Жастар жылына байланысты Алмалы орта мектебінде «Жастар» клубының жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Сұлуфан Темірғалиқызы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Камшат Бекішқызы, Райхан Бағытжанқызымен бірлесе отырып, «Әлем бізге, біз әлемге керекпіз!» атты жас мұғалімдер апталығын өткізген болатын.
Апталық барысында «Жастар» клубының жетекшісі С.Темірғалиқызы «Мамандығым-мақтанышым» тақырыбында жас мұғалімдермен басқосуын өткізсе, одан әрі «Белсенді жас-болашақтың тұтқасы» тақырыбында жаңартылған білім беру мазмұны аясында жас мұғалімдер ықшам сабақтарын қорғап, өзара сынға түсті. Нәтижесінде жас мамандар жүлделі І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен, номинациялармен марапатталды.
Жас мамандар мүмкіндігі шектеулі үйден оқитын Айдана Жұмалиева мен Алихан Аманай деген оқушылардың үйлеріне барып, «Қамқорлық» акциясынан түскен қаражатқа сыйлық жасап, оларды бір қуантты. Сондай-ақ қызықты түрлі шаралар өткізді. «Қамқорлық» акциясына белсене қатысқан ауыл азаматтары Ахат Бесімбаев, Мұрат Бесімбаев сынды ағалардың қайырқомдығы, жомарттығы көңілге нұр сыйлады. Мұның өзі қайырымдылықтың үлкен-кішісі болмайтынын дәлелдегендей болды.
Сонымен қатар Атырау қаласындағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері гастрольдік сапармен Алмалы ауылына келіп, Айша атты бүлдіршінді рухани қолдау мақсатында мәдениет үйінде ауыл халқына «Бір түп алма ағашы» атты спектаклін қойды. Ал театр ұжымы қайырымдылықтан түскен бар қаражатты Айшаның емдік жолына ұсынған екен. Бұған да жас мамандар өз үлестерін қосып, ерекше белсенділік танытқанын айта кеткен абзал. Жақсылық жолындағы игі істерге Айшаның ата-анасы жүрегі жарыла қуанып, өз ризашылығын білдірді. Апталық соңы «Жүректен шыққан ақ жарма тілегім өзіңе, жас маман!» атты кездесуге ұласты.
А.ТЕКЕБАЙ