Атырау көмекші мектеп-интернатында ұлы Абайға арналған кеш өтті

Ұлы Абайдың 175 жылдығына байланысты Атырау көмекші мектеп-интернатында «Ұлылардың ұлысы-Абай» бірлестіктер арасында байқау ұйымдастырылды.

Оған бастауыш сыныптар және түзету технологиясы, қоғамдық-гуманитарлық пәндер, математика, жаратылыстану және танымдық пәндер, кәсіби еңбекке баулу, кәсіп және әлеуметтік бейімдеу, тәрбиешілер бірлестіктері қатысып, бақ сынасты.

u

Байқауды мектеп-интернат директорының оқу-тәрбие жұмыстарының орынбасары А.Ораққалиева ашып, бұл шараның елімізде өтіп жатқан Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналғанын айтып, бірлестіктерге сәттілік тіледі. Алдымен әр бірлестік ұлттық киімде шығып, реттік нөмірін суырып, өз орындарына жайғасты. Байқау шартына сай әр команда өз тұсаукесерін қорғап, Абай өлеңдерін, қара сөздерін мәнерлеп оқып, әндерін шырқап, сауалдарға жауап берді.

u

Ортаға алғаш шыққан қоғамдық-гуманитарлық пәндер бірлестігі слайд арқылы Абай ақынның өмірдерегіне, шығармашылығына, «Абай жолы» эпопеясына тоқталды. Бастауыш сынып және түзету технологиясы бірлестігі слайд арқылы Абай өмірбаянын, руын, өлеңдеріне шолу жасады. Әрі Ұлы Абайдың-175 жылдығына баннер жасапты. Кәсіби еңбекке баулу, кәсіп және әлеуметтік бейімдеу пәндер бірлестігінен С.Баймишева Ұлы Абайдың аудармаларына тоқталып, үш күйі барын да еске салып, өткен шаралар, ашық сабақтарды слайдтан көрсете кетті. Тәрбиешілер бірлестігінен шыққан Г.Шапихова ел Президенті Қ.Тоқаевтың Абай туралы мақаласын, 10 өзекті ойын атап өтіп, 41 қара сөзіне тоқталды. Ал математика, жаратылыстану және танымдық пәндер бірлестігінен А.Қазиева да қазақтың сөз зергері, данышпан, сазгер, ақын Абай туралы құнды ойларын жеткізді.

ulyabai1002206

«Өлең-сөздің сарасы» бөлімінде Абай жырларына кезек берілді. Жәния Кенжеғұлова «Қартайды, қайран арман» өлеңінен бастап, Абайдың бірнеше өлеңін жатқа оқыды. Әсия Сайлаубайқызы «Өлсем, орным қара жер сыз болмайды» өлеңін мәнерлеп оқуымен есте қалса, Нәсіпқали Таңатаров «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңімен көрінді. Гүлназ Ихсанова «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңін оқыса, ал Ақнұр Тайырова «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңін мәнерлеп оқуымен жұртшылықтың қошеметіне бөленді.

u

Абайдың қара сөздерінде Бақтыгүл Құмарова 14 қара сөзді оқыса, ұлттық киімдегі Нұргүл Дингилова 29 қара сөзіне тоқталды. Ұлттық киімдегі сары кимешекті анамыз Буфет Қуанышева 17 қара сөзін мәнерлеп оқыса, Ботакөз Қабиева 29 қара сөзді, ал Алтынай Мұхамбетова 1 қара сөзімен көпті тәнті етті. Байқау одан әрі «Әнді сүйсең, менше сүй» бөліміне ұласты. Қоғамдық-гуманитарлық бірлестік қыздары «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамылжыта шырқаса, Ж.Дүйсенғалиева мен Ұ.Қойбақова «Көзімнің қарасы» әнін сызылтты дерсің. Ұлттық киімдегі кәсіби еңбекке баулу және әлеуметтік бейімдеу пәндері бірлестігі Абай әндерінен попурри орындап, көпшіліктің ықыласына бөленгенін айта кетейік. Ж.Исмагулова «Көзімнің қарасы» әнін орындаса, ал математика, жаратылыстану пәндері бірлестігі «Желсіз түнде жарық ай» әнімен көрінді. Сұрақ-жауапта бірінші бірлестік Абай сөзіне өлең шығарса, екінші бірлестік эссе жазған екен. Енді бірі жыр арнап, тағы бірі нақыл сөздерін санамалады. Қойылған сауалдарға да мүдірмей жауап берді. Тіпті бастауыш сынып және түзету технологиясы бірлестігі «Абай-175» тортын пісіріп әкеліпті.

Атырау көмекші мектеп-интернат директоры міндетін атқарушы Ү.Қабазова байқауды қорытындылап, жүлдегерлерді марапаттады. Жүлделі 1 орынды бастауыш сынып және түзету технологиясы бірлестігі жеңіп алды. Жүлделі 2 орын кәсіби еңбекке баулу, кәсіп және әлеуметтік бейімдеу пәндері мен математика, жаратылыстану және танымдық пәндер бірлестіктеріне бұйырды. Жүлделі 3 орынды қоғамдық- гуманитарлық, тәрбиешілер бірлестіктері еншіледі.

Бір топ қызметкерлер аталымдармен марапатталды. Ф.Есқалиева «Үздік көшбасшы» атанса, А.Қазиева «үздік тұсаукесер» аталымына ие болды. Сонымен қатар Ж.Кенжегулова мен Ә.Тәжбентай «үздік көркемсөз шебері» атанды. Н.Дингилова мен А.Қайырова «үздік сөз зергері» аталымын иемденсе, Ж.Исмагулова мен Н.Таңатаров « үздік әнші» аталымын жеңіп алды.

А.Қуанышқалиева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT