25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық- зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» халықаралық акциясы аясын¬да аудандық ауруханада «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» тақырыбында мазмұнды іс-шара өтті. Шараның мақсаты – тұрмыстық және цифрлық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер құқығы мен қауіпсіздігін күшейту.
Акцияны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев ашып, шараның мән- маңызымен таныстырды. Алғашқы сөзді аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы Айдос Сейтқазиев алып, әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар туралы статистикалық мәліметтерді ұсынды. Биыл бөлімге 112 хабарлама түскен, оның ішінде 19 адам әкімшілік қамаққа алынып, 21 жағдай бойынша ескерту берілген. Екі әйел мен алты бала дағдарыс орталығына орналастырылған.
Келесі кезекте аудандық Отбасын қолдау орталығының директоры Равиль Темірланов сөз алып, күрделі жағдайға тап болған отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстарды таныстырды. 9 ауылдық округті аралаған мобильдік топ 110 адамды қамтып, 41 отбасыға нақты көмек көрсетілгенін баяндады. Шара барысында қатысушылар емхана психологі Динара Каримқызы өткізген тренингтерге қатысып, ақпаратты дұрыс тарату және зорлық-зомбылық белгілерін тану жөнінде тәжірибелік кеңестер алды. Аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Арайлым Сапарғалиева:
– Зорлық-зомбылық – көбіне жасырын жүретін құбылыс. Әйелдер қорлық көрсе де айтуға ұялады, қорқады. Бұл – ең қауіптісі. Қазір заңнама қатаңдады, әйелдерге қатысты іс-әрекеттердің көпшілігі қылмыстық жауапкершілікке жатады. Біздің міндет – әрбір әйелдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан кез келген дабылға жауап беріп, отбасылық жанжалдың алдын алуға күш саламыз,- дейді.
А.Сапарғалиева сондай-ақ ауданда тіркелген нақты фактілерді атап өтіп, дағдарыс орталығының мүмкіндіктерін түсіндірді. Әйелдердің балаларымен бірге алты айға дейін паналай алатынын, қажетті әлеуметтік қолдауға ие болатынын жеткізді. Жиын соңында қатысушыларға зорлық- зомбылықтың алдын алу жөнінде жадынама таратылып, барлығы сары орамал тағып, өздерінің зорлық-зомбылыққа қарсы ұстанымын білдірді. Аудандық аурухана директорының орынбасары Айкен Базарғалиқызы ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, маңызды шараның жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Акцияны қорытындылаған Нұрғали Аруев отбасылық амандықтың маңызын атап өтіп: «Қоғамда зорлық- зомбылыққа орын болмауы тиіс. Әйел мен бала – біздің аманатымыз», – деді. Айта кетейік, акция 10 желтоқсанға дейін жалғасады және осы мерзім ішінде аудан көлемінде түрлі форматтағы түсіндіру, алдын алу жұмыстары өткізілмек.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА


