Қылышын сүйреген қыс қыр астында тұр.
Аумалы-төкпелі күздің ауа райы да шаруалар қауымына біршама қарасты. Жайма шуақта, ашық жарықта алдағы қысқа қапысыз қамданыс жасауға қолайлы жағдай туғаны-шаруагерлер үшін үлкен олжа. Осыған орай, алдағы қысқа дайындық барысын білу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы О.Мырзабаевпен тілдескен едік. Ол төмендегі мәліметтерді алдымызға жайып салды.
Аудан бойынша 2018-2019 жылдың мал қыстағына 14921 бас мүйізді ірі қара, 37112 бас қой – ешкі, 5395 бас жылқы, 3385 бас түйе малдары немесе 27413 шартты мал басы түсіп отыр. Осы төрт түлікке қажетті мал азығы 54476 тонна. Аудан бойынша биылға дайындалуға тиіс мал азығы 100 пайызға орындалып, 54476 тонна көлемде болды. Мал азығын дайындауға 35 механикаландырылған бригада жұмылдырылып, 79 ауылшаруашылығы техникалары, 131 адам жұмыс жасады. Биылғы жылы өз ауданымыздың аумағынан пішен дайындауға негізгі күш жұмсалды. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қазақы қағидаға сүйеніп, аяқ жетер жердегі бұрынғы шөп шығып жүрген көлдердің табандарын, орман алқаптарын, канал бойларын, Жайықтың арғы бетіндегі орақ салуға жарамды жерлерді, тоғайлықтарды аралап, пішен дайындау жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар көршілес Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы және өз облысымызға қарасты Қызылқоға ауданының Тайсойған аумағынан пішен дайындалды.
Аудан бойынша 31 қыстақ бар, онда 118 адам қоныстанған. Қыстақ басына тасымалданған жемшөп, азық-түлік қоры, жанар-жағармай жеткілікті мөлшерде. Қыстақтардың жол қатынасы және ауа райының қолайсыздығы мәселесін бақылау мақсатында ауылдық округ әкімдіктерінен толық мәлімет алынып отыр.
2017 жылы ірі сабақты мал азығын дайындап «Жайық», «Тымық», «Шабай», «Бірлік» «Қуатов А», «Жарасов Б», «Аружан», «Дастан», шаруа қожалықтары арқылы дайындалып, жергілікті тұрғындарға сатылды. Қалыптасқан дағды бойынша бұл үрдіс биыл да жалғасын табатын болады. Ауданда көлемі 3896 га шабындық жер, тоғайлықтардан - 96 га, суармалы жерден көлтабан -1340 га , жүгері мен жоңышқа егілген 1430 гектардан мал азығы дайындалды. Төрт түлік мал басына қажетті құрама жеммен Батыс Қазақстан облысынан ауданның жеке кәсіпкерлері тасымалдап, сұранысты толықтай қамтамасыз етіп келеді. Өткен жылы олар аудан елді мекендерін аралап, қолжетімді бағаға құрама жем сатуды ұйымдастырды. Алдағы жылы да аудан кәсіпкерлері өздерін тағатсыздана күтіп отыратын ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажына қарайласады деген сенімдеміз.
Жергілікті бюджеттерден субсидия төлеу ережесіне сүйеніп, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігін және сапасын арттыру мақсатында шаруашылықтардың ірі сабақты мал азығын дайындауға, сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеу үшін аудан бойынша 27 шаруашылыққа субсидия төленді. Мал қыстағын жоғарғы деңгейде өткізіп, мал басын аман сақтап, қытымыр қыстың қаһарына қажыр-қайратымызды жұмсап, қиындықтарды бірге еңсерейік дегім келеді.
Жазып алған: Н.ТЕЛЬМАН.