Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Фото: gov.kz

«Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, тіл әр халықтың жүрегі саналады.

Ата-бабаларымыз қаншама нәубет пен соғыстарда, ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, қуғын-сүргін кездерінде де тілі мен дінін жоғалтпай, халықтың тазалығы мен тектілігін қазіргі күнге жеткізген. Сондықтан тілдің тазалығын сақтау әрбір адам үшін өте маңызды. Тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Президент Жолда­уларында мемлекеттік тілді жан-жақты да­мытуды басты назарда ұстап келеді. Өткен аптада Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да осы тіл мәселесі көтерілді.

«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты бо­лып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне ай­нала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық... Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Ана тілін жақсы білу-әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың деп тегін айтпаған. Өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден алшақтап кетпейік, ағайын!» деген болатын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Ата Заңда айқындалғандай, елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі екені баршаға мәлім. Дейтұрғанымен, «туған тілімізге құрметпен қарап, оның қолданыс аясын кеңейту тек тіл жанашырларының ғана міндеті» сияқты көрінеді кейде. Егер мемлекеттік тілді дамыту мемлекет саясатының басым бағыты дейтін болсақ, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізудің маңызы басым. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуы­мыз мүмкін екендігін есте ұстаған жөн.

Қазіргі таңда “тіл үйренемін” деп талпынған адамға мүмкіндік көп. Яғни, түрлі курстар мен жеке сабақтар алуға болады. Технология дамыған заманда әлеуметтік желілер арқылы қай тілде болмасын онлайн видео кустарға қатысуға болады. Қандай маман иесі болма­сын тілді жетік меңгеру арқылы, кез келген мекеме орындарында қызмет етуге мүмкіндік мол.

Тәуелсіздігіміздің тірегі – ұлттың тілі. Тәңірдің адам баласына берген сыйы да осы тіл. Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр адамның бойына сіңген тіл. Ана тіліміз арқылы халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті өз халқын, атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенеді. Әркімнің тілге деген құрметін, өз анасына, өз ұлтына, өз От­анына деген құрметі деп білуге болады.

Сондықтан ана тіліміз қастерлі де қасиетті екенін ұмытпаған дұрыс. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту еліміздің саясатының басты бағыты бо­лып қала береді. Бұл бағытта көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Нәтижелері де жоқ емес. Мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолдану аясы едәуір кеңейіп келе жатқанын айтуға толық негіз бар.

Кезінде «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп Қадыр ақын айтқандай, қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді. Өзгенің құлы емес, өз еліміздің ұл-қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық.

Тіліміздің мәртебесі - еліміздің мәртебесі, ал тіл мәртебесі халықтың қолында. Тілді қаншалықты бағалап құрметтесек, соншалықты еліміздің еңсесі биік болмақ.

Қ.АЙДАРОВА

Сарытоғай ауылдық кітапханасының меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT