«Таза Қазақстан» акциясы қорытындыланды

Атырау облысында «Таза Қазақстан: табиғатқа тағзым – үздіктерге құрмет» жалпыұлттық акциясының қорытынды шарасы өтті. Бір жыл бойы жүзеге асқан экологиялық бастаманың қол жеткізген нәтижелері жан-жақты сараланып, табиғатты қорғауға үлес қосқан ұйымдар мен белсенді азаматтар марапатталды.

Шараға облыстық мәслихат депу¬таттары, эколог мамандар, қоғамдық ұйым өкілдері мен еріктілер қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін көтеру, табиғатты қорғауға үндеу және табиғат жанашырларының еңбегін бағалау. 

Экологиялық ахуалды жақсарту, аумақтарды тазарту, көгалдандыруды жандандыру, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен «Таза Қазақстан» акциясы өңірде жыл бойы жүйелі түрде атқарылып келді. Соның нәтижесінде Атырау облысында жыл басынан бері 165 гектар аумаққа 450 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 6 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылған. 

Осы жұмыстардың ішінде ерекше көзге түскен ұжымдардың бірі – «Алтын балық» бөбекжай-бақшасы. Мекеме аумақты абаттандыру, жасыл желекті көбейту және балаларға экологиялық тәрбие беру бағытында белсенділік танытып, Атырау облысы әкімдігінің Алғыс хатымен марапатталды. 

– Экологиялық мәдениетті бала кез¬ден қалыптастыру – әр педагогтің басты міндеті. Біз тәрбиеленушілерге табиғатты сүюді, оны қорғауды үйретуді ұжым жұмысының өзекті бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз. Еңбегіміздің еленуі алдағы жоспарларымызға үлкен серпін береді,- деді бөбекжай-бақша меңгерушісі Биғайша Еркінова. 

Сондай-ақ жиында аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ақжол Қонысбаев тұрғындарды тазалыққа бейжай қарамауға шақырды. 
– Тазалықты тек акция үшін емес, өзіміз үшін жасауымыз қажет. Қоқысты сырттан келіп ешкім шашпайды, ол – өз мәдениетіміздің көрінісі. Ата-аналар балаларын, ағалар іні-қарындастарын тазалық мәдениетін сақтауға тәрбиелеуі тиіс,- деді ол. 

Жиын соңында өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан мемлекеттік мекемелер, ұйымдар және белсенді азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. 


Қ.АЙТҚАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT