«Олимпке» бәс тігіп, ұтылған ақшаларды кері қайтарамыз!». Дәл осындай хабарламаларды қазір әлеуметтік желіден жиі көріп жүрміз. Елімізде жуырда ғана жаңадан қабылданған заңның күшімен ставкаға қойған сомасын қайтарып алып жатқандар расында бар ма? Бұл қалай? Өз аяғымен барып миллиондап ұтыс тігіп, кейіннен оны қайтарып бер деп өтініш жазу қисынға келмейтіндей көріне ме?
Жалпы елімізде, лицензиясы бар, заңды түрде тіркелген, қызметі реттелетін букмекерлік компанияларды бақылайтын – Қазақстанның Букемекерлер Қауымдастығы бар. Аталмыш ұйым ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде және Ұлттық Кәсіпкерлер палатасында ресми түрде аккредиттелген. «Қауымдастық мүшелері қосылып қазақстандық спорттық бәс тігу нарығының басым бөлігін алады және Қазақстандағы заңды букмекерлік кеңселерден түсетін барлық салықтың 90%-ын өндіреді» - делінген ҚБҚ-ның ресми парақшасында.
Жоғарыда атап өткен «Олимпбет» компаниясы да сәйкесінше осы қауымдастық құрамында бар. Әлем бойынша көптеген спорттық жарыстарға бәс тігуді жүзеге асыратын компанияның тұрақты клиенттері де жетерлік. Онлайн ойынның ошағында қомақты қаржысынан қағылып жатқандар да аз емес. Алайда, ағымдағы жылдың 9-қыркүйегінде күшіне енген «Лотореялар және лотореялар қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес: «букмекерлік к е ң с е л е р б о р ы ш к е р л е р д і ң бірыңғай тізіміндегі тұлғалардан ставка қабылдамауға міндетті», сонымен қатар, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-бабында: «тұтынушы заңнамаға сәйкес сапалы қызмет алуға құқылы. Заңсыз депозиттерді қабылдау және оларды қайтарудан бас тарту тұтынушының құқығын бұзады» делінген. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгінде бірыңғай реестрге тіркелген, есепшоты бұғатталған азаматтар қыркүйек айынан бері ойыннан ұтылған ақшасын алу үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгінуде. Әдетте, телефонға хабарлама болып келетін мұндай қызметтерді өз пайдасына жаратып, алаяқтық әрекетке барып жатқандар да аз емес екен. «Е-Өтініш» электронды порталы арқылы арыз беріп, заңды жауабын күткендер 3-10 күннің үшінде қомақты қаражаттарын қайтарып алған көрінеді. Қызмет көрсетудің дәл осы түрімен айналысып жүрген «А» есімді кейіпкеріміз бір күнде Қазақстанның түкпір-түкпірінен мыңдаған адам ортақ чатқа жазып, сауалдарын жолдап жатқанын айтты.
«Олимпбет»-тен басқа бұл жерде заңды тіркелген жеті букмекерлік компаниядан ақша қайтару процесі жүзеге асырылып жатыр. Басты шарты – клиенттің есепшоты бұғатталған және бірыңғай борышкерлер тізімінде болу керек. Тәжірибемнен көргенім – үш айда бәс тіккендердің арасында кемі 16 мың болса, ең көбі 18-200 млн теңгеге дейінгі сомаларды қайтарып алғандар бар. Алайда, соңғы уақытта заңдағы кейбір баптардың негізінде «Олимпбет» өтініштерді қабылдауды тоқтатып қойды. Басқа компаниялар әлі де есептесіп жатыр ,- дейді маман.
Иә, еліміздің Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті 2024 жылғы 15 қарашада таратқан баспасөз релизінде кейбір БАҚ және әлеуметтік желі қолданушылары қате түсініп, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде (ББТ) тұрған азаматтар букмекерлік кеңселерге аударылған қаражаттарын қайтарып ала алады деген жалған ақпарат таратқан. Комитет бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарады, — деп хабарлаған.
«Ойын бизнесі туралы» заңның 15- бабы, 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, ББТ-да тіркелген азаматтарға құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға толық тыйым салынған. Егер құмар ойындарға немесе бәс тігуге заңсыз қатысу анықталса, ойын бизнесін ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Алайда, бұл әкімшілік шаралар аударылған ақшаны мәжбүрлеп қайтаруды қарастырмайды. Комитет букмекерлік кеңселердің шоттарына аударылған қаражаттарды қайтарумен айналыспайды және мұндай қызмет көрсетуге уәкілетті емес. Егер қаражатты қайтаруға қатысты даулар туындаса, азаматтарға сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну керек. Азаматтық кодекстің 9-бабына сәйкес, сотқа шағымдану ұсынылады, - деп түсіндіреді ведомство.
Жалпы қолданыстағы заңның құмар ойындар мен букмекерлік кеңселердің жұмысына, ойын автоматтарына қатысты бұдан басқа да бірқатар талаптары бар. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілерден бастап, кәсіпкерлерге, блогерлерге, БАҚ пен көлік құралдарына осы тақырыпқа қатысы бар кез келген жарнаманы орналастыруға қатаң тыйым салынады. Бірінші рет ереже бұзғаны үшін: жеке тұлғалар – 60 АЕК, лауазымды тұлғалар – 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілері – 120 АЕК, орта бизнес субъектілері – 170 АЕК, ірі бизнес 400 АЕК айыппұл төлейді. Ал, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда: жеке тұлғалар – 170 АЕК, лауазымды тұлғалар – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілері – 250 АЕК, орта бизнес субъектілері – 350 АЕК және ірі бизнес 650 АЕК айыппұлды арқалауы әбден мүмкін.
Қоғамның дертіне айналған лудоманияны жеңудің қаншама жаңа әдісін ойлап тапқанмен, адамдарға өз нәпсісін жеңу әлдқайда қиынға соғып тұрған секілді. Букмекерлік компаниядан ұтылған соманы дауламас бұрын, сол жерге еркіңізбен барған өзіңізді тоқтатуды үйрену әлдеқайда заңды болмас па еді?
А.САТАЕВА