Жаратылыстану-математикалық бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиадасында ауданның жас талаптылары жарқырай көрінді. Биылғы білім бәсекесіне аудан¬нан бес оқушы қатысып, үшеуі жүлделі орын иеленіп, өңірдің абыройын асырды.
Физика пәнінен Есбол орта мектебінің 10 сынып оқушысы Ырысбек Мырзақуат күміс медаль алып, өз мектебінің ғана емес, бүкіл ауданның мақтанышына айналды. Ал Оңай Шонаев атындағы орта мектептен география пәні бойынша 10 сынып оқушысы Дильназ Қуанышқали және физика пәні бойынша 11 сынып оқушысы Шыңғыс Халил қола медаль иеленді. Бұл жетістіктер – ауыл жастарының білімге деген құштарлығы мен ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Жалпыкомандалық есепте Атырау облысы құрамасы жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, өңірдің білім саласындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Елордадан қуанышты хабар жеткен күні ауыл мектептерінің ауласы ақжарма қуанышқа толды. Жеңімпаз шәкірттерді ұстаздар мен оқушылар үлкен қошеметпен қарсы алып, мәртебесін көтерді. Бұл ауылдағы білім берудің деңгейі жоғары екенін көрсеткен айрықша сәт болды.
– Бұл жеңіс – тек менің емес, мені дайындаған ұстаздарымның, әркез қолдаған отбасым мен мектебімнің еңбегі. Ауылда жүріп те үлкен жетістікке жетуге болаты¬нын дәлелдегім келді. Алар асуым әлі алда. Бұл жеңіс маған одан әрі шабыт берді,- деп жас физик, олимпиаданың жүлдегері Ырысбек Мырзақуат өз әсерімен бөлісті.
Жүлдегерлермен қатар білім бәйгесіне қатысып, өз білімін сынаған оқушылар да назардан тыс қалмады. Есбол орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дина Сәлімжан география пәні бойынша сертификат алып, тәжірибе жинақтап оралды. Ал Оңай Шонаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Қарақат Бұрхан ин¬форматика пәнінен бақ сынап, бұл жолы жүлде алмаса да, жоғары ұпай жинап, болашақта биікке жететінін аңғартты.
Оқушылардың бұл табысына үлес қосқан ұстаздар – физика пәнінің мұғалімі А.Елеуішқызы, география пәнінің ұстаздары Е.Бауыржанұлы, Ы.Зәругүл, сондай-ақ информатика пәні бойынша шәкірт тәрбиелеп жүрген Ғ.Некесов өз еңбектерінің нәтижесін көріп, шәкірттеріне ризашылық көңілін білдірді.
Жеңімпаздарды ауыл болып қарсы алған сәт көпшілік үшін есте қаларлық тарихи оқиғаға айналды. Бұл – ауылдан шыққан жас өрендердің де биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдейтін жарқын көрсеткіш. Ауданымыздың білімді жастарының бұл жеңісі ауылдағы білім беру жүйесінің әлеуеті зор екенін білдіріп, алдағы жетістіктерге жол ашып отыр.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


