Кейінгі жылдары елде мопед, электросамокат, велосипед сияқты шағын көлік құралдары көбейіп кетті. Тіпті ауыл ішінде де жасөспірімдердің, кәмелет жасына толмаған жеткіншектердің жол бойында мопедпен жүргенін жиі көреміз. Басқаруға оңай, бағасы арзан көлік құралының бұл түрін баласына алып беріп отырған ата-аналар біз төменде келтіретін фактілерді ескерсе дейміз. Себебі, бұл балаңыздың өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты.
Жаз айлары басталғанда базардағы, түрлі электр тауарларын сататын дүкендердің саудасы қыза түседі. Себебі, мектеп жасындағы балаларына электросамокат, мопед алып беруші ата-аналар кезекте тұр. Ал ешқандай құжатсыз, кәмелет жасқа толмаған, жол жүру ережесін білмейтін баласының электрлі көлік құралдарын тізгіндеу салдары қандай боларын болжай да алмайды.
Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 31 тамыздағы бұйрығы бойынша жолда жүру ережелері «электросамокат» және «шағын электрлі көлік» ұғымымен толықты. Заңға сәйкес электросамокат жүргізушілерінің жүру жолағы мен жылдамдығы да бекітілді. Бірақ, жаңарған жол ережесінде мопедшіге веложол, веложолақ, жол жиегі, тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Яғни мопедші автомобиль жолымен ғана жүре алады. Мұны біздің жол бойында желдей жүйткіген мопедшілер мен олардың ата-анасы біле ме?
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қозғалтқыш көлемі 50 кубтан аспайтын мопедтерді тіркеп, мұндай көлік құралын жол ережесіне енгізуді ұсынған. Ұсыныс қабылданса, ең бастысы, мопедті 16 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар адам ғана жүргізе алады. Сонымен қатар мопедшілерге арналған бірнеше қауіпсіздік шараларын ескеру де ұсыныс қатарына қосылған.
Жыл басынан бері Атырауда мопед жүргізушілерінің кінәсінен 17 жол-көлік оқиғасы орын алған. Оның ішінде мопедшіні мерт еткен апаттар да аз емес.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «22 маусымда Атырау қаласының маңындағы Водник шағын ауданында автокөлік пен мопед соқтығысып, салдарынан мопедтің жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Көз жұмған марқұмның жасы – 20-да». Ал, сәуір айында мопед пен автокөліктің соқтығысынан 2006 жылғы мопед жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Айдың күні аманында баламызды қуантамыз деп, өміріне қастандық жасап отырған жоқпыз ба? Бала түгілі, ересектердің өзі айыппұл арқалап, жарақат алып алып жатқан жол-көлік оқиғалары жетерлік. Заңның да солқақтығы сол, мопед жүргізушісі жеткіншек, жасөспірім, мектеп оқушысы болса да, жол ережесін бұзғаны үшін ескертумен немесе ата-анасына салған айыппұлмен шектеледі. Заң күшейсе ғана жауапкершілікті сезіп, болмаса бұға салуды қашан қоямыз? Ата-аналар мопедке тыйым салатын заңды күткенше, кәмелетке толмаған баласына оны сатып алып беруді тыйса, игі болар еді.
А. ҚАНАТБАЙҚЫЗЫ