Баспахананың соңғы директоры

Фото: furrloveov.best

Газет шығару ісі туралы айтқанда, баспахана жайлы айтпау мүмкін емес. Газеттің 1941 жылғы 19 наурыздағы алғашқы саны Таңдай селосынан Махамбетке көшіріліп әкелінген баспахана құралдарымен шығарылған. Ол кезде әріп терушілер мен баспашылар Әдемі Иманғалиева, Бижан Байбосынов, Бердімұрат Тұмышев болды. Ал аудандық баспахананы әр жылдары Сүндетқали Дәулетияров, Сапар Бақытов, Төлеубай Қалиев, Жамал Бекешев, Санат Сабырұлы басқарды. Соның ішінде баспахананың ең соңғы директоры болған Санат Сабырұлы жайында айтатын боламыз.

Санат Сабырұлы 1966 жылдың 28 шілдесінде Новобогат ауданы Тұщықұдық елдімекенінде дүниеге келген. Ата-анасының қызмет ба­бымен Махамбет ауданының Зау- рал кеңшарына қоныс аударып, 1983 жылы Фурманов атындағы орта мектебін тәмамдайды. Сол жылы Гурьев педагогика институтының «Тарих, қоғамтану және құқық пәні» мамандығы бой­ынша оқуға түседі. Жоғары оқу орнының түлегі мемлекеттік жол­дамамен Қостанай қаласындағы педагогикалық училищесіне та­рих және құқық пәні мұғалімі қызметіне жіберіледі. Одан кейінгі жылдары туған өлкесіне қайта ора­лып, білім беру ұйымдарында, 1995- 1998 жылдары аудандық жастар ісі, туризм және спорт басқармасының басшысы қызметін де атқарған. «Бизнес класс» ЖШС мекемесінде директорлық қызметінде жүрген Санат Сабырұлы 2000-2003 жыл­дары Махамбет ауданы әкімі болған Ұ.Елеубаевтың ұсынысымен және облыстық полиграфия бірлестігінің бас директоры Б.Дәулетовтың келісімімен Махамбет аудандық баспаханасына директор қызметіне тағайындалады.

- Өзіме тапсырылған міндетті, яғни «Жайық шұғыласы» газетін заман талабына сай компьютерде теріп, беттеуді қолға алып, 2000 жылдың 8 наурызында алғашқы мерекелік саны шығарылды. Жо­спар бойынша 22 наурызда шығуы керек еді. Баспахананы толық модернизациялауға күш салып, жаңа технология енгізуге бағыт алғанда оны алматылық «Асар» компаниясы сатып алып, ғимараты «Қазақтелекомға» берілді. Сөйтіп, баспахана өз жұмысын тоқтатты. Әріпті компьютерде Алмагүл Сұлтанова теріп, дизайнер Назым Сәменова беттеді. Сол жылғы сәуір айынан бастап газет «Ақ Жайық» ЖШС баспаханасынан теріліп, беттеліп, басылып шықты, - дейді баспахананың соңғы директоры С.Сабырұлы.

Ол 2004 жылдан бастап Атырау аграрлы-техникалық колледжіне қызметке орналасып, күні бүгінге дейін аталған колледжде бөлім меңгерушісі болып еңбек етуде. «Қазақстан тарихы», «Саясаттану», «Философия», «Әлеуметтану» пәндерінен қосымша сабақ береді. Кейіпкеріміз «Халық қаһарманы Б.Момышұлы», «Ави­ация генерал май­оры Т.Бигелдинов», « Армия генералы С.Нұрмағамбетовтың», « Отан патриоты » төсбелгілерінің және ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, облыс әкімінің Алғыс хаттарының иегері.

Санат Сабырұлының жұбайы жоғарыда аты аталған Алмагүл Сұлтанова да баспасөз саласында қызмет атқарған. Отбасында екі ұл, екі қыз өсіріп тәрбиелеген.

Баспахана жұмысы тоқтаған соң, аудандық газет 2001 жылдың сәуір айынан бастап «Атырау- Ақпарат» ЖШС ба­спаханасынан шығып келеді. Сол кезде дизайнерлік жұмысты Сәуле Тәжбентай мен Ра­фаэль Салауатов атқарған болса, қазіргі таңда газеттің бет құрушы маманы – Гүлфара Қисина. Кезінде полиграфиялық безендірілуіндегі жетістіктері үшін Қазақ ССР ба­спа, полиграфия және кітап сау­дасы жөніндегі комитетінің дүркін- дүркін жоғары марапаттарына ие болғанын да айта кеткеніміз жөн.

Аптаның бес күнінде қыж- қыж қайнаған қазанның ыстық- суығына бірдей төзген баспа­хана қызметкерлерінің сол жылдардағы ерен еңбегі өлшеусіз. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде олардың есімдерін атап өтсек, артық болмас деген ойдамыз. Мұндағы әріп теруші, бет құрушы, баспа машинисі жұмыстарын Мәдина Мұқанбетқалиева, Сұлуқыз Қашауова, Тәт ікей Бисенғалиева, Иба Суханова, Сұлуқия Ысмағұлова, Ләтипа Темірғалиева, Ақсұлу Халидуллина, Өкила Шәріпова, Күміс Дәулетова, Дина мен Зина Бердімұратовалар, Оңай Қашауова, Сағида Томанова, Гүлшат Ізбасарова (Өтеғалиева), Дариға Жұмағалиева, Ақмарал Рысқалиева, Әлия Нұрғазина, Балым Қапиева, Нәсіпхан Тұрдығалиева, Нұрасима Ибрагимова, Гүлайна За­йтова, Сақыпжамал Сағындықова секілді полиграфистер атқарды. Ұзақ жылдар Галя Есенғалиева есепші болды.

2021 жылы «Жайық шұғыласы» газетінің 80 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Газет пен баспаханада қызмет еткен байырғы қызметкерлердің еңбегі еленіп, төсбелгі, Алғыс хаттарға ие болды. Сондай ақ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, белгілі журналист  Тарас Наурызәлінің «Қанатты қатайтқан қара шаңырақ» атты кітабы жарыққа шығып, тұсауы кесілді. Газеттің тарихынан сыр шерткен аталмыш еңбекте бәрінің де есімі жазылған. Кейбір деректер сол кітаптан алынды.

Б.МӘЛІКҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT