Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы»,- деген болатын.
Сонымен бірге, Президент ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты келешегі зор бағыттарға басымдық беру керегін жеткізген еді. Бүгінде облыстың аграрлық аймағы саналатын ауданымыздағы 30 шаруашылықта жылыжай көлемі 8 гектардан асты.
Қияр мен қызаңның дәмін тек тамыз-қыркүйек айларында ғана тататын мұнайлы өңірдің нарығын қазір шетелдік өнімдер басып алған. Бұған дейін Ресей, Өзбекстан және Ираннан тасымалданатын өнімді енді өз кәсіпкерлеріміз толтыруға талаптануда. Мемлекет қолдауымен жылыжай жұмысын қолға алғандардың алды жергілікті нарықтан өз орындарын ала бастады.
Жас кәсіпкер Қосаман Бөлекқали Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында 1000 шаршы метр аумаққа жылыжай салып, қиярдан мол өнім алып отыр. Қазіргі уақытта жылыжай ішінде қызу жұмыс жүруде. Сәуір айында өнімді жинап, аудан тұрғындарына ұсынбақшы. Қосаманның әкесі де 10 жылға жуық егін шаруашылығымен айналысқан. Жылыжай бизнесін 2015 жылы қолға алып, отбасылық кәсіптің көзін тапты.
– Атадан балаға жалғасып келе жатқан атакәсібіміз десек те болады. Жылыжай жұмысы көзге оңай көрінгенімен, меңгеру оңайға соқпайды. Күш-жігер, білім, ізденіс, ниет қажет. Басты мақсатымыз — аудан тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Қиярдың голландиялық «Северин» деп аталатын сортын егеміз. Себебі бұл сорт біздің жергілікті климатқа төзімді. Өнім 40-45 күнде пісіп- жетіледі. Жуырда ауданның дүкен сөрелерінен табылады деп сенемін,- дейді Қ.Бөлекқали.
Бүгінде Махамбет ауданында 300-ге тарта шаруашылық бар. Оның басым бөлігі егін егуге машықтанған. Сәйкесінше, биыл 4 кәсіпкер жылыжай құрылысын бастапты. Себебі оларға мемлекет тарапынан қолдау бар. «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс»,- деді Президент өз сөзінде.
Қосаман Бөлекқали «Orle» жобасына қатысып, көкөніс өсірудің жаңа дағдыларын, шағын бизнесті жүргізудің қыр-сырын меңгеру арқылы қаражатқа ие болған. Жобаны Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) «Шелл Қазақстан» компаниясы қолдаған.
– Алдағы жоспарымыз – жылыжайдың санын көбейтіп, сапасын жақсарту. Сонымен қатар өзге де жылыжай шаруашылығымен айналысып отырған шаруалармен тәжірибе алмасқымыз келеді. «Оrle» жобасына қатысу арқылы түрлі курстан өттік. Қиярды баптау, жылыжайдың қалыпты температурасын реттеу сынды теориялық сабақтарды практикада қолданып көрдік. Тағы бір айта кететін жайт, шағын жылыжай иелері бірігіп кооператив құруды да ойлап қойдық. Бұл – жауапты жұмыс. Сондықтан аудан кәсіпкерлерін, кәсіпке икемі бар азаматтарды жылыжай салуды қолға алуға шақырамын,- дейді кәсіпкер.
«Orle» – бұл шағын бизнес ашу үшін көкөніс өсіру және қолөнер бағыттары бойынша оқыту арқылы халықты экономикалық тұрғыдан қолдау жобасы. Әлеуметтік осал санаттағы әйелдер, жастар және ер адамдар тәлімгерлерден білім алып, өз ісін дамытуға инвестиция ала алады. «Orle» жобасының «Көкөніс өсіру» бағыты бойынша кемінде 6 сотық ауданы бар жер учаскесі немесе үйдің ауласында жылыжай орнатуға еркін орны болуы, судың қолжетімділігі сияқты талаптар қойылады. Талап үдесінен шыға білген кәсіпкерге серіктестер қолдау көрсетеді. Бұл жоба Махамбет және Мақат аудандарында ғана жүзеге асып отыр.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ