Атырауда 300 орындық жаңа мектеп ашылды

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген 300 орындық Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің ашылу салтанатына қатысты», деп хабарлайды облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Салтанатты шарада өңір басшысы барша ұстаздар мен ата-аналарды, оқушыларды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. «Бүгін біз қаламызда тағы бір білім ордасын ел игілігіне беру салтанатына қатысып отырмыз. Заман талабына сай жаңғыруға қадам басқан еліміз білімді ұрпақ тәрбиелеуге ден қойып отыр. Өйткені, дамыған кез келген мемлекеттің басты байлығы — сапалы білім алған саналы азаматтар екенін көріп отырмыз. Сондықтан ұстаздар мен оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін бар жағдайды жасауымыз керек»,-деді.

Бірнеше жыл бұрын 1965 жылы іргесі қаланған Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп ғимаратының тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрғаны анықталған болатын. Сондықтан 160 орындық шағын мектепті бұзып, орнына заманауи білім ошағын салу міндеті туындады. Былтыр облыстық бюджеттен жаңа мектеп салуға 340 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 300 орындық білім ұясы өз мерзімінде тапсырылып отыр.

m

Ал осы аралықта бұл мектептің 67 мұғалімі мен 682 оқушысы уақытша басқа мектептерде оқуға мәжбүр болды. Олар енді заманауи талапқа сай салынған өздерінің жаңа мектептеріне кері оралды. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов атап көрсеткендей, қалада апатты жағдайда тұрған екі мектептің бірі — осы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп болатын. Енді жоғарыдағыдай проблемасы бар бір мектеп қана қалды. Сонымен бірге, бұл мектептің оқушылары оқып келген Исатай Тайманов атындағы орта мектептің үш ауысымда оқыту мәселесі де өз шешімін тапты.

«Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, апатты жағдайда тұрған соңғы мектептің де мәселесін шешеміз. Атап айтқанда, №1 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп орнына алдағы уақытта 160 орындық жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Ал қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақсатында 4 мектептің жанынан қосымша 120 орындық жапсаржай құрылыстары салынды. Бұдан бөлек биыл «Самал» ықшам ауданында 600 орындық, «Береке» ықшам ауданында 1200 орындық, Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылыстары салынуда. Атырау аймағы білімінің деңгейі алдағы жылдары жоғары көтерілеріне сенемін. Жыл сайын облыс бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталады»,-деген аймақ басшысы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын жақсартуды жалғастыратындарын айтты.Оның сөзінше, оқушыларды жаңа оқулықтармен қамту, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізіледі.

c

Салтанатты шарада жарты ғасырдан астам тарихы бар мектептің алғашқы түлегі, ардагер ұстаз Маруся Бітімәлиева сөз алып, өзі оқыған мектептің ұстаздарына жемісті еңбек тіледі. Ал, Жұмыскер шағын ауданының тұрғыны Серік Мұсағалиев жаңа оқу ғимаратын ауыл тұрғындары асыға күткенін, қиын жағдайға қарамай мерзімінде бітіргені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Өйткені, облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің өзі тамыз айының басында мектеп құрылысына арнайы келіп көрген болатын.

Қала басшылығы мен мердігерге және тиісті басқармаларға құрылыс жұмыстарын сапалы жасап, уақытылы бітуін қадағалап, қамтамасыз етуді тапсырған еді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова мен ардагер ұстаз Бөкен Ғұмар білім ордасының лентасын салтанатты жағдайда қиған соң шараға қатысушылар жаңа мектептің ішін аралап көрді. Айта кетейік, Ғ.Мұратбаев атындағы 300 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстарын «БатысСтройСервис-Атырау» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді. Нысанның құрылысы өткен жылдың шілде айында басталды. 2 қабатты мектеп ғимаратында физика, химия зертханалары, акт залдар мен алаңдар, асхана, жаңа үлгідегі технология, информатика, Stem-кабинеттерімен жабдықталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT