Ауданымызда өз кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар жетіп артылады.
Соның бірі – белгілі кәсіпкер Жеңісбай Досқайыров. Ол атадан балаға мирас болып келе жатқан, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған жан. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау – оның өмірлік ұраны. Ел арасында жүрген осындай мейірбан, жомарт, қайырымды жандардың туған жеріне, еліне, ауыл-аймағына, мұқтаж жандарға жасаған жақсылығын дәріптеуді мақсат еткен «Жомарт жүрек» жобасының «Жыл меценаты-2018» номинациясын биыл Ж.Досқайыровтың иеленуі аудан үшін зор мәртебе болып отыр.
Бұл номинация жерлесімізге аудандағы аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені және туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғаны үшін берілді.
Марапатты Атырау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Орақұлы табыстады. Облыс бойынша үздік меценат ретінде танылған Жеңісбай аға алдағы уақытта өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Б.СҮЙЕУОВА.