларға баламалы энергия саласында ғылыми -зерттеу жұмыстарын жүргізуге ғана емес, мектеп жасынан бастап электр қуатын үнемдеуге баулиды және олардың экологиялық сауаттылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Күн станциясын пайдалануға берудің салтанатты рәсімі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шамшидинованың және «Shell» концернінің президенті және төрағасы Херман Бурмейстер қатысуымен өтті.
- Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мектептерге арналған күн энергиясы» пилоттық жобасын іске қосқан еді. Менің ойымша, бұл жаңалық бізге біртіндеп "жасыл экономикаға" көшуге көмектеседі. Мұндай күн батареялары Нұр-Сұлтан, Ақтау және Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде іске қосылды. Мен қазір мектептің электр энергиясын 30 пайызға дейін үнемдей алатынына қуаныштымын », - деді Бақытгүл Хаменова.
Белгілі болғандай, болашақта күн батареялары білім беру мақсатында пайдаланылатын болады. Мектеп оқушылары жобалық және зертханалық жұмыстарды жүргізуге ниетті.
-Ең бастысы, шәкірттеріміз мамандық таңдаудан және жұмысқа орналасудан бұрын, бүкіл әлемде экология мәселесінің қаншалықты маңызды екенін түсінетін болады. Сондықтан, мұндай инновациялардың бірінші кезекте мектептерде енгізілуі үлкен жаңалық, - деп атап өтті Күләш Шамшидинова.
Айта кету керек, бұл жоба ҚР Энергетика министрлігі, NIS дербес білім беру ұйымы мен Shell компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылды. Атырау қаласындағы күн станциясының іске қосылуы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті. Келесі жылы осындай күн батареялары Түркістан облысында да салынады.