Ақ Жайықтың алтын қызы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» деп айтқан сөзі жарқын болашаққа апарар жолды меңзеп тұрғандай.

Шын мәнінде бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сондықтан олардың білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты болуы ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылады. Сондай болашағынан зор үміт күтетін шәкірттердің бірі-«Кемел келешек кілті-білімде» атты білім сайысының география пәні бойынша республикалық кезеңінен бірінші орынды жеңіп алған мемлекеттік білім грантының иегері, Қосарал орта мектебінің он бірінші сынып оқушысы Қуанышева Құралай Мақсотқызымен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында ашық пікір алмасу кеші өтті.

Аудан әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған шараны аудандық мәслихат хатшысы М.Мырзашев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.Слайд арқылы кеш қонағы Құралай Мақсотқызының байрақты бәсекелердегі жетістіктері көрсетілді. Әсіресе, облыс әкімі Н.Ноғаевтың қолынан жүлде алып тұрғандағы толқынысты сәті өміріндегі ең бір жарқын белесі ретінде естен кетпес, сірә. Білім бәсекесінде бірге бақ сынаған өзге достарының арасында да біздің Құралайдың шоқтығы биік көрінді. Бұған қалай сүйсінбессің! Құралай Мақсотқызы 2000 жылы 8 қарашада Махамбет ауданының Ортақшыл ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Қосарал орта мектебінің табалдырығын аттаған. Кішкентайынан бастап, өзінің білімге деген құштарлығының арқасында түрлі білім додаларында топ жарған. Мектептегі қоғамдық, тәрбиелік шараларға сыныпты ұйымдастырып, қашанда жеңіске жетелейтін көшбасшылық қасиетімен дараланған.Оқу озаты, "Алтын белгіге" үміткер. Ол көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Атап айтқанда, 2014 жылы республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сайысының жүлдегері, 2015 жылы аудандық ғылыми жобалар сайысынан өлкетану бағыты бойынша бірінші орын иегері, облыстан бірінші орын, Алматыда өткен ғылыми жобада еңбегі бағаланып, сертификат алған. Сонымен қатар, аудандық олипиадалар сайысынан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бірінші орын, облыстан бірінші орын алған. Ақтау қаласында өткен республикалық олимпиада турынан «Дарын» грамотасымен, бағалы сыйлықтармен марапатталған.

-Құралай «қабырғасымен кеңесе отырып» оқу жылының басында ҰБТ бойынша математика мен география пәніне таңдау жасады. Қазақ тілі мен әдебиетке де құштар еді,-дейді әңгімеге араласқан жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде үлкен жетістіктерге жеткен ұлағатты ұстаз Ж.Мұғауова, -Құралайдың басты қасиеті талабы зор, өз-өзіне сенімді. Қандай тапсырма алса, соны аса ыждағаттылықпен орындайды. Сабақ арасындағы үзіліс кезінде пән мұғалімдерін іздеп жүріп, қосымша көмек алады. Тың идеялар ұсынып, оны жүзеге асырғанша асығады. Аудандық мәслихат депутаты, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С.Шотпақов мамандық таңдауға ерекше мән беру керектігін айтып, қазіргі нарықты зерделеп, жоғары сұранысқа ие мамандықты игеру, ағылшын тілін меңгеру жөнінде ақыл-кеңесін айтты. Құралайдың бапкер ұстазы, 2016 жылы география пәні бойынша «Сарайшық тарихи этнографиялық кешенінің архитектуралық жобасы» атты ғылыми жобасына жетекшілік еткен ұстазы Э.Изтелеуова да шәкірті туралы жүрекжарды пікірін білдірді. Кездесу барысында сөз алған аудандық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Ахметова, «Нұр Отан» партиясыы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Әженов Құралайдың қадамына сәттілік тіледі. Қосарал орта мектебінде орыс тілі пәнінен дәріс беретін ұлағатты ұстаз, Құралайдың анасы А.Сағынова осынау есте қаларлық мазмұнды шараны ұйымдастырушыларға алғыс сезімін білдірді. Кездесу барысында З.Ешанова атындағы өнер мектебінің оқушылары әуелетіп ән салып, күмбірлете күй төкті. Кеш соңында ұрпаққа айтар ақылы мен көрсетер өнегесі мол аға ұрпақ өкілі, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері», 83 жастағы ардагер ұстаз, ақын Ә.Молдашев Құралайға бата берді. Кеш қонақтарына гүл шоқтары ұсынылды.

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT