Аудандық орталық кітапханада «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясына байланысты «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері Қази Лұқпанов, Бауыржан Кенжалиев, Мұрат Дюсешов, аудандық полиция бөлімінің инспекторлары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, кітапханашылар, кітапхана оқырмандары қатысты.
«Дөңгелек үстелді» аудандық орталық кітапхананың басшысы Шынар Орынбайқызы ашып, зорлық- зомбылыққа қарсы республикалық іс-шараға байланысты ауданымызда да акция жүріп жатқанын тілге тиек етті. Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Сансызбай Абатұлы зорлық-зомбылыққа байланысты заңның баптарына жеке-жеке тоқталды.
Көтеріліп отырған өзекті мәселеге байланысты ішкі істер органдарының ардагерлері Мұрат Жаңбырбайұлы, Қази Сүйеуұлы, Бауыржан Қабдолұлы да өз ойларын ортаға салды.
Аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Арайлым Абайқызы да көбінесе отбасында зорлық- зомбылық әлеуметтік мәселелерге байланысты туындайтынын, ішімдік ішіп алып, масаң күйде келіп, әйеліне ұрынып, оны соққыға жығатынын, зорлық-зомбылыққа байланысты 115 өтініш сотқа түскенін, ауданнан екі әйел, алты бала Атыраудағы дағдарыс орталығына орналасқанын айта кетті.
Қатысушылар тарапынан зорлық- зомбылыққа байланысты қойылған сауалдарға инспекторлар жауап берді. Кітапханашы Жанар Төлешова «Зорлық-зомбылықсыз әлем» атты кітап көрмесімен таныстырды.
«Дөңгелек үстелді» аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы- ның инспекторы А.Абайқызы қорытындылады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА