Ару қала Алматыда жастық шағымыздың керемет кезін өткізіп, жоғары оқу орнын аяқтап, қолымызға дипломымызды алып, елге келдік. Тәжірибесі жоқ, оқуды жаңа аяқтаған адамды қайдан мамандығына сай жұмысқа ала қойсын. Дүние есігін ашқаннан мұнайды көріп өскендей, сол саланың теориясын бақандай төрт жыл оқыппыз ғой...
ТІЛШІ БОЛУҒА ТҮРТКІ БОЛҒАН
Иісі мұрнымызға бармаса да, «ағайындардан ұят болады» деген желеумен оқудан да шықпай, басқасына да ауыспай, көппен бірге көк дипломды алдық. Содан не керек, ауылда қысқа дейін жатып, аудандық жұмыспен қамту бөліміне жұмысқа орналастым. Бір жылға жуық жұмыс істеп, мамандығыма сай қызмет табылған соң, Атырауға кеттім. Ол жақта да ұзақ тұрақтамадым. Алты айдан кейін ауылға келіп, сол кездегі аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлының жастармен кездесуіне бардым. Байқағаным, біраз жас сол кезде тұрақты жұмысқа зәру болып шықты. Оның ішінде мен секілді Алматыда оқығандар да бар. Әкімнің алдында сөз алғандар да біз болдық. «Ауылға жастардың тұрақтап қалуын реттеп, оларға бар жағдайды жасап, қолдан келгенше жұмысын тауып беріп, баспанамен қамту мәселесін шешу қажеттігін Президенттің өзі айтты ғой. Тегін оқытып, жатақханамен қамтыған Үкімет қаржысын «ауаға жіберген» болады емес пе? Кадрлық әлеуетті арттыру жөнінде ойласаңыз, аудан орталығынан жұмыс тауып беруіңізді сұраймыз» деп тарс-тарс етіп айта салдық. Әкім қол астындағыларға тапсырма беріп, мәселені жедел шешу қажеттігін айтып жатты. Қуанышымызға орай, көп ұзамай сол кездесуде сөз алған жастарға ауылдан жұмыстан табылды.
Маған «Жайық шұғыласы» газетінде өзіндік қолтаңбасы қалған Марат Батырұлымен қызметтес болу бұйырыпты. Облыстық «Атырау» телеаранасының аудандағы тілшілер қосынына таспалаушы, яғни оператор болып жұмысқа орналастым. Ұмытпасам, 2018 жылдың қарашасы болу керек. Қызмет ақысы атқарған жұмысыңа ғана төленді. Бір түсірілім үшін тілші 5 мың, оператор 3 мың теңгедей еңбекақы алады. Оның үстіне зейнетақы қорының «ұстап» қалатыны бар. Материалымыз эфирге өтіп, оны жан-жаққа таратып отырғанда, эфир соңындағы «Марат Сабырғалиев, Қазбек Айтқалиев» деген тандем әдемі үйлесіп-ақ кетті. Тегіміздегі «ғали» мен «қалиды» айтамын.
АЙНАЛАСЫН ДУМАНҒА БӨЛЕП ЖҮРЕДІ
Марат аға газетке құлаштай сермеп мақала жазып үйреніп қалған, телеарнаның басшылығынан талай мәрте ұрыс та естіп жүрді. Оған қарап жатқан Мәкең жоқ, арқасы қозып, шабыты шалқыса, тоқтату қиын. Әділдікті жаны сүйетін, жан баласын жамандамайтын, көңілі жас, аузын ашса жүрегі көрінетін ағамен қызметтес болғаныма қуанамын. Жастар орталығы екі қабатты жаңа ғимаратқа көшкенде бізге де сол жерден бір орын бұйырды. Бір материалды дайындау үшін бір-екі күн кетеді. Бәрі Мәкеңнің көңіл-күйіне байланысты. Кез келген адаммен әзілі жараса кететін, ерекше күлкісімен айналасын думанға бөлейтін бөлек қасиеті де бар. Орталықтағы тоңазытқыш ағамыздың әкелген сусындарымен, тағамдарымен толып тұрады. Ағаш баптау, егін егуге де әуес Мәкең екеуміз орталық ауласына шие, таңқурай, жүзім, алмұрт ағаштарын, қарбыз, қауын, картоп егіп, жастар бір қарқ болғаны бар. Қазір де сол жеміс ағаштары жылма- жыл өнім беріп тұрған көрінеді. Кейін белгілі бір себептермен Марат аға басқа қызметке ауысты да, маған операторлық қызметпен қатар тілшінің штатын алуға тура келді.
«Сабырғалиевтың сара жолын» жалғап, әлі де келе жатырмын. «Жайық шұғыласы» газетіне жұмысқа орналасқан мезгілде ақылшы ағамның бірі болды. «Жазу мәнерін қалай қалыптастыру керек?, «Кімді оқу керек?» деген сынды сұрақтарға нақты жауап беретін. Өзінің алғашқы ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген Дәулет Зәленовтің арқасында әдебиетке, шығармашылыққа жақын болғанын үнемі айтып жүреді. Зейнеткерлікке әлдеқашан шықса да кітапты, газет- журналды оқудан қол үзген емес. Демалыс күндері қармағын алып, балыққа шығатыны тағы бар. Сәті түсіп жатса, әңгімесін тыңдау үшін Жайық жағалауына бірге шығамыз.
ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАН ҚОЛ ҮЗБЕЙ КЕЛЕДІ
Өмірбаянына қысқаша тоқталар болсақ, Марат Батырұлы 1954 жылы 25 қыркүйекте Сарытоғай ауылында дүниеге келген. 1973 жылы сол ауылдағы орта мектепті тәмамдап, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Әскери сүңгуір кемешілер құрамасынан 1976 жылы босатылады да, сол жылы Мәскеу қаласындағы кеңестік орталық газеттердің шет елдердегі тілшілерін даярлайтын факультетіне «тыңдаушы» болып қабылданады. Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің шақыртуымен «Малды өңір» (қазіргі «Жайық шұғыласы» газетіне) әдеби қызметкер, кейін бөлім меңгерушілігіне тағайындалады. Куйбышев (бүгінгі Самара) қаласындағы баспахана мамандарын даярлайтын техникумына 1978 жылы түсіп, 1982 жылы бітіреді.
Газеттегі қызметті 1985 жылы Алматы Жоғары Партия мектебінің күндізгі бөліміне тыңдаушы болып қабылданғанға дейін атқарады. Партия мектебін 1989 жылы тәмамдап, аудандық «Жайық шұғыласы» газеті жанындағы радио бөлімінің меңгерушісі, аудандық халық депутаттары Советі Президиумы аппаратына аға референт, мәслихат депутаттары жиналысы аппаратына аға референт, бас маман, 1995-1997 жылдары аудан әкімі аппаратының қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі, 2000 жылға дейін осы бөлімде бас маман, сол жылдан аудандық мәслихат аппаратында бас маман лауазымдық қызметте болып, сол мекемеден 2017 жылы зейнет шығады. Еңбекте шыңдалып қалған Марат аған үш жылға жуық облыстық «Атырау» телеарнасының Махамбет ауданы бойынша меншікті тілшісі қызметінде болды. Бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде.
1985 жылдан «СССР», 1993 жылдан «Қазақстан журналистер Одағының мүшесі». Тұңғыш қаламгерлік қадамын «Марат Құзайыров» деген есіммен бастайды. Очерк, суреттемелері республикалық «Үшқоңыр», «Ардагер айнасы», «Ана тілі», «Ардақты ардагер», «Ардагер тынысы» газет-журналдарында, ұжымдық кітаптарда жарияланып келеді. Ұзақ жылғы еңбегі Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғысы», «Астанаға – 10 жыл», 2019 жылы «Мәслихаттарға – 25 жыл», аудандық «Жайық шұғыласы» газетіне – 80 жыл» төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен», Хиуаз Доспанова атындағы медальмен бағаланған.
P.S. Айтпақшы, жаны жайсаң ағамыз биыл 70 жасқа толады. Жетпістің желкеніне шығатын жан әлі де тың. Қоғамдық жұмыстан қолы қалт ете қалса, бау-бақшасын баптап, кітабын жазып, шығармашылығын шыңдауға уақытын арнайды. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай жазылып жатқан материал болғандықтан Марат ағаның мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысын кеңірек жазбадық. Ол салада да сіңірген еңбегі зор. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп, нағыз кеңес адамының рөлінде жүретін Марат ағама қажымас қайрат, зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ